Ресей билігі радикалдардың Сирияға кетуіне септескен

Түрік полицейі содырлар құрамына қосылған Ресей азаматын әкеле жатыр. (Көрнекі сурет)

Төрт жыл бұрын Сааду Шарапудинов іздеуде болды. Тыйым салынған әсіредіншіл топтың өкілі ретінде ол Солтүстік Кавказдағы орманда жасырынып жүрді. Әскери патруль оны таба алмады, ал ол Мәскеуге қарсы «ғазауат» ашу жоспарын ойластырды.

Бірақ кейін оның тағдырында күтпеген өзгеріс болды. 38 жасар Шарапудинов Reuters агенттігіне 2012 жылдың соңында ресейлік арнайы қызмет өкілдері оған ерекше ұсыныс жасағанын айтқан. Егер ол Ресейден кетуге келіссе, ресейлік билік оны тұтқындамайды. Тіпті елден кетуге өздері көмектеседі.

«Қарулы жасақпен бірге жасырынып жүрдім. Қару-жарағым бар еді» дейді Шарапудинов Ресейден тысқары аумақта берген сұхбатында. Билік оған мәмілеге келуді ұсынған. «Олар сло кезде маған сенің елден кеткеніңді қалаймыз деді» дейді содыр.

Шарапудинов кетуге келіскен. Бірнеше айдан соң оған басқа есім жазылған жаңа паспорт пен Стамбулға ұшақ билетін әкеліп берген. Ұшақ Түркияға қонған соң ол Сирия шекарасынан өтіп, содырларға қосылған. Сөйтіп ол «Ислам мемлекеті» (ИМ – ред.) содырлар ұйымына адал болуға ант берді.

Reuters агенттігі Ресейден кеткен тағы басқа бес әсіредіншілді тапты, олардың туыстары мен жергілікті шенеуніктердің айтуынша, бұл адамдар да Ресейден биліктің тікелей көмегімен кетіп, Сирияға жеткен. Шарапудинов те, әсіредіншілдердің туыстары да, қазіргі және бұрынғы шенеуніктер де «бұл адамдардың Ресейден кетуіне Мәскеу мүдделі болды» дейді. Олардың сөзінше, «Мәскеу террорлық шабуылдар қаупін азайтқысы келген, сондықтан арнайы қызмет пен полиция содырлардың елден кетуіне ықпал еткен».

Шенеуніктер мен елден кеткендер туыстарының айтуынша, мұндай шаралар кем дегенде 2014 жылға дейін болған. Куәгерлер жауабы Сочи олимпиадасы алдында осындай әрекеттің жиі болғанын көрсетеді, бұл кезде ресейлік билік елдегі әсіредіншілдер жарыс кезінде шабуыл жасайды деп қорыққан.

Reuters агенттігі тапқан алты ресейлік содырдың бәрі Сирияға барған, олардың көбі «жиһадшыл топтар» құрамына қосылып, Ресейдің қас дұшпанына айналған. Бұл радикалдардың елден кетуін көрсететін мысалдың бірі ғана. Өткен жылдың соңында Террорға қарсы ұлттық комитет отырысында Ресейдің Федералдық тергеу бюросы (ФСБ) директоры Александр Бортников мәлімдегендей, 2015 жылдың желтоқсанына қарай шамамен 2900 ресейлік Таяу Шығысқа соғысуға кеткен. Ресми деректер бойынша, олардың 90 пайыздан астамы Ресейден 2013 жылдың ортасына қарай кеткен.

Халықаралық дағдарыс тобы тәуелсіз ұйымының аға сарапшысы Екатерина Сокирянская «Орыс тілі – ИМ ішінде араб және ағылшын тілінен кейінгі үшінші тіл. Ресей оларды содырлармен қамтамасыз ететін мемлекет. Олимпиадаға дейін ресейлік билік елден кетуге қарсы болмады, содырлардың көбі шықты. Олимпиада алдында ойынның қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген қысқа мерзімді нақты міндет тұрды. Сол кезде радикал жастардың елден кетуіне жағдай жасалды» дейді.

Мәскеу қазір Сирияда ИМ және басқа да содырлар тобымен соғысып жатыр. Кремльдің айтуынша, олар Ресейге және бүкіл әлемге қатерлі. Кремль Сириядағы әуе операциясының мақсаты «ИМ-ді талқандау» деп түсіндірді.

Ресей билігі әскерилердің елден кетуіне жол берген бағдарлама болғанын терістейді. Олардың айтуынша, содырлар өз еркімен және мемлекет көмегінсіз кеткен. Шенеуніктер, соның ішінде ФСБ директоры Бортников және Солтүстік Кавказдағы жергілікті билік «адамдардың кетуіне ИМ насихаты мен содырлардың өз аумағы арқылы өтуіне жағдай жасап, олардың Сирия мен басқа жерлерге баруына жол ашқан шетелдік мемлекеттер айыпты» дейді.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Ресейлік билік терроршылармен ешқашанда ынтымақтас болған емес. Болуы да мүмкін емес. Ресейде терроршыларды жояды. Осылай болған, қазір де солай, солай бола береді» деді.

Ішкі істер министрлігі өкілдері пікір білдіруден бас тартып, «бұл сұрақтарға ФСБ жауап береді» деп мәлімдеді. ФСБ-ның Дағыстандағы басқармасы мақала жарияланғанға дейін пікір білдірмеді.

Ресей сыртқы істер министрлігі «содырлардың құқық қорғау мекемелерінен көмек алғаны туралы дерек шындыққа жанаспайды» деді. Министрліктің баспа және ақпарат бойынша департаменті хабарлағандай, Ресейдегі құқық қорғау мекемелерінің күші содырлардың кетуіне жол бермеу (ұстау) және оралғандарды жауапқа тартуға жұмсалады.

Мекеме Ресейде «Сириядағы заңсыз қарулы топ құрамында» соғысқан ресейліктерге қарсы жүздеген қылмыстық іс қозғалғанын айтады, сондықтан «биліктің сондай қатаң шараны қабылдап, оны өздері бұзғаны» ақылға қонымсыз дейді.

«​ОРТАҚ МҮДДЕ»​

Содырлар Ресейден кетуіне рұқсат беру радикалдарға да, билікке де қолайлы болды. Халқының көбін мұсылмандар құрайтын Солтүстік Кавказда соғысушы жақтар бір-бірін тығырыққа тіреді.

Солтүстік Кавказда халифат құру үшін соғысқан содырлар қуғында жүріп қатты шаршады. Олар қауіпсіздік қызметімен соғыста айтарлықтай жеңіске жетпеді. Билік тауға қашқан немесе жақтастары жасырған содырлардың тұтқынға түспегеніне наразы болды.

2013 жылдың жазынан бастап содырлар Сочи олимпиадасы кезінде шабуыл жасаймыз деп қорқытып, өз мәлімдемелерін интернетке жарияланады. Мұндай шабуыл Ресейді әлемге жақсы жағынан көрсетуі тиіс халықаралық шарада президент Владимир Путиннің беделіне нұқсан келтірер еді.

Баласы Сирияға соғысуға кеткен Магомед Алигаджиев Гимри ауылындағы мешітті көрсетіп тұр. Дағыстан, 27 қаңтар 2016 жыл.

Мәскеу қатал шара қабылдауды бұйырды. Солтүстік Кавказда көп жыл бойы әскери тәжірибеден өткен арнайы жасақтың отставкадағы офицері Reuters-кефедералдық биліктің жергілікті шенеуніктерге қысым жасап, Сочидегі ойын алдында содырларды ауыздықтауды бұйырғанын айтады.

«Олимпиада алдында ешқандай мүлт кетуді кешірмейтіндерін айтты. Айыптыларды жұмыстан қуады. Қатты қорқытты» дейді ол. Басында Шарапудиновпен оның туған ауылы Дағыстандағы Новосаситлидегі шенеунік сөйлеседі. Қазір жұмыстан кеткен шенеунік Шарапудинов пен ресейлік арнайы қызмет арасында делдал болады.

Ол Reuters Шарапудиновтың сөзін растады. Шарапудинов мәмілеге көну, көнбеу туралы бірнеше ай ойланады. Аяғында бала кезден білетін шенеунікке сеніп, айтқанына көнеді. Шарапудиновтың айтуынша, дәнекер оны Хасавюрт қаласына әкеледі, ол жерде ФСБ офицері күтіп алған.

Шарапудиновке қауіпсіздік туралы кепілдеме берсе де, көңілінде күмән болады. Қарусыз бару туралы сөз байласса да, ол қалтасына граната салып, тапаншасын алып алады.

Шарапудинов бұған дейін елден құпия кету туралы ойламағанын айтады, себебі өзін ұстап алады не атып тастайды деп санаған. Ал шекараны ашық кесіп өту мүмкін емес еді, себебі ол жарылысты ұйымдастырды деген айыппен іздеуде болатын. Егер оны қолға түсірсе сегіз жылдан бастап, өмір бойға дейін бас бостандығынан айыратын.

Бірақ Шарапудиновтың айтуынша, ФСБ офицері «Ресейден кетуіңе болады, мемлекет оған көмектеседі» деген. Reuters-ке желтоқсанда берген сұхбатында Шарапудинов «Қайда барсаң да кете бер, тіпті Сирияға барып соғыс деді» дейді. Ол Олимпиада тақырыбы да келіссөзде айтылғанын еске алды. «Олимпиадада ешқандай тосын оқиға болмасын деді. Басқаларды да осылай жіберетіндерін жасырмады» дейді Шарапудинов.

ЖАҢА ПАСПОРТ, ЖАҢА ЕСІМ

Шарапудиновтың Ресейден кетуге себептері болды. Ол өзі жүрген жасақтың басшысымен нашар еді. Шарапудинов анасына ФСБ ұсынысы туралы айтқанда анасы оған көнуді жылап сұрады, баламның өмірі қуғынмен өтпесін деп тіледі.

Мемлекеттік машинаның араласуы қажет еді. «Шарапудиновке Ресейден кету үшін жаңа төлқұжат керек болды, ол іздеуде жүргендіктен басқаша жіберу мүмкін болмады» дейді бұрынғы шенеунік.

Шарапудинов 2013 жылдың қыркүйегінде «Минералды су» әуежайына бару үшін өзіне жаңа төлқұжат бергенін айтады, ФСБ қызметкері оны әуежайға терезелері күңгірттелген күміс түсті «Ладамен» апарған. Төлқұжатпен бірге оған Стамбулға баратын билет берген.

Шарапудинов Reuters агенттігіне шетелдік паспортын көрсетіп, оны ресейлік биліктен алғанын айтқан. Аты-жөні сәл өзгертілген, басқа туған күн көрсетіліпті. Қаба сақалды Шарапудинов суретті сақалсыз тұр. Ол жаңа төлқұжатқа суретке түсу үшін сақалын әдейі алдырғанын айтады.

Reuters паспортты кімдер жасағанын тексере алмады, бірақ Шарапудиновтың көршілері мен бұрынғы шенеунік оның жеке басы мен құжат иелену тарихын растады. Қауіпсіздікке жауап беретін солтүстіккавказдық шенеуніктер әсіредіншілдердің кетуіне әдейі көмектескендерін терістейді, бірақ олардың болмауы елдегі қауіпсіздік мәселесін шешуге көмектескенін мойындайды.

Дағыстан астанасы Махачқаладағы Террорға қарсы комиссия өкілі Магомед Абдурашидов «Радикалдық пиғылдағы дағыстандықтардың Сирияға көптеп кетуі республиканың жағдайын жақсартты» деді.

Сирия мен Түркия шекарасы. 8 сәуір 2014 жыл.


Новосаситлиде содырлармен келіссөз жүргізуге қатысқан офицер Сирияға кетер алдында бірнеше терроршының «қаруларын тастағанын» растайды. «Олар қаруларын тастағандықтан қылмыстық қудалау тоқтатылды» дейді ол.Офицер Шарапудиновтің кейінгі тағдырынан хабарсыз екенін айтты.

Ал Солтүстік Кавказдағы Ресей шенеуніктері «арнайы қызмет ешкімнің кетуіне көмектескен жоқ» дегенінен танбай отыр.

Шарапудинов Сирияға келгенде ИМ содырлар ұйымы ұлғайып жатты, бірақ әлі үлкен аумақтарды басып алмаған еді. Ол Ресейден және бұрынғы советтік елдерден келген басқа содырлармен бірге «Сабр жамағаты» атты топқа қосылған. Олар Алеппо қаласына жақын жерде болған, ИМ осы маңды сол кезде басып алған еді.

Кейін «Сабр жамағаты» ИМ-ге адал қызмет етуге ант берді, бірақ Шарапудинов, өзінің айтуынша, ол кезде қаруын тастап, Сириядан кетіп қалған. Ол Сирияда Дағыстаннан шыққан басқа содырларды жолықтырған-жолықтырмағаны жөнінде айтпады.

Reuters агенттігі Ресейден биліктің көмегімен кеткен қалған содырлармен тікелей сөйлесе алмаған. Бірақ олар жайлы туыстары, көршілері және жергілікті шенеуніктер арқылы білген.

Бұл бес содырдың бәрі - дағыстандық, Ресей билігі олардың елден кетуі әртүрлі жағдайда қолғабыс жасаған.

Ресейден кеткен бес содырдың бірі – Дағыстанның Берикей ауылынан шыққан Магомед Рабаданов. Жергілікті полиция қызметкері 2014 жылы Рабаданов сияқты радикалдарды Сочи олимпиадасы алдында енгізілген жаңа қауіпсіздік саясаты аясында қатаң бақылауға тиіс болғанын айтады. Оның міндетіне күдікке ілінген адамдарды профилактикалық есепке алып, олармен айына бір немесе бірнеше рет хабарласып тұру кірген.

Кабинетіндегі компьютерден Рабаданов туралы материалдарды көрсеткен полиция қызметкері «егер күдікті адам бір айдан астам хабарсыз кетсе, оларды іздеу керек еді» дейді. Оның айтуынша, олимпиадаға дайындық кезінде Рабаданов «дәстүрлі емес ислам – ваххабизмді ұстанушы» ретінде есепке алынған.

Содырлар шабуылынан қашқан сириялық босқындар. 4 мамыр 2016 жыл.

Рабадановтың әкесі Сулейбан Рабадановтың айтуынша, үйде жарылыс заттарын сақтағаны үшін баласы бұған дейін тұтқындалып, кейін үйқамаққа отырғызылады. Мұндай шектеуге қарамастан, Рабаданов Ресейден кетіп қалды. Ол 2014 жылдың мамыр айында әйелімен және ұлымен бірге Мәскеудің халықаралық әуежайларының бірінде төлқұжат бақылауынан өтіп кеткен. Кейін ол Сирияға барды. Ресей ресми мекемелері оның кетуі туралы пікір білдірмеді.

Сулейбан Рабаданов 2015 жылы қаңтардың 2-сі күні интернет арқылы хабарлама алғанын, онда ұлының Сирияның Кобани қаласы маңында, ИМ-мен бірге күрдтерге қарсы соғысып мерт болғаны туралы айтылғанын жеткізді. Тағы бір содырдың әкесі ұлының Ресей билігі көмегімен елден кеткенін айтады. Шарапудиновпен келіссөз жүргізуге дәнекер болған бұрынғы шенеунік тағы екі содырдың паспорт алуына көмектескенін баяндады.

Жергілікті тұрғындар мен дағыстандық шенеуніктер ресейлік содырлардың Сирияға барған соң таныстарын сол жаққа шақырғанын айтады. Үш мың тұрғыны бар Берикей ауылынан ИМ басып алған аумаққа (Сирия мен Ирак аудандары – ред.) 28 адам кеткен. Жергілікті шенеуніктің айтуынша, олардың 19-ы кетерге дейін радикал деген күдікпен есепте тұрған.

Мақала орыс тілінен аударылды.