Сарапшылар: Кремль наразыларды қатаң жазалау арқылы Ақордадан үлгі алып отыр

Митингіге шыққан азаматтарды қатаң жазалайтын заңға наразылық білдіріп шеруге шыққан белсендіні полиция әкетіп барады. Мәскеу, 5 маусым 2012 жыл.

Ресейдің шерулер туралы жаңа заңын бір сарапшы «мемлекеттік экстремизм» мен «террор» деп атаса, енді бір сарапшы «Бұл заң Ресейді революцияға итермелейді» дейді.
Ресей мемлекеттік думасы алаңдар мен көшелерде наразылық шараларын өткізу ережелерін күшейту мен бұл ережелерді бұзғаны үшін жауапқа тартуды барынша қатайту туралы заң жобасын асығыс, маусымның 5-інде түн ортасында қабылдады.

Маусымның 6-сында Ресейдің федералдық советі де құжатты шұғыл мақұлдап, заң президенттің қол қоюына жіберілді.

Пекинде өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысып жатқан Ресей президенті Владимир Путин маусымның 6-сында митинг өткізу ережелерін бұзғаны үшін жазаны күшейту туралы заңға «егер бұл құжат еуропалық нормаларға қайшы болса ғана қол қоймайтынын» мәлімдеді.

БІР МИЛЛИОН РУБЛЬ АЙЫППҰЛ

Мемлекеттік думадағы «Единая Россия» партиясының депутаты Сергей Тен Азаттық радиосының орыс редакциясына берген сұхбатында «Митинг туралы заңдарға енгізілген түзетулер наразылық акцияларына қатыспайтын адамдарды қорғауға бағытталған» деген уәж айтты.

"Яблоко" партиясының жетекшісі Сергей Митрохин Дума алдында қарсылық акциясын өткізіп тұр. Мәскеу, 14 қараша 2008 жыл. (Көрнекі сурет)


Алайда бұл заң маусымның 12-сінде Мәскеуде өтеді деп жоспарланған қарсылық жиынының негізгі тақырыптарының бірі болмақ. Ресей сарапшылары «Президент заңға шеру өтетін күнге дейін қол қояды» деген болжам жасайды.

«Яблоко» партиясының жетекшісі Сергей Митрохиннің айтуынша, жаңа заңда он мың мен бір миллион рубль аралығында салынатын айыппұл ғана емес, шеруге шығу барысында анықталатын заң бұзушылықтың көптеген түрлері енгізілген. Оның ішінде саяси мақсатты көздемейтін адамдарды шеруге жинағаны үшін де жауапкершілік белгіленген.

«АВТОРИТАРЛЫҚ КЛУБТАҒЫ» ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ

Алматылық тәуелсіз сарапшы және журналист Сергей Дуванов «Владимир Путиннің әкімшілігі Ресейдегі наразылықтың күшейгенін ескермей қалып, енді мына заңды асығыс қабылдау арқылы қарсылықты басып тастауға тырысып отыр» деген ой білдірді.

- Ресей бұл жолы Қазақстаннан үлгі алып жатыр. Өйткені Кремльдің бүгінгі айла-әрекетін Қазақстан баяғыдан қолданып келеді. Ақорда азаматтық қарсылықтың қарқынын басудың тәсілдерін «ұтымды» пайдаланады. Билікті ұстап қалу үшін авторитарлық клуб бір-бірінің тәжірибесіне сүйенеді,- дейді Сергей Дуванов.

Журналист Сергей Дуванов (оң жақта) пен құқық қорғаушы Андрей Свиридов «Ұлт көшбасшысы туралы» заңға қарсы акция өткізіп тұр. Алматы, 16 маусым 2010 жыл. (Фото «Республика» газетінен алынды).


Оның пікірін қостаған «Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов "Қазақстан мен Ресей егемен әрі тәуелсіз ел болғанымен, екеуіне де ортақ айла-амалдар бар" дейді.

Қосановтың пайымдауынша, азаматтардың әлеуметтік-қоғамдық белсенділігін шектеуге тырысу - бұрынғы советтік республикалардың билеуші топтарының барлығына тән қасиет.

Адам құқықтары жөніндегі жалпыресейлік қозғалыстың атқарушы директоры Лев Пономарев бұл заңды «мемлекеттік экстремизм» деп атады.

Жақында Ақтауда болып қайтқан белгілі құқық қорғаушы Қазақстан мен Ресейде болып жатқан оқиғалардың өзара ұқсас екенін, кей тұста бір-бірін қайталайтынын айтты.

ЖАҢАӨЗЕН 1912 ЖЫЛҒЫ ЛЕНА ҚЫРҒЫНЫНЫҢ БАЛАМАСЫ ІСПЕТТІ

Лев Пономарев Қазақстан мен Ресей тәжірибе алмасып, бір-бірінен үйреніп жатыр деген пікір айтты.

- Владимир Путин шынымен де Қазақстанның кейбір қадамдарын қайталап отыр, бұл - алаңдайтын жайт, - дейді ол.

Ресейлік құқық қорғаушы Жаңаөзенде бейбіт шеруге шыққан адамдарға оқ атылғанын да жұрт көңілін алаң қылған жағдай деп есептейді. Жаңаөзен оқиғасын сонау 1912 жылы патшалық Ресейде болған, тарихта «Лена қырғыны» деген әйгілі атаумен қалған қанды оқиғамен салыстырады.

Ресейлік құқық қорғаушы Лев Пономарев (оң жақта) пен оппозициялық саясаткер Александр Батов Абай ескерткішіне гүл алып келе жатыр. Алматы, 19 мамыр 2012 жыл.


Ол кезде үкімет әскерінің ереуілші жұмысшыларға оқ атуының кесірінен орта есеппен 107-270 аралығында адам қаза тапқан.

Пономарев ол заманда парламенттің тергеу жүргізгенін айтты. Тергеу нәтижесінде ереуілді ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың бірде-бірі жауапкершілікке тартылмаған. Ал оқ атуға бұйрық берген полиция бастығының шені қатардағы солдат дәрежесіне дейін төмендетілген.

- Ол заманда әділдік болды. Ал Қазақстан мен Ресейдегі демократияның қазіргі деңгейі өткен ғасырдың басындағы монархиялық Ресейдегі демократия деңгейіне де жетпейді. Бұл - алаңдайтын дүние, - дейді ол.

Өйткені ол замандағы оқиғалар да ушығып, 1917 жылғы революцияға ұласқан болатын.

- Ресейде әзірше шеруге шыққандарға қарсы оқ атылған жоқ. Ал Жаңаөзендегі қантөгістен Қазақстан билігі ешбір қорытынды шығарар емес. Таяуда ғана кәсіподақ жетекшісі Тахир Мухамедзянов өлтірілді. Оның арнайы тапсырыспен өлтірілгені анық. Демек, билік террорға көшті, - дейді Лев Пономарев.

«РЕСЕЙДЕ РЕВОЛЮЦИЯ МЕН ҚЫРҒЫН БОЛУЫ ӘБДЕН МҮМКІН»

Ресейдегі «Яблоко» партиясының жетекшісі Сергей Митрохиннің пікірінше, шеру өткізу ережелерін күшейту туралы заң жобасын қабылдау арқылы Кремль қыр көрсетіп, адамның негізгі құқықтарын аяқасты етіп отыр.

- Мұны демократиялық және құқықтық мемлекет деген атты жамылған мемлекеттің бүркеме диктатураның ашық та қатаң диктатураға өтуі деп тануымыз керек, - дейді ол.

Арнайы жасақ Останкино телемұнарасын шерушілерден қорғап тұр. Мәскеу, 18 наурыз 2012 жыл.


Митрохиннің пікірінше, "кез келген диктатура сияқты Кремль де ешқандай қарсылыққа жол бермейтінін осындай амалдар арқылы ашық білдірді. Биліктегілер наразылық акцияларын басып-жаншып, адамдарды еріксіз жұмысқа айдап, әкімшілік ГУЛАГ-тар құратынын ескертіп, сес танытып отыр".

Ол былтыр Беломор каналын қайта салу туралы шешім қабылданғанын айта келіп, осы құрылыста сталиндік дәстүр жаңғыртылып, шеру өткізу туралы заңға енгізілген жаңа түзетулерде қарастырылған қара жұмыс туралы бап пайдаланылуы мүмкін деген күдігін айтты.

«Егер мына заң күшіне енсе, Ресейдегі наразылық бәсеңдемейді. Керісінше, наразылық шаралары Конституцияда жазылған қарусыз, заңды және бейбіт жолмен жүзеге асырылу мүмкіндігінен айырылады» деген ойын айтқан «Яблоко» партиясының жетекшісі:

- Міне, сонда Ресейдегі наразылық шаралары қарулы қақтығыстарға ұласатын болады. Яғни, тарих қайталануы мүмкін. 1905 жылғы революция бейбіт шерушілерге қарсы оқ атудан басталғаны белгілі, - дейді.

Полиция шеруге шыққан азаматтарды тұтқындап жатыр. Ресей, Владивосток, 31 мамыр 2010 жыл.


«Сол жағдай қазір де қайталануы мүмкін. Бұл - даусыз. Бізде қазірдің өзінде түрлі астыртын топтар мен ұйымдар бар: ұлтшылдардың ұйымдары, исламдық топтар, Кавказда қарулы астыртын топтар бар. Мына заңды қабылдау арқылы Кремль жұртты «егер наразылық танытқыларың келсе, сол астыртын ұйымдар мен топтарға барып қосылыңдар» деп өзі итермелейтіндей» дейді ол.

«Яблоко» партиясының жетекшісі Сергей Митрохин «Мұндай жағдайда Ресейде жаппай қырғынның болуы «әбден мүмкін» деген пікір айтты.
Орыс тілінде өткен дөңгелек үстелдің толық аудио нұсқасы:

Your browser doesn’t support HTML5

Запись круглого стола