ФСБ Дарья Дугинаның қазасына Украинаны айыптады, Киев оны жоққа шығарады

Дарья Дугина.

Мәскеу түбінде ресейлік оңшыл радикал философ, "орыс әлемінің" идеологы Александр Дугиннің қызы автокөлігі жарылып, қаза болды. Екі күн өтер-өтпесте Ресей федералды қауіпсіздік қызметі 29 жастағы Дарья Дугинаны кім өлтіргенін анықтағанын мәлімдеді.

ФСБ МӘЛІМДЕМЕСІНДЕ НЕ АЙТЫЛҒАН?

Ресей федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) қылмысты Украина арнайы қызметі ұйымдастырған деп мәлімдеп, 1979 жылы туған Наталья Вовк есімді Украина азаматы күдікке ілінгенін хабарлады. Ресейге 12 жасар қызымен келген Вовк Мәскеуде Дугина тұрған үйден пәтер жалдаған, ал 20 тамызда қызы екеуі Александр Дугин мен Дарья Дугина қатысқан фестивальге барған дейді ФСБ.

21 тамызда Ресей тергеу комитеті кісі өлтіру бабы бойынша іс қозғады. Мекеме басшысы Александр Бастрыкин істі комитеттің орталық аппаратына алдыртқан соң, толық ақпарат жарияланды. Онда жарылған көлікке Александр Дугин отыруы керек болғаны, бірақ соңғы сәтте оның басқа көлікпен кеткені айтылған. Александр Дугин Халықаралық Еуразия қозғалысына жетекшілік етеді. Бұл ұйымға Канада 2015 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап алғаннан кейін санкция салған.

Жарылыстан кейін бірнеше сағаттан соң "Царьград" пропагандашыл басылымы мен RT бас редакторы Маргарита Симонян Дарья Дугинаның қазасына Украинаны айыптап, Ресей әскерилерін Украина президенті әкімшілігінің, қауіпсіздік қызметі мен қорғаныс министрлігінің ғимараттарына жойқын соққы жасауға үндеді. 21 тамызда Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова көлік жарылысы туралы айтқанда "терроризм" сөзін қолданды: "Украинаның қатысы бары расталса, Киев режимі ұйымдастырып отырған мемлекеттік терроризм мәселесін көтеру керек. Мұндай нұсқаны "ДХР" басшысы Денис Пушилин айтқан еді. Мұны тексеру керек".

Ресей президенті Владимир Путин Дарья Дугинаның отбасына көңіл айтқан. Ол Дугинаны "Ресей патриоты қандай болуға тиістігін іспен дәлелдеген, нағыз орыстың жүрегі бар талантты адам" деп бағалап, "Ерлігі үшін" орденімен марапаттау жөнінде жарлық шығарған.

Украина Дарья Дугинаның өліміне қатысы жоғын мәлімдеді. "Біз Ресей секілді қылмыстық, әсіресе террористік мемлекет емеспіз" деді Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подляк. Ол Дугинаның өлімі Ресейдің ашық мобилизация жасау немесе ел ішіндегі идеологиялық кеңістікті қайта бөлгісі келетін түрлі саяси топтардың күресіне байланысты болуы мүмкін дейді.

Ресей күштерінің шабуылынан қираған Мариуполь театрын баспанасыз қалған бейбіт тұрғындар паналаған. Ғимаратқа түскен бомбадан кемінде 300 адам қаза тапқан. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сарапшылары оны әскери қылмыс деп атады.

22 тамыз таңертең Дарья Дугинаның өлімін "Ұлттық республикалық армия" деп аталатын астыртын топ мойнына алғаны белгілі болды. "Сова" ақпараттық сараптама орталығының басшысы Александр Верховский бұл топ туралы ештеңе белгісіз дейді. "Мұндай топтың бар екенін жуырда ғана Илья Пономаревтің (Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты, қазір Украинада тұрады ред). аузынан естідім. Оның бар екеніне де сенімді емеспін. Нақтыласам, оның сөзі сенім ұялатқан жоқ. Мұндай топ бар да шығар, бірақ ол туралы ештеңе білгісіз" деді ол.

Александр Верховский ақпарат аз болған соң, бұл топтың идеологиясы туралы айту асығыстық болады дейді.

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН

Дарья Дугина әкесінің идеяларын қолдаған. Ұлыбритания мен Австралия Александр Дугинге ғана емес, оның қызына да санкция салған. Мұны Дугинаның қызметімен байланыстыруға болады. Ол билікшіл және пропагандашыл басылымдарда түрлі, соның ішінде Украина туралы да мақалалар жариялап, Ресей оккупациялаған жерлерге барған. Соңғы рет Ресей күштері биыл басып алған Украинаның Мариуполь қаласында болған.

Автокөлік жарылысына дейінгі оқиғалар қылмыскерлер расымен Александр Дугинді өлтіруге оқталуы мүмкін екенін аңғартады.

"Ол Ресейді құтқаруға Қытаймен бірге АҚШ-қа қарсы одақтасудан бұрын, өзінің "археомодерн" концепциясына сүйенген және Путин басқаратын күшті "консервативті революция" қажет деп білді. Мұндай тарихи миссия Путиннің көңіліне майдай жағатын. Ол көп жыл бойы Дугинге сенді, соның сөзін қайталайтын. Ал Ресейде бұл "консервативті революция" Украинадағы кішігірім, бірақ "жеңіске жеткізетін соғыстан" және Батыстан біржола алыстаудан басталуы керек болған" дейді саясаттанушы Виктор Небоженко.

Украина қорғаныс министрлігі адам өліміне әкелген оқиға жайлы пікір білдірмеді, бірақ "орыс әлемінің" іштен іруі басталып кеткен сыңайлы деді министрліктің барлау басқармасының өкілі Андрей Юсов The Washington Post газетіне.

Дарья Дугинаның ұстанымы өзі өскен ортадағы ой-көзқарасқа сай болды. Әке жолын қуған ол мақалаларында бірнеше рет неміс философы Мартин Хайдеггерді атап өткен. Александр Дугин еңбектерінің бірін соған арнаған.

"Ол мини-Дугин іспетті еді. Бірақ онда Александр Гельевичтің белгілі бір топтарға ықпалының жұғыны да болған жоқ. Соған қарамастан ол сол бағыттан таймады. [Әкесі] секілді пропагандамен, Батысқа, АҚШ-қа, Украинаға қарсы ақпарат соғысын жүргізумен айналысты" деді Ресей мен Украинадағы радикал қозғалыстар жөніндегі сарапшы Антон Шеховцов. Ол қастандық ұйымдастырушылар Дарьяны емес, оның әкесін нысанаға алмақ болған деп топшылайды.

Ал Виктор Небоженко Дугиннің қызының қазасы Ресейде биліктің ауысуын және перзентін Владимир Путиннің мұрасын алуға тұрарлық деп ойлайтындарға жасалған ескерту болды дейді. Ол Кремль әкімшілігінің басшысы Сергей Ивановтың ұлы Александрдың өлімін еске алып, содан кейін оның саясатқа араласпай кеткенін айтты. "Путиннің төңірегінде [Украинадағы] соғысты тоқтатып, Батыспен және Украинамен бітімге келу керек деп жүрген "бітімгерлер" мен ондайға қарсы "қырғилар" арасында күрес күшейген сияқты. Дугин солардың бірі. Патрушев, Шойгу, Дугин Украинамен соғысты аяғына дейін жеткізу керек, ол үшін кез келген құралға, тіпті, Ресей мен әлем үшін ауыр салдары болатынына қарамастан, ядролық қаруға да жүгінуге болады деп жүр. Соғысты жалғастырудың бас идеологын өлтіру сол бітімгерлердің позициясын нығайтуы керек еді" дейді Небоженко.

Ол Ресей президенті Путин немесе Александр Дугин пікір білдірмейінше, осы жорамал дұрыс саналатынын айтады.

АЛЕКСАНДР ДУГИН КІМ?

Қазір ауруханада жатқан 60 жастағы Александр Дугин – "орыс әлемі" идеологтарының бірі. Оның идеялары Кремль саясатына ықпал ететіні айтылып жүр. Бірақ сарапшылар мұндай ойды Дугиннің өзі қалыптастырды дейді. Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталмай тұрып Дугинге Ресейден тыс жердегі кейбір славистер құлақ асатын болған.

Дугин 2003 жылы өзі құрған Халықаралық Еуразия қозғалысының лидері. Бұл қозғалыс сайлауларға қатыспағанымен, Ресейдің қоғамдық өміріне ықпал етуге тырысады.

Александр Дугин ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Донбассты қолдау митингісінде. Мәскеу, 11 маусым 2014 жыл.

Шеховцев Дугиннің 1994 жылы ресейлік әсіреұлтшыл Эдуард Лимоновпен бірге "Ұлтшыл большевик партиясы" деп аталатын неофашистік саяси ұйым құрғанын, бірақ ешқандай қолдау таппағанын айтады. Дугин тіпті осы партия атынан парламент сайлауына да түсіп көрген, алайда мүлде аз дауыс алған.

"1990 жылдардың аяғында ол партиядан шығып, өз саяси жобасын қолға алды, онысы 2000 жылдардың басында "Еуразия" партиясына пайдаланылды да. Бірақ бұл партияны да іс жүзінде рейдерлік жасап, одан тартып алды. Сөйтіп ол саяси ұйымсыз қалды" дейді Антон Шеховцев.

Дугиннің қатысы бар Еуразия жастар одағы мен ұлтшыл большевик партиясы Ресейдің радикал ұлтшыл ұйымдарына жатады. "Сова" орталығы "Радикал орыс ұлтшылдығы: құрылымы, идеялары, мүшелері" деген анықтамасында "радикал" деген терминді идея үшін зорлық-зомбылыққа жүгініп, (ұлтқа я дінге байланысты алалайтын) ксенофобия мен дискриминацияны насихаттайтын ұлтшыл топтарға қатысты қолданатыны айтылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кремльдің ұлтшылдарға қатысты екіұшты саясаты

Александр Дугин 1997 жылы ол "Геосаясат негіздері" деген еңбек жариялап, онда Украинаның тәуелсіз ел ретінде Ресейге қауіп төндіретінін, Еуразия империясын құруға кедергі жасайтынын жазған. 2014 жылы Ресей билігінің Қырымды аннексиялауын қоштаған Дугин Кремльдің Украинаға қатысты жүргізіп отырған саясаты мен басқыншылық идеяларын түбегейлі қолдайды.

Ол 2008 жылы Мәскеудің Грузияға шабуылын да жақтаған.

Еуразия одағы идеясы авторларының бірі деп аталатын Александр Дугин Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мақтайтын. Ол 2004 жылы "Назарбаевтың еуразиялық миссиясы" деген кітап та жазған. Назарбаев президент болып тұрған кезде Қазақстан астанасындағы Еуразия ұлттық университеті Александр Дугинге құрметті профессор атағын берген.

Азаттықтың Орыс қызметі Радио Свобода сайтының материалы бойынша дайындалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейлік белсенділер Еуразия Одағын құруға шақырды