Accessibility links

"Бас кандидаттың" кезекті жеңісін бекітетін сайлау


Владимир Путин сайлау учаскесінде. Мәскеу, 18 наурыз 2018 жыл
Владимир Путин сайлау учаскесінде. Мәскеу, 18 наурыз 2018 жыл

Ресей сайлаушылары наурыздың 18-і күні дауыс беріп жатқан ел президенті сайлауы бұған дейін осы қызметте үш мерзім отырған "негізгі кандидаттың" кезекті жеңісімен аяқталатынына ешкім күмән келтірмейді.

Бұл жолғы Ресей президенті сайлауы Мәскеудің Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алғанына төрт жыл толған күні өткізілді. Мәскеудің Қырымды өзіне қосып алып, Сириядағы жанжалға килігуін мемлекет бақылауындағы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары билікте отырған 65 жастағы Владимир Путиннің беделін асқақтатқан үлкен жетістік ретінде сипаттайды. Әйтсе де соңғы кезге дейін сайлауға дауыс беруге келетіндер саны Путиннің жеңісі шүбәсіз екенін дәлелдейтіндей мөлшерге жете ме деген сауал төңірегінде түрлі пікірлер айтылып келген.

Жексенбі күні бұған дейінгі сайлаулардағы әдетінен жаңылмай Мәскеудегі Ресей ғылым академиясы ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін Владимир Путин президент міндетін атқаруына мүмкіндік беретін дауыс саны қанша болса да көңілі толатынын мәлімдеді. "Елге ұсынған бағдарламамның дұрыстығына сенімдімін", - деді ол.

Ресми мәліметтерде бұл жолғы сайлауда Қиыр Шығыста дауыс беруге қатысқан сайлаушы саны 2012 жылғы президент сайлауындағы көрсеткіштен асып түскені айтылған. Камчатка мен Чукоткада бірнеше ауылда сайлаушылар түгелдей дауыс берген. Хабаровск өлкесінде жергілікті билік сайлаушыларды дауыс беруге ынталандыру үшін азық-түлікті арзан бағамен сатуды ұйымдастырған.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, президент сайлауына дауыс беруге сайлаушылардың шамамен 60 пайызы қатысқан. Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды жақтайтын бақылаушылар шынайы көрсеткіш бұдан төмен – 55 пайыз дейді. Ресми дерек бойынша, бұның алдында 2012 жылы президентті сайлауға дауыс беру құқығына ие ресейліктердің 65 пайызы қатысқан.

Сайлау аяқталғаннан кейін дауыс санап жатқан учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері. Сахалин, Ресей, 18 наурыз 2018 жыл
Сайлау аяқталғаннан кейін дауыс санап жатқан учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері. Сахалин, Ресей, 18 наурыз 2018 жыл

Билік бұл сайлауға кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары сайлаушыларды дауыс бергізу үшін сайлау учаскелеріне ұйымдастырған түрде жаппай алып келіп жатқаны туралы хабарлаған.

Қиыр Шығыста дауыс беру басталып кеткеннен кейін бірнеше сағаттан соң Мәскеудегі сайлау учаскелері ашылды. Ресейдің орталық және солтүстік-батыс аймақтары мен Солтүстік Кавказда сайлау учаскелері де Мәскеу уақытымен таңертеңгі сағат 8-де жұмысын бастады. Ал елдің батыстағы шеткі аймағы - Калининград облысында сайлауға дауыс беру өзге өңірлерден кеш басталып, ең соңында аяқталады. Содан кейін президент сайлауының алғашқы алдын ала нәтижелері белгілі болмақ.

Сайлау барысына тәуелсіз бақылау жүргізетін "Голос" қозғалысы жексенбідегі дауыс беру барысында бұрмалаушылықтарды тіркеген. Мысалы, кей сайлау учаскелерінде бейнекамералар сайлау жәшігінен тым алыс орналастырылған, сайлаушылар тізіміне соңғы сәтте толықтырулар енгізілген. Бақылаушылар бұл "дауыс бергендер санын көбейту" мақсатымен жасалған амал болуы мүмкін дейді.

Ресейдегі сайлау Мәскеу мен Батыстың қарым-қатынасы нашарлаған кезде өтіп жатыр. Лондон Мәскеуді Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызын Ұлыбританияда жүйкені жансыздандыратын затпен улауға қатысы бар деп айыптаған.

Бұған қоса наурыздың 15-і күні АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды кеңейтіп, 2016 жылғы Америкадағы президент сайлауына Мәскеудің килігуіне байланысты ресейлік компаниялар мен жекелеген адамдарды "қара тізімге" кіргізді. Бірақ сырт елдермен арадағы бұл шиеленістер Ресейдің өз ішінде Путиннің "анталаған сыртқы жаулардан елді қорғайтын кемел басшы" имиджін нығайта түседі.

Ресей президенттігіне кандидат сегіз адам
Ресей президенттігіне кандидат сегіз адам

2018 жылғы Ресей президенті сайлауына қазір осы қызметте отырған Владимир Путинмен бірге Сергей Бабурин ("Российский общенародный союз" партиясынан), Павел Грудинин (Ресей Федерациясы коммунистік партиясынан), Владимир Жириновский (Ресей либерал-демократиялық партиясынан), Ксения Собчак ("Гражданская инициатива" партиясынан), Максим Сурайкин ("Коммунисты России" партиясынан), Борис Титов ("Партия роста" саяси ұйымынан) және Григорий Явлинский ("Яблоко" партиясынан) түскен.

Қоғамдық пікірлерге жүргізілген сауалнама қорытындылары Путинмен бәсекелес ретінде сайлауға түскен өзге жеті кандидат "негізгі үміткерден" көш бойы қалып қойғанын көрсеткен. Ресей Федерациясы коммунистік партиясының кандидаты Павел Грудининге дауыс беруге сайлаушылардың 7 пайызы ыңғай танытса, тележүргізуші Ксения Собчакты қолдағандар небары 2 пайыз ғана.

Кремльге жақын саналатын ВЦИОМ дерегі бойынша, сайлаушылардың 69 пайызы Владимир Путинді президенттікке лайық деп санайтындарын білдірген. 2017 жылдың соңында Gallup жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, ресейліктердің 80 пайызы Путиннің билікте қалуын жақтап, 40 пайызы Ресейде сайлау әділ өтеді деп сенетіндерін айтқан.

Ресей президенті сайлауына қатысып жатқан өзге кандидаттар арасында – ұлтшылдық сарындағы сөздерімен танымал Владимир Жириновский, ұлтшыл Сергей Бабурин, "Ресей коммунистері" партиясынан Максим Сурайкин, центрист Борис Титов және либерал саясаткер Григорий Явлинский бар.

Кей сайлаушылар Путинге әлуетті бірегей бәсекелес деп санайтын оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Билік оның сотты болғанын алға тартты, алайда көпшілік жұрт Навальныйға тағылған айып ойдан құрастырылған және саяси астары бар деп санайды. Қазіргі саяси науқанды "Путинді қайта сайлау" деп атайтын Навальный жақтастарын бұл сайлауға бойкот жариялауға шақырған.

Ресей орталық сайлау комиссиясы жетекшісі Элла Памфилова. Мәскеу, 18 наурыз 2018 жыл
Ресей орталық сайлау комиссиясы жетекшісі Элла Памфилова. Мәскеу, 18 наурыз 2018 жыл

Кремль мен жергілікті билік орындары тұрғындарды сайлауға дауыс беруге ынталандыру үшін ескі әдіс-тәсілдерге де жүгінді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Хабаровск өлкесінде жергілікті шенеуніктер сайлау учаскелерінде жұмыртқа, қалбырдағы көк бұршақ, мұздатылған балық тәрізді азық-түлік өнімдерін дүкендегіден 10-30 пайыз арзан бағамен сатуды ұйымдастырған.

Навальныйдың жақтастары сайлаушылардың дауыс беруге қатысуын бейресми бақылаған өкілдері (кейбірі кедергілерге тап болған) жинастырған деректердің ресми мәліметтерден көп айырмашылығы жоқ екенін, алайда "әр аймақта" сайлау учаскелеріне дауыс беруге жұртты ұйымдастырған түрде әкеліп жатқаны байқалғаны туралы мәлімдеген.

Ресейлік басылымдар Кремльдегі дереккөздеріне сілтеме жасап, үкімет дауыс беруге қатысатын сайлаушы саны 70 пайыздан кем емес және олардың 70 пайызы Путинді қолдау дауыс беретін болсын деген мақсат қойғаны туралы жазады.

Сайлау өткен кезде елде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Билік Мәскеуде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге полиция, жекеменшік күзет қызметкерлері мен еріктілерден 17 мың адам жұмылдырылады деп жариялаған. Сайлау учаскелерін полиция арнайы үйретілген итпен тексеретіні хабарланды.

Орталық сайлау комиссиясы Алексей Навальныйдың тәуелсіз бақылаушыларына аккредитация беруден де бас тартқан. Сондай-ақ, осыған дейін бірнеше сайлауға қатысқан "Голос" үкіметтік емес ұйымының тәуелсіз бақылаушыларын "Молния" басылымы атынан тіркемей қойған.

Сайлауалды науқан байсалды өтті, Путин оған қатысудан формалды түрде бас тартты. Өзге кандидаттар жалпыұлттық телеарналар арқылы өткізілген бірнеше "дебатқа" қатысып, өзара айтысып-тартысты.

Наурыздың 18-і күні өзге елдерде тұратын Ресей азаматтары да дауыс беруге қатысты. ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігі Антарктидадағы поляр станциясында жұмыс істеп жатқандар "боран, қар, күшті жел мен дауылға" қарамастан сайлау учаскесіне барғаны туралы хабарлады. Ресей Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Элла Памфилованың қанша адам дауыс бергені туралы сұрағына Беллинсгаузен поляр станциясындағы сайлау учаскесінің басшысы: "Жақсы. Бәрі келіп, дауыс берді" деп жауап қатты.

ВИДЕО: Қазақстанда Ресей президенті сайлауына дауыс берушілер

Дауыс беру үшін кезекке тұру
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

Қазақстанда тұратын ресейлік азаматтар наурыздың 18-і күні президент сайлауына елде ұйымдастырылған 18 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ресей Қазақстаннан жалға алған Байқоңыр ғарыш айлағындағы Байқоңыр қаласында жеті сайлау учаскесі жұмыс істеді. Алматыдағы Ресей бас консулдығына таңертең дауыс беруге келген сайлаушылар ұзын-сонар кезекке тұрды. Ресей сыртқы істер министрлігі дерегінше, Қазақстанда 73 мың ресейлік тұрады.

Билік басында 1999 жылдан бері отырған Путин осы жолы президент болып қайта сайланса, қызмет өкілетінің мерзімі аяқталатын 2024 жылы 71 жасқа келмек. Ресей Конституциясы бойынша, Путиннің қатарынан екі мерзімнен артық бұл қызметке қайта сайлануға құқы жоқ. Бірақ ол билікті сақтап қалу үшін өзге амалдарды қолдануы да мүмкін. Мысалы, бұған дейін 2000-2008 жылдар аралығында қатарынан екі мерзім Ресей президенті болып сайланғаннан кейін Путин орнын Медведевке босатып беріп, өзі төрт жыл бойы премьер-министр қызметін атқарғаны, ал 2012 жылы президент болып қайта сайланғаны мәлім.

Путиннің қарсыластары ол биліктегі жаңа мерзімінде қандай жұмыстар атқаратыны туралы егжей-тегжейлі бағдарламасын ұсынбады, наурыздың 1-індегі жолдауында да алға қойған мақсаты жайлы аз айтты дейді. 2012 жылғы сайлаумен салыстырғанда, биылғы сайлауда Путин өзінің және командасының алдына қоятын іс-міндеттері жоспарын ақпарат құралдарында жариялаған жоқ.

XS
SM
MD
LG