Қытай билігі Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандардың ұялы телефондарын арнайы қосымшамен аңдыған. Шыңжаң полициясы телефонында Құран сүрелері мен тойда айтылатын әндер сақтаған адамдарды тергеуге шақырған. Бұл туралы Human Rights Watch (HRW) ұйымының зерттеуінде айтылады.
HRW зерттеуінше, Қытай билігі Шыңжаң тұрғындарынан телефондарына Jing Wang Wei Shi қосымшасын, басқа жақтан келгендерден Feng Cai қосымшасын орнатуды талап еткен. Осы арқылы Шыңжаңдағылардың телефонын аңдыған. Шыңжаң полициясы телефоннан діни файлдар табылған адамдарды тергеген. Қытай билігі мұндай файлдарды "экстремизм және терроризм белгілері бар" деп қарастырған.
Нью-Йоркте орналасқан HRW ұйымының анықтауынша, Қытай билігі Шыңжаңдағы ұйғырлар мен мұсылмандардың телефонын аңду кезінде табылған 50 мың мультимедиа файлын "экстремизм" мазмұны бар деп белгілеген. Ұйым бұл материалдардың көбі діни файлдар болғанын айтады.
"Мәселен, Шыңжаң полициясы 2017-2018 жылдары 1,2 миллион телефонға 11 миллион тексеріс жүргізген" дейді ұйым зерттеуінде.
HRW ұйымы Шыңжаңның 1400 тұрғынынан табылған 1000 файлдың 57 пайызы Құран сүресі сияқты діни материал болғанын айтады.
"Файлдардың ішінде зорлық-зомбылық белгісінен тұратын контент баршылық, бірақ зорлыққа еш қатысы жоқ файл көп. Мың файлдың 9 пайызы – зорлық-зомбылық белгісі бар контент, 4 пайызы – зорлық-зомбылыққа, жиһадқа шақыру белгілері байқалатын материалдар" деп жазады HRW.
HRW Шыңжаң полицейлері телефон аңдып қолға түсірген файлдардың ішінде мынандай материалдар барын анықтаған:
- Құран оқу мен үйлену тойларында айтылатын әндер,
- Қытайда қызметіне тыйым салынған "Шығыс Түркістан" ұйымы, Әлемдік ұйғыр конгресі жайлы материалдар;
- АҚШ қаржыландыратын "Еркін Азия" сайтының ақпараты;
- 1989 жылғы Тяньаньмэнь алаңындағы көтеріліс жайлы контент;
- Сирия туралы видеолар;
- Шешенстандағы ислам топтары, Мексикадағы есірткі сататын картельдердің, "Ислам мемлекеті" террористік тобының адамды азаптап немесе өлтіріп жатқан видеолары.
HRW "Қытай полициясының файлдарына қарап, Шыңжаңдағы мұсылмандардың көбі дін ұстағаны үшін экстремизмді қолдаушылар деп айыпталған" деп мәлімдеді. Бұл файлдар кейін Шыңжаңдағы мұсылмандарды лагерьге қамауға негіз болған.
"Шыңжаң өлкесі Ақсу қаласындағы лагерьге 2018 жылы қамалған 2 мың адамның 10 пайызы телефонында "экстремизм" файлдары бар я сол файлдарды жүктегені үшін ұсталған" дейді HRW.
"Қытай билігі Шыңжаңда аңду технологиясын қолдану арқылы ұйғырларды телефонына жай ғана Құран үзіндісін сақтағаны үшін қудалаған. Бұл жағдайға алаңдайтын мемлекеттер аңдуға қатысы бар компаниялар мен мекемелерді анықтап, шара қолдануы керек" дейді Human Rights Watch ұйымының Қытай бойынша өкілі Майя Ванг.
HRW тексерген бұл файлдар – Шыңжаң полициясының деректерінен тарап кеткен 52 гигабайт құжаттың бір бөлігі. 52 гигабайт құжатты АҚШ-та орналасқан Intercept медиасы 2019 жылы қолға түсірген еді, бірақ қазірге дейін еш жерде жарияланбаған.
Қытай билігі Шыңжаң өлкесінде байырғы кезден бері тұратын ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарды "саяси лагерьлерге" жаппай қамағанын халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.
БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, 1 миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін үйреткен. Лагерьден шығып, Шыңжаңнан қашқан қазақтар мен ұйғырлар "дін ұстанып, Құран оқығаны үшін, шетелдегі туыстарымен байланысқаны үшін қамалғанын" айтқан.
Зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халық санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер ол жерде сақшылар зорлағанын, ал ер адамдар қамауда азапталғанын айтқан. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптады.
Қытай билігі саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы", ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атап, әлгіндей айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Пекин Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін Шыңжаңға кіргізуден бас тартқан. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
ПІКІРЛЕР