Ресей президенті Владимир Путиннің үзеңгілесі әрі Ресей парламентінің жоғары палатасы - федерация кеңесінің жетекшісі Валентина Матвиенко елде «Бақыт министрлігін» құруды ұсынады. Оған мұндай идея Біріккен араб әмірліктеріне сапармен барған кезде келіпті. Жыл басында БАӘ билігі елде осындай министрлік құрылатынын хабарлаған.
13 сәуірде БАӘ премьер-министрі Мұхаммед бин Рашид әл-Мактуммен Дубайда кездескеннен кейін Матвиенко әліндей бастаманы қарастыру Ресейге де пайдалы деп санайтынын айтқан.
– Мұның басты идеясы – бақытты мектептер салып, сапалы қызмет көрсету арқылы елдегі әрбір тұрғынды бақытты ету, - деген оның сөзін келтіреді ТАСС және «Интерфакс» агенттіктері.
Мұның басты идеясы – бақытты мектептер салып, сапалы қызмет көрсету арқылы елдегі әрбір тұрғынды бақытты ету.Валентина Матвиенко, Ресей парламентінің федерация кеңесі жетекшісі
Матвиенконың айтуынша, ондай министрлік әр шешім қабылданбас бұрын «оның халықты бақытты ете алатынына көз жеткізетін» болады. Ол БАӘ үкімет басшысынан өзі естіген «әрбір бақытсыз адамды бақытты етуге болады, ал бақытты адам ешқашан террористке айналмайды» деген сөзді қайталады. «Мұндай министрлік Ресейге де қажет болар еді», - деді Валентина Матвиенко.
2011 жылға дейін Санкт-Петербург губернаторы болып қызмет атқарған Матвиенко президент Путиннің жақын серігі саналады әрі 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялауына байланысты АҚШ салған санкция тізімінде оның да есімі бар.
Егер стереотиптерді есепке алмасақ, Ресей «бақытсыз адамдар тұратын ел» саналмайды. Өткен айда Солтүстік Америка мен Ұлыбритания зерттеушілері Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен әлемдегі 156 елдің «бақыттылық рейтингін» жариялады. Оны әзірлеген авторлар мемлекеттегі жалпы ішкі өнім, халықтың орташа жасы, жемқорлық деңгейі, таңдау жасау құқығы сияқты көрсеткіштерді талдаған.
Бұл рейтингте Ресей Польшадан бір саты жоғары, Молдова мен Қазақстаннан төмен 56-орынды иеленген.
Айтпақшы, Біріккен араб әмірліктері – мұндай мемлекеттік мекеме ашқан алғашқы ел емес. 2013 жылдан бері Венесуэлада халықтың бақытына қатысты істер жөніндегі мекеме жұмыс істейді.
Ұлттық бақыттылық деңгейін көрсететін «бақыт индексін» есептеуді бұдан едәуір уақыт бұрын – 1970-жылдары бастаған Бутан корольдігінде сарапшылар ел азаматтарының қаншалықты бақытты екендігін анықтап, оны жариялап отырады.
Қазір Ресейдің түрлі проблемаларды бастан кешіп жатқанын ескерсек, Кремльдің Араб әмірліктері құсап білек сыбана бақыт министрлігін құруға кірісері неғайбыл. Алайда, егер аяқ астынан ондай шешім қабылданып жатса, онда ол Ресей, БАӘ және Венесуэлаға ортақ екінші нәрсе болмақ. Сарапшылардың пікірінше, бұл елдердің соңғы кезде экономикалық тұрғыдан «бақытсыз» күн кешуіне негізгі себепкер – мұнай.
(Майк Экелдің материалы ағылшын тілінен аударылды.)