Ресейдегі жаңа оппозицияның жас бейнесі

Вера Кичанова, ресейлік жас саясаткер

22 жастағы Мәскеу қалалық думасының депутаты Вера Кичанова оппозиция зор мәлімдемелер жасаумен қатар шағын жеңістерге де жетіп тұруы керек деп есептейді.
Мәскеу қалалық думасының депутаты, 22 жастағы Вера Кичанованы жас қыз деп санайтындар қателеседі. Оның саяси өзгеріске деген құлшынысы жасына сәйкес емес әрекетке итермелейді. Кичанова ресейлік оппозиция батыл болуы керек және арасында шағын саяси шабуылдар жасап тұруға тиіс деп санайды. Азаттық тілшісі Вашингтонға барған жерінен жас саясаткермен кездесіп, әңгімелесті.

«ОППОЗИЦИЯҒА БАТЫЛДЫҚ ҚАЖЕТ»

Ақ Үйге келіп, АҚШ президенті Барак Обаманың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісімен жолығу, кездесуге қызғылт түсті шұлық киіп еркін келу 22 жастағы кез-келген жастың қолынан келе бермейді. Хипстер үлгісіндегі киімі ересек адам емес екенін байқататын, ал уыз өңі Ресей оппозициясындағы жаңа саяси буынның келбетіне айналған Вера Кичановамен танысып қойыңыздар.

Slon либералдық жаңалықтар сайтының журналисі Кичанова 2012 жылдың наурыз айында Мәскеудегі Южное Тушино ауданынан депутат болып сайланған. Ресейдегі шағын Либертариандық партияның мүшесі жариялық пен демократиялық ұстанымдар үшін күреседі. Өзінің лауазымы туралы мәскеуліктердің көбі ештеңе білмейтінін мойындайды, бірақ ресейлік бақылаушылар мен бойжеткеннің өзі Кичанованың сайлануы лауазымды тұлғаларды қолдан сайлайтын елде маңызды екенін айтады.Вера оппозицияның батыл болуы және қажет кезде саяси шабуылға шығуы қажеттігін мәлімдеді.

Ресейлік оппозиция шеруі. Мәскеу, 2013 жыл


АҚШ астанасына алғаш келгенде шенеуніктердің назарын аударған да осы көзқарасы болатын. Азаттыққа сұхбат берген бойжеткен былай дейді:

«Оппозицияны сынайтын адамдар көп. Тіпті үкіметтің әрекетін қолдамайтындар да оппозицияға наразы болып жатады. Осы қызметтің арқасында кейбір мәселелерді шешуге болатынын, өткір талаптарға жауап бере алатынымызды дәлелдегім келеді. Қалай болғанда да, әрекетке көшу керек».

Қоғамдық тұрғын үйдің шатырын жөндеу немесе жергілікті фабриканың ауаны ластауымен күресу туралы жасалған мәлімдемелер де маңызды саналуы тиіс дейді ол.
Қолымызда нақты билік те, қаржы да жоқ, кейбір мәселелер бойынша дауыс берген кезде оппозициялық пікіріміз есепке алынбайды.

Мазасыз Кичанова көңілі қалған сәттерін де жасырмайды. Өзгеріс жасауға деген құлшынысы тіпті жергілікті деңгейде де қабылданбай қалатын сәттер болады.

«Қолымызда нақты билік те, қаржы да жоқ, кейбір мәселелер бойынша дауыс берген кезде оппозициялық пікіріміз есепке алынбайды» дейді ол.

Кичанова өз ауданындағы 12 депутаттың ішіндегі екі оппозиция өкілінің бірі.

«Жұмысым ащы тәжірибеге толы, қолымнан келетіні - кеңестің жұмысын барынша ашық етуге тырысу. Оның да әсері шамалы, бірақ басқа депутаттардың жүйкесіне тиеді, олар бөгделердің өзін бақылауына үйренбеген» дейді ол мысқылмен.

«ӨЗІМІЗДІ ӨЗГЕРТУГЕ ТИІСПІЗ»

Кичанованың айтуынша, билікке қол жеткізу үшін күрестің өзі – оның жеңісі. Келесі сайлау 2017 жылы өтеді, «басқа да либерал, жас оппозиционерлер сайлауға түсіп, жастарға арналған орынның көбін иеленеді» дейді ол. «Санымыз көбейген кезде жағдай өзгереді» деп Кичанова сенімді түрде мәлімдеді, бірақ тіпті төменгі лауазымды оппозиция шенеуніктерінің тұтқындалуы ғажап емес екені қазір айдан анық.

Кичанованың Вашингтонға келуіне ықпал еткен Ұлттық демократияны қолдау қоры қыздың жігерлі мінезін ескерсе керек.

Азаттыққа берген сұхбатында ол шетелдегі сапары елдегі жағдайды ойлаумен өтіп жатқанын айтты. Оның сапары шілденің 18-і күні тұтқындалған досы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы блогер, Мәскеу мэрі лауазымынан үміткер Алексей Навальныйдың айыпталуына тұспа-тұс келді.

Мәскеуге оралған Алексей Навальный жақтастарымен кездесіп тұр. 20 шілде 2013 жыл


«Қазір Ресей азаматтық қоғамы ауыр күндерді бастан өткеріп жатыр» деді Кичанова Навальныйға қатысты сот үкімі шығып, айыпты деп танылған соң. Ол батыл әрекет жасаған блогердің қолдаушыларын мақтап, оппозиция осындай сәттерді пайдалануға тиіс екенін айтты.

«Мыңдаған адам Мәскеудегі шеруін біраз уақытқа дейін тоқтатпауы керек. 2011 жылдың желтоқсанында солай етуіміз қажет еді» дейді парламенттік сайлаудан соңғы бұқаралық наразылықты меңзеген Кичанова.
"Магнитский тізімін" кеңейтіп, Болотная алаңындағы наразылық акциясын ұйымдастырғандарды тұтқындағандарды да қамту керектігін айттым.

Жанынан тастамайтын ІPad-ын қолына алып, Навальный екеуінің түскен суретін көрсетті. Бір ай бұрын блогер мэр болуға дауыс жинау мақсатында қала депутаттарымен кездескен екен.

«Басқа депутаттар онымен суретке түсіп жатты, мен де бірге фотоға түсейік деп өтінгенде ол күлді. Бір-бірімізді бұрыннан танимыз, өзімен суретке түсуге құмартқаныма таң қалды, ал оның жақында қаһарманға айналатыны туралы айтқым келмеді. Яғни, не түрмеге түсетін еді, не мэр болатын еді» дейді Вера.

Ақ Үйде Сьюзан Райспен және мемлекеттік департаменттің лауазымды тұлғаларымен кездескен Кичанова АҚШ-тың «Ресейдегі реформаларды жүзеге асыруға көмектесу үшін не істей аламыз?» деп сұрағанын айтты. Ол Магнитский актісін қолдайтынын білдіріпті: «Бұны дұрыс деп санаймын. Путин мен оның ресми саясаты Америкаға қарсы екенін білеміз, бірақ қазір Путин осы идеямен ауыратын сияқты. Шенеуніктер тізімін кеңейтіп, Болотная алаңындағы наразылық акциясын ұйымдастырғандарды тұтқындағандарды да қамту керектігін айттым. Бірақ алдымен өзімізді өзгертуіміз керек» дейді Кичанова.

Ричард Солаштың мақаласын аударған – Динара Әлімжан