– [Қытай басшысы] Си Цзиньпиннің Шыңжаңға сапары сол жердегі аз ұлттарға 2017 жылдан бері жасалып келе жатқан геноцидтік саясатын ары қарай жалғастыратынын білдіреді. Оның "исламды қытайландырамыз" деген сөзі "бұл жерде жасап жатқан саясатымыздан ешқашан бас тартпаймыз, ары қарай жалғастыра түсеміз" дегенді білдіреді, – дейді Шыңжаңдағы жағдайды халықаралық деңгейде көтеріп жүрген конгрестің жетекшісі Долкун Иса.
Цзиньпин 26 тамызда Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласына іссапарында "исламды қытайландыру саясатын ары қарай жалғастыру" керегін айтып, өлкеде "терроризм мен сепаратизмге қарсы күресті әлеуметтік даму жұмыстарымен және заңның үстемдігімен біріктіру керек" деп мәлімдеген.
"ИСЛАМ ДІНІНЕ ҚАРСЫЛЫҒЫ"
– Ислам діні қытайша немесе арапша деп бөлінбейді. Ал Қытай билігінің "қытайландырамыз" дегені – ислам дініне қарсылығы және үлкен соққысы. Сондай-ақ Си Цзиньпин Шыңжаңда ислам дінін жоқ қылуды көздейді, – дейді Мюнхенде тұратын Долкун Иса.
Қытай лидері Үрімжіге барғанда Шыңжаң шенеуніктеріне "заңсыз діни әрекеттерді бақылауда ұстауды" да тапсырып, "әлеуметтік тұрақтылық аймақтағы басты міндет болып қала беретінін әрі тұрақтылық дамудың заңды кепілі болатынын" жеткізген. Бірақ Долкун Иса Шыңжаңда қазір заңның күші жоқ екенін, заң ешқандай кепілдік бермейтінін айтады.
– Си Цзиньпин "заң бойынша жұмыс істейміз" дейді. Бірақ Шыңжаңда ешқандай заң жүрмейді, олар заңғы қарсы әрекет етеді. Тек Си мырзаның айтқанын жергілікті билік заң ретінде қабылдайды, бекітеді. Сондықтан Си Цзиньпиннің тапсырмалары ұйғыр, қазақ сынды аз ұлттарға жасалып келген қысымды одан әр тереңдете түсуі мүмкін, – деп алаңдайды Иса.
Си Цзиньпиннің Үрімжіге сапарынан кейін Human Rights Watch (HRW) халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы мәлімдеме жасап, Пекин Шыңжаң өлкесінде ұйғырлар мен басқа да түркітілдес мұсылмандардың құқығын бұзуды әлі жалғастырып жатыр деді. Ұйымның Азия бойынша директорының орынбасары Майя Ванг "БҰҰ-ға мүше елдер адамзатқа қарсы қылмысқа көз жұмбауы тиіс" деген.
ШЫҢЖАҢДАҒЫ "100 КҮНДІК СОҚҚЫ БЕРУ ШАРАСЫ"
Халықаралық ұйымдар бұған дейін Қытай билігі Шыңжаңда миллионнан аса ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды ешқандай сотсыз, айыпсыз лагерьге қамағанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "экстремизммен күрес" деп түсіндірген, ал лагерьлерді "кәсіп оқыту орталығы" деп атаған еді. Бірақ лагерьден шыққандар онда зорлық көргенін, таяқ жегенін, өздеріне белгісіз екпе салғанын айтқан еді. Бұдан бөлек Шыңжаң халқын жұмысқа жеккені, әйелдерді күштеп стерилизация жасатқаны, балаларды ата-анасынан айырғаны, адамдарды намаз я құран оқығаны үшін қудалағаны айтылған.
Ал Долкун Иса Шыңжаң халқының жағдайы әлі қиын екенін айтып, бұған халықаралық ұйымдар мен әлем елдері көз жұмбауы тиіс деп есептейді.
– Халықаралық ұйымдар мен БҰҰ Шыңжаңдағы қиын жағдайға байланысты бірлесе жұмыс істеуі керек. Геноцидті тоқтату – барлық мемлекеттің міндеті. Сол себепті уақытша алатын экономикалық қаржыға иек сүйемей, адамзатқа жасалып жатқан геноцидке қарсы тұру керек, – дейді ол.
Дүниежүзі ұйғыр конгресінің президенті биыл жазда Қытай билігінің Шыңжаңдағы "100 күн қатты соққы беру науқаны" өлкедегі халыққа қысымды күшейткен тағы бір шара болғанын айтады. Маусым айының аяғында Шыңжаңда "қатты соққы" атты 100 күндік шара енгізілгені хабарланған. Қытай басылымдары бұл шара кезінде бір жерге 30 адамнан артық жиналуға болмайтынын жазды. Билік қыркүйек аяқталғанша жалғасатын 100 күндік "қатты соққы" кезінде "қоғамға қауіп төндіретін қылмыстармен", "мафиялармен және қылмыстық ұйымдармен" күресетінін айтқан. Қытай басылымдарының жазуынша, заңсыз әрекеттерге "тәртіпсіздіктерге бастау, топ болып төбелесу, қоғамға қауіп төндіру, заңсыз жиналу, қоғамға зиян өсек тарату" кіреді.
Долкун Иса Шыңжаң өлкесінен ақпарат алу әлі қиын екенін айтады. Оның сөзінше, 2019 жылы Шыңжаңда "кәсіп игеру орталықтарындағы" "барлық адам шықты" деп мәлімдеген Қытай билігі қазір тактикасын өзгерткен.
– 2019 жылға дейін қамаудағыларды мәжбүрлі еңбекке салмады. Оларды "мен қазақ емеспін", "мен ұйғыр емеспін" "Си Цзиньпин мәңгі жасасын" деген секілді жасандылыққа тәрбиеледі, миын шайды. Мәжбүрлі түрде ұлтынан, тілінен бас тартуға, қытайша сөйлеуге және тек коммунистік партияны жырлайтын адамға айналдырып шықты. Бірақ 2019 жылдың аяғынан бастап лагерьлердің ішінен фабрика мен зауыт салды да, қамалғандардың барлығын сонда апарып, жұмысқа жекті. Сол арқылы пайда тапты. Ондағы отырғандарды тегін жұмыс күші ретінде пайдаланды. Қамалғандардың жартысын түрмеге, жартысын мәжбүрлі жұмысқа жекті, – дейді Иса.
2020 жылы Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) зерттеуінде Қытай Шыңжаң тұрғындарын жұмысқа жегіп жатқанын айтып, "Қытайдың ұйғырларға қарсы саясатының келесі кезеңі" деп атаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытай билігі ұйғырларды мәжбүрлі жұмысқа жеккен"Түрлі зерттеулер Пекин Шыңжаң жұртын жұмысқа жегіп жатыр деген соң Nike, Adidas, H&M сынды киім брендтері Қытайдан мақта алуды тоқтатқан еді.
"ҚЫТАЙ ШЫҢЖАҢ ЖҰРТЫН ОНЛАЙН БАҚЫЛАУҒА КӨШТІ"
БҰҰ мен Батыс елдеріндегі халықаралық ұйымдар осы фактілердің барлығына тәуелсіз зерттеу жүргізу үшін Шыңжаңға баруға Пекиннен рұқсат сұраған. Бірақ Қытай билігі адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдарды Шыңжаңға кіргізбей отыр. Ал Долкун Иса Қытай өзіне жақын елдердің елшілері мен дипломаттарын шақырып, оларға Шыңжаңда адамдардың "бақытты өмір" сүріп жатқанын көрсетуді жалғастырып жатыр деп отыр.
– Биыл жыл басынан бастап Қытай шетелде тұратын ықпалды адамдарды өздеріне шақырып, Шыңжаңды аралатып, олардың аузын майлап, Шыңжаңда ешқандай қысым жоқ деп айтқызып отыр. Яғни, экономикалық қысым көрсетіп әлем алдында өзін ақтап алмақ. Алайда былтырға дейін Қытайда әр ауыл, аудандардың кіре берісінде тексеру пункттері бар болатын. Ал биылдан бастап әрбір адамның телефонына арнайы бағдарлама орнатып, оларды онлайн түрде бақылауға көшті. Ірі қалалардың кіре берісінде тексеру бөлімшелері әлі тұр, – дейді Долкун Иса.
HRW биыл мамырда жариялаған зерттеуінде Қытай Шыңжаң тұрғындарынан телефонына Jing Wang Wei Shi қосымшасын орнатуды талап еткенін, сөйтіп халықтың телефонын аңдығанын жазған. Ұйымның айтуынша, Шыңжаң полициясы телефоннан діни файлдар табылған адамдарды тергеген. Қытай билігі мұндай файлдарды "экстремизм және терроризм белгілері бар" деп қарастырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ HRW: Қытай шыңжаңдықтардың телефонын аңдып, Құран файлдары табылса, қудалағанДүниежүзі ұйғыр конгресі Қытай билігі Шыңжаң тұрғындарынан осыдан бірнеше жыл бұрын жинап алған паспорттарын қайтарып беріп, кейбіріне қалаған еліне шығуға мүмкіндік беріп жатқанын анықтаған.
– Оларды құрдан-құр жібере салып жатқан жоқ. Солардың аузымен "міне, бізде шетелге шығамыз, Қытайда ешқанда қысым жоқ" деп өзіне жарнама жасатып, саяси лагерьдің елесін үзбек, – дейді Долкун Иса Азаттыққа берген сұхбатында.
Азаттық бұған дейін Шыңжаңнан Қазақстанға келген қазақтардың ашылып сөйлей бермейтінін, олардың "Қытайда қалған туыстары үшін алаңдайтынын" да жазған еді. Ал Долкун Иса жалпы Орталық Азия елдері Шыңжаңнан келген қазақ, ұйғырға қауіпсіз болмай тұрғанын айтады.
– Өзіміз білетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы бар. Осы ұйымға кіретін елдер қазір Қытайдың бақылауында. Мәселен, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында жүрген бір топ анаға Қазақстан билігі қысым жасап айыппұл салды. Олардың барлығы – Қазақстан азаматы. Өз азаматтарын аямаған елге басқалары қалай сенеді? – дейді Иса.
Шыңжаңнан Қазақстанға келген қазақ және ұйғырлардың біразы өміріне қауіп төнеді деген қорқынышпен АҚШ, Еуропа елдеріне я Түркияға кетіп қалған. Қытай қысымынан қашып, шекарадан заңсыз өткен ұлты қазақ Қайша Ақан, Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлімұлы да Астанадан азаматтық я үшінші елге шығу құжатын ала алмай жүр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытайдағы туыстарымызға да қысым басталды". Шыңжаңнан қашқан үш қазақ әлі босқын куәлігімен жүр