Мұндай мәлімдемені естіген байкер «кейбір адамдардың ақылы ауысып кеткенін осыдан көруге болады» деді.
Бірнеше жылдан бері Ресей президенті Владимир Путинді қолдаушылар «Батыс Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын қайта қарауға тырысады» дегенді үздіксіз қайталап келеді.
Олар «Батыс елдері гитлерлік Германияны жеңу үшін шамамен 20 миллион адамынан айрылған СССР халқының шығынын бағаламайды» дейді. Мамырдың 1-і күні путиншіл «Түнгі қасқырлар» мотоцикл клубының жетекшісі Александр Залдостанов Беларусьтің Брест қаласында журналистке берген сұхбатында тарихқа «өзгеріс» енгізгісі келетінін байқатты.
ПОЛЬШАНЫ КЕЛІСІП БАСЫП АЛУ
Тәуелсіз «Белсат» арнасының тілшісі Залдостановтан соғыстың алғашқы күндерінде сталиндік СССР мен гитлерлік Германияның одақтас болғаны жайлы пікір білдіруін сұрады. «Совет Одағы Гитлерді жақтады дейсің бе?» деп таңдана сұрады Залдостанов. «Бұл жігіттің қалай шатасып жүргенін көрдіңдер ме? Кейбір адамдардың басында бәрі былығып кеткеніне осы дәлел болады. Ол маған «СССР Гитлермен бір болды» дейді. Не есуас, не арандатушы болар. Басқа не деуге болады?».
Бірнеше секундтан соң ол сауалынан таймаған тілшіні итеріп жіберді де, басқа сұраққа жауап бере бастады.
ВИДЕО: Залдостановтың журналистке жауабы:
Your browser doesn’t support HTML5
Бір қызығы бұл оқиға 1933 жылы Польша құрамында болған Брест қаласында болды. Ол кезде СССР мен нацистік Германия Молотов-Риббентроп құпия пактісін жасап, Польшаны бөліп алуды келіскен еді.
Нацистік Германия 1939 жылы қыркүйектің 1-і күні Польшаға батыстан шабуылдаса, Совет Одағы қыркүйектің 17-сі күні шығыстан келіп, басып алды.
Бірнеше күннен соң Польшада әскери қақтығыс аяқталды, екі басқыншының армиясы 1939 жылы қыркүйектің 22-сі күні Брестте бірлескен әскери парад өткізді.
Бұл парадты Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған 1945 жылы сәуірдің 25-і күні Совет және АҚШ әскерлерінің Германияның Эльба өзені бойындағы кездесуімен салыстыруға мүлде келмейді. 1939 жылы қыркүйектің 22-сі күні Польшаның Брест қаласында өткен бірлескен парад Германия мен Совет Одағы арасында 1920 жылдары басталып, 1941 жылы маусымның 21-і күні фашистердің СССР-ге басып кіруімен аяқталған әскери-экономикалық одақтастықтың ең көзге түскен сәті еді.
ВИДЕО: СССР мен нацистік Германия әскерінің Бресттегі біріккен парады
Екі тарап та Бірінші дүниежүзілік соғыстың бейбіт келісіммен аяқталғанына наразы болды, оның күшін жоюға тырысты. Британ тарихшысы Джон Эриксонның 2001 жылы шыққан «Советтік Жоғары қолбасшылық» кітабында СССР дипломаттарының 1920-жылдары неміс әріптестеріне Польшаны бөлу туралы бірнеше рет ұсыныс жасағаны баяндалады.
Версаль келісімі бойынша Германияға әуе күштерін ұстауға тыйым салынса да, Юнкерс (Junkers) фирмасы Мәскеудің шетінде зауыт ашты және Люфтваффе ұшқыштары Липецк маңында дайындықтан өтті. Немістер Қазан қаласындағы танк мектебінде блицкриг тәжірибесін жасады, Самара облысында тыйым салынған химиялық қарулар шығарды. Неміс сүңгуір қайықтары Версаль инспекторларынан Мурманскіге жақын базада тығылып тұрды.
МОЛОТОВ-РИББЕНТРОП ҚҰПИЯ ПАКТІСІ
Дегенмен Сталиннің 1920-жылдары Германияның ішкі ісіне араласқан әрекеті соғыс тағдырын шешкен еді. Ол Совет Одағы бақылайтын Германия коммунистік партиясының солшыл социал-демократиялық партиямен қандай да бір байланыс орнатуына тыйым салды, солайша Гитлердің билікке келуіне жол ашты.
Екі жақтың қарым-қатынасы Гитлер билікке келген соң (қайтадан) айтарлықтай нашарлады, оған Гитлердің коммунизмге қарсы болуы және антиславяндық нәсілшілдігі себеп болды.
1930-жылдар Еуропада халықаралық қатынастар қиындай түсті, барлық мемлекеттер бір-біріне деген сенімін жоғалтып, қауіпсіздік саласын күшейтуге тырысты.
Әртүрлі ұжымдық қауіпсіздік бағытында жасалған ұсыныстар іске аспады, Батыстың сол сәттегі саясаты Гитлерге тиімді болды. 1939 жылдың жазында Сталин Германиямен келісім жасады, нәтижесінде тамыз айында Молотов-Риббентроп пактісіне қол қойылды. Сол уақытта неміс-совет коммерциялық келісімі де қаралды, енді Совет Одағы Гитлер режиміне көп мөлшерде шикізат жеткізіп отыратын болды.
Бір-біріне шабуыл жасамау туралы құпия хаттамаға сәйкес екі тарап Орталық Еуропаны бөліп алуға келісті, Совет Одағы шығыс Польша, үш Балтық мемлекеті мен Бессарабияның румыниялық аумағын алатын болды.
1990-жылдарға дейін СССР (кейін Ресей) үкіметі құпия Молотов-Риббентроп келісімінің болғанын мойындамай келді. Пактіге қол қойған соң бір аптадан кейін Гитлер Польшаға басып кірді. Екі аптадан соң Совет Одағы бұл елге шығысынан кірді. Қыркүйектің соңы, қазанның басында Совет Одағы Балтық елдеріне басқыншылық жасады.
1940 жылдың қазанында Германия мен Совет Одағы жедел келісімшарт жасасты, ол бойынша Совет Одағы «Ось елдері» қатарына кіріп, Германия, Жапония және Италияны қолдауға келіседі. Бірақ Гитлер Совет Одағына соғыс ашуды жоспарлап қойғандықтан, бұл келісім нәтижесіз қалады.
Байкер Залдостанов Совет Одағының Гитлермен одақтас болып, 1939 жылы Польшаға бірге басып кіргенін білмеген бола қалуы өткен аптада Ресей генералы, қорғаныс министрі Сергей Шойгудың көмекшісі Александр Кирилиннің «Орыс радиосына» берген сұхбатына ұқсас болып шықты.
Совет әскери ескерткіштеріне қатысты поляк үкіметінің саясатын сынаған Кирилин «Нацистік Германия басып алған еуропалық мемлекет (Польшаны айтады – ред.) үшін бұл жарамсыз қылық. Егер Совет Одағы көмектеспегенде олар нацистік басқыншылардан құтылмас еді. Қазір оларды біз басып алдық деген сөздер де айтылып жатыр» деді ол.
Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.