БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет қызметінен кетіп жатқан тұста Қытайдың мұсылман халықтарды қудалау саясаты туралы баяндама жариялап, "Шыңжаңда "адамзатқа қарсы қылмыс" деп бағалауға болатын құқық бұзушылықтар жасалған" деп мәлімдеді. Ұйғыр белсенділері Қытайдың қылмысын халықаралық деңгейде мойындаудың маңызы зор деп есептейді.
БҰҰ-ның отставкаға кетіп жатқан комиссары Мишель Бачелет "Қытай Шыңжаң өңірінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да халықтарды саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне жауып, адам құқығын бұзған, бұл құқық бұзушылықтарды "адамзатқа қарсы қылмыс" деп бағалауға болады" деп мәлімдеді.
Бачелеттің соңғы жұмыс күнінде жарияланған баяндамада Шыңжаң мұсылмандарының жаппай ұсталып, мәжбүрлі еңбекке жегіліп, жыныстық зорлық пен азаптауға ұшырап, отбасынан ажыратылғаны жазылған. Зерттеу авторлары Қытайды ұлттық қауіпсіздік туралы заңды пайдаланып, аз ұлттардың құқығын бұзып, адамдарды жаппай ұстау жүйесін құрған деп айыптайды.
31 тамызда жарияланған 48 парақтан тұратын баяндамада "геноцид" (АҚШ үкіметі мен бірқатар Батыс мемлекеттерінің парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп атайды) сөзі қолданылмаған. Бірақ ұйғыр белсенділері мен құқық қорғау топтары көп жылға созылған күрес пен қаншама тәуелсіз зерттеуден кейін алғаш рет өз позициясы дұрыс екенін көздері жетіп отыр.
"Бұл халықаралық қауымдастықтың Шыңжаңдағы жағдайға реакциясын түбегейлі өзгертеді. БҰҰ Қытайда сұмдық қылмыс жасалып жатқанын ресми түрде мойындады" деді Адам құқықтары жөніндегі ұйғыр жобасының атқарушы директоры Омер Канат.
Пекин Шыңжаңдағы қысым туралы кез келген ақпаратты жоққа шығарып, ұйғыр белсенділерінің сөзі жалған деп айтып келеді. Қытай шенеуніктері БҰҰ-ға қысым жасап, баяндаманы жариялауға бірнеше рет кедергі келтірген. Шыңжаңда азапталған адамдар мен белсенділер баяндама жарыққа шықпауы мүмкін деп те алаңдаған.
"БҰҰ-ның баяндамасы өте маңызды. Ол ұйымға мүше мемлекеттер, БҰҰ органдары мен бизнес қауымдастықтың маңызды әрекетіне жол ашады. Жауапкершілік осы сәттен басталады" деді Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің президенті Долкун Иса.
ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЗОРЛЫҚ ФАКТІЛЕРІ
Баяндама кейінгі жылдары куәгерлер сөзі мен тәуелсіз зерттеулерден, Қытайдың мемлекеттік құжаттарынан белгілі болған Шыңжаңдағы мұсылман халықтарды жаппай қайта тәрбиелеу лагеріне жабу фактілерін растайды.
Саяси қайта тәрбиелеу лагерьлері туралы ақпарат тарағанда Қытай билігі басында бұл деректі жоққа шығарып, кейіннен лагерьлер жергілікті халықты жұмыспен қамтып, тіл үйретіп, радикализммен күресу мақсатында құрылғанын айтқан.
БҰҰ баяндамасына сәйкес, 2017-2019 жылдары Шыңжаң тұрғындары жаппай саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне жабылған. Құжатта бұл уақыт аралығында қанша адам ұсталғаны туралы нақты дерек жоқ. Бірақ БҰҰ-ның осыған дейінгі есебінде Шыңжаң лагерьлерінде ондаған мың адамнан миллионға дейін тұтқын бары көрсетілген.
Баяндама авторлары лагерьде болған куәгерлердің сұхбаттарына сүйеніп, азаптау түрлерін, тұтқындардың ар-ожданын қорлайтын әрекеттерді, жыныстық зорлық фактілерін толық сипаттап жазған.
Құжатта "Куәгерлердің сөзінше, оларды "жолбарыс орындыққа" байлап, таяқпен, электрошокермен ұрған; бетіне су шашып, тергеген; ұзақ уақытқа бір адамдық камераға қамаған; кішкентай орындықта сағаттап тапжылмай отыруға мәжбүрлеген" деп жазылған.
Лагерь тұтқындары үнемі бақылауда болған. Оларға ас-cу бермей, Қытай Коммунистік партиясының пропагандасы мен патриоттық әндерін жаттатқан. Жиі ине салып, ұйқы шақыратын дәрі берген. Баяндама авторлары бұл әрекеттерді "адамзатқа қарсы қылмыс" деп бағалайды.
"Бұл халықаралық пікірді өзгертіп, БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен халықаралық бизнес-қауымдастық тарапынан реакция туғызуға көмектеседі", дейді Киссинджер институты Вудро Вильсон атындағы халықаралық ғылыми орталықтың Қытай және АҚШ бойынша зерттеушісі Брэдли Джардин.
Ұйғыр белсенділері халықаралық корпорациялар мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттер бұл баяндаманы Пекинге қысымды күшейту үшін қолданады деп үміттенеді.
20 мемлекеттегі 60 ұйғыр ұйымынан құралған топ әлем елдерін шара қолдануға, әртүрлі ұйымдардан Шыңжаңдағы қысым бойынша зерттеу жүргізіп, есеп беруді талап етуге шақырды. Қытай бойынша парламентаралық альянс (IPAC) корпорацияларды құлдыққа қарсы күресті күшейтіп, Шыңжаң жұртын жұмысқа жегетін тауарлардан аулақ болуға үндеді.
"Белсенді ретінде баяндаманың бұдан да мықты болғанын қалаймыз. Бірақ жоғарғы комиссар кеңсесінің құзыретін ескеріп, бұл бүкіл әлем елдері мен компанияларының реакциясына негіз болатын жақсы баяндама деп сеніммен айта аламыз" деді Safeguard Defenders құқық қорғау тобының директоры Лаура Харт.
ҚЫТАЙДЫҢ ЖАУАБЫ
БҰҰ баяндамасымен алдын-ала танысқан Пекин Шыңжаңда жасалған қылмыстарды жоққа шығарды. Қытай 131 парақтан тұратын қарсы баяндама ұсынды. Онда Қытайда терроризм қаупі болғаны, мемлекеттік дерадикализация бағдарламасы мен кәсіби оқыту және қайта дайындау орталықтары Шыңжаңға тұрақтылық әкелгені жазылған.
Пекин делегациясы БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінде баяндамада көрсетілген фактілерді жоққа шығарып, "бұл – елдің ішкі ісіне араласып, Қытайдың беделіне нұқсан келтіріп, жала жабу амалы" деп ақталған.
Қытайдың 1 қыркүйекте жариялаған мәлімдемесінде "Бұл – фактілерге негізделмеген, АҚШ, Батыс елдері мен Қытайға қарсы күштердің адам құқықтарын саяси құрал ретінде қолдану пиғылын көрсететін құжат" делінген.
Қытай "ұйғыр содырлары тәуелсіз мемлекет құру үшін жанкештілікпен күресіп келеді" дегенді жиі айтады. Бірақ Пекинді сынаушылар Қытай бұл қауіпті әсірелеп, ұйғырлар мен басқа да мұсылман топтарына қарсы қуғын-сүргінді ақтап алғысы келеді дейді.
Шыңжаңдағы қылмыс куәгерлері көбейіп, халықаралық қысым артқан сайын Пекин лагерьлерді азайтып жатқанын айта бастады. Баяндама авторларының пікірінше, бұл Қытайдың саяси қайта тәрбиелеу лагерьлерінен азаматтарды жаппай түрмеге жауып, бас бостандығынан айыру шарасына көшкенін білдіреді.
БАЯНДАМА АВТОРЛАРЫНА ҚЫСЫМ КӨРСЕТУ
Бачелеттің кеңсесі Шыңжаңдағы геноцид туралы зерттеу бір жыл бұрын жүргізілгенін, бірақ баяндаманы жариялау уақыты бірнеше рет кейінге шегерілгенін мойындады. Бірқатар құқық қорғау ұйымдары бұған Пекинді кінәлап, Қытай қылмысын жасыру үшін БҰҰ-ға қысым көрсетіп отыр деп топшылаған.
Бачелет тамыздың соңында журналистерге берген жауабында баяндамаға қатысты үлкен қысымға ұшырап жатқанын растады.
Адам құқықтары жөніндегі комиссар мамырда Қытайға барып, сынға қалған. Ол Шыңжаңға аз аялдап, көп уақытын Қытайдың шенділерімен кездесуде өткізген. Ұйғыр белсенділері Бачелет Пекиннің ырқына жығылып, Шыңжаңдағы зорлық-зомбылық фактілерін жасырып қалғысы келеді деп айыптаған.
Адам құқықтары жөніндегі адвокат, ұлты ұйғыр Райхан Асаттың ағасы саяси лагерьде тұтқында болған. Ол Азаттыққа БҰҰ-ның соңғы баяндамасы Шыңжаңдағы құқық бұзушылықтарды жоғары деңгейде зерттеуге және іс-түзсіз жоғалған азаматтарды табуға негіз болады деген үмітін айтты.
"Бұл отбасыларды ажырату саясатын тоқтатып, жоғалған адамдардың тағдырын анықтап, жазықсыз азаматтарды босатуға болады деген үміт сыйлады. Дағдарыс шешіліп, жазықсыз жапа шеккен адамдар туралы есеп беріледі деп үміттенемін" деді ол.
ПІКІРЛЕР