Accessibility links

"Лагерь рухымды сындырды". Шыңжаңда қамауда болған қазақ ақынның бастан кешкені


Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққан қазақ ақыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:48 0:00

Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққан қазақ ақыны Жазира Әсенқызының Азаттыққа берген сұхбаты.

Қытайдың Шыңжаң өлкесі Алтай аймағы Жеменей ауданында туып-өскен 46 жастағы Жазира Әсенқызының есімі Шыңжаң қазақтарына етене таныс. Оның өлеңдері мен әңгімелері жергілікті басылымдарда жиі жарияланатын, қытай тіліне де аударылған. Алтай аймағының жазушылар қоғамы, Іле облыстық жазушылар қоғамы, Қазақ мәдениет қоғамы, Шыңжаң аудармашылар қоғамының мүшесі. Ол Шыңжаңда жүргенде жазушылықпен қоса жеке кәсіппен де айналысқан. Бірақ 2017 жылы ұсталып, саяси лагерьге қамалған соң бизнесі күйреп, шығармашылығы да тоқыраған. Қамауда бір жарым жыл отырып шыққан Әсенқызы 2019 жылы жалғыз өзі Қазақстанға қоныс аударған. Қазір Алматы қаласында пәтер жалдап тұрып жатыр. Жазираның басынан кешкенін қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.

"СИ ЦЗИНЬПИНДІ КӨРСЕТЕ БЕРДІ"

2017 жылдың 3 мамыры болатын, үйде нағашыларыммен таңғы шайды ішіп отырғанбыз. Жеменей аудандық қоғамдық қауіпсіздік мекемесінде қызмет істейтін қазақ жігіт қоңырау шалып, келіп кетуімді өтінді. "Паспортыңызды ала келіңіз" деді. Оған дейін жергілікті тұрғындардың паспорттарын жинап жатқанын естігенмін. "Ел қатарлы паспорт жинап жатқан болды ғой" дедім де, бардым.

Кірген жерден алқамды, моншағымды, сырғам мен телефонымды сыпырып алды. "Бізде тәртіп өзгерген. Есік алдына қалдырып кетесіз. Шығарда қайтарып аласыз" деп түсіндірді. Содан кейін телефонымның құпиясөзін сұрады. Ашып, ішін тексерді, ештеңе таппады. Ішке кірген соң қолыма кісен салып, сұраққа алды.

Шыңжаң қазағы Жазира Әсенқызының лагерьге дейінгі суреті.
Шыңжаң қазағы Жазира Әсенқызының лагерьге дейінгі суреті.

Одан соң үйіме келді. Жеке кітапханамда 1500-дей кітабым бар еді. Солардың арасынан бірінші құранды, Шәкәрімнің кітабын суырып алып, бұлар қайдан жүр деп тағы да сұраққа алды. Шәкәрімнің кітабын алғанда "Мына уахаббиспен қандай байланысың бар?" деді. Мен "Бұл – әлем таныған Абайдың інісі, ақын, ағартушы адам. Ол кезде барлық адам осылай сақал қоятын. Осыдан 100 жыл бұрын өліп қалған" деп күлдім. Олар "сен қарсылық көрсеттің" деп жазып алды.

Күні бүгінге дейін "лагерьге неге кірдім?", "неге шықтым?" деген сауалдың жауабын таба алмай келемін. Себебі лагерьге кірген сәттен үш сұрақты қоюға тыйым салды. "Неге қамалдым?", "Қашан шығамын?" және "Бұл жердегі жағдай неге жаман?" деген үш сұрақты қоймайсыңдар" деп ескертті.

Ол жерде көк түсті, қызыл түсті пластик орындықтар болады. Соған отырамыз. Жоғарыға үлкен экран іліп қойған. Одан Си Цзиньпиннің Африкаға, Сауд Арабиясына барған сапарларын, Қытайдың жеткен жетістіктерін көрсете береді. Таңнан кешке дейін "Біз дүние жүзіндегі жетекші елге айналамыз. Әлемдегі жетекші тіл – қытай тілі болады. Сондықтан тілді жақсылап үйреніңдер. Болашақта сендер Қытай топырағында туғандарыңды мақтан тұтасыңдар" деп айта берді.

"ЛАГЕРЬДЕ БАСЫМ ЖАРЫЛДЫ"

Лагерьде жазықсыз шырылдап отырғандар көп – жас балалар, орта жастағы аналар, ақ самайлы әжелер. Ешқайсысы лагерьде не үшін отырғанын білмейді. Күніне бір-бір жарым сағат аулаға шығарып, әскери жаттығу жасатады. Сексенге келген адамды білесіз, жаттығу жасамақ түгілі аяғын әрең алып жүреді. 70-80 жасқа келген кейуаналарды "Сен дұрыс жасай алмадың" деп қылтасынан теуіп құлатқанын, "тік тұра алмадың" деп жауырынынан ұрғанын көрдім.

Лагерьде есік-терезесі жоқ, қараңғы бөлме болды. "Айтқанымызға көніп, айдағанымызға жүрмесең сол үйге қамаймыз" деп қорқытады. "Жолбарыс орындық" деген темір орындық болды. Аяқ-қолыңды кісендеп 72 сағатқа отырғызып қояды. Бетонның үстіне жатамыз. Астымызға төсеуге берген көрпенің жұқалығы сондай, ар жағынан күн көрінеді. Қасақана жылуды өшіріп тастайды. Соның салдарынан белім шойырылып қалды. "Белім ауырады, дәрігерге апар" дегенім үшін төрт сағат тік тұрғызып қойды. Сол кезде есімнен танып құлап, бас сүйегім жарылған. Қазір жарылған жерім сыртына қарай шығып біткен. Басқан кезде томпиып білініп тұрады. Тамақтан тарығып кеттік. Малдың жемі секілді тамақ береді. Картоп, сәбіз, қырыққабаттарды жумай, кесек-кесек етіп турап, қайнатып береді.

Шыңжаң қазағы Жазира Әсенқызының лагерьге дейінгі суреті.
Шыңжаң қазағы Жазира Әсенқызының лагерьге дейінгі суреті.

Лагерьде жап-жас қазақтың екі қызы болды, екеуі бала күннен бірге өскен құрбы екен. Бірде екеуі шүйіркелесіп отырған еді. Сол екеуіне "сендер не жоспарлап отырсыңдар. Бізге жоғарыдан түскен бұйрық бар. Сендерді өлтіріп тастасақ та сұрауларың жоқ" деп тепкіледі. Лагерьге алғаш түскен күні жылап-жылап, құладым, әлсіреп қалдым. Өйткені маған екі күн бойы тамақ бермей тергеді. Бірақ есімді білетін едім. Сол кезде түрме бастығының "Өлсе өле берсін, бұлар сұраусыз" дегенін өз құлағыммен естідім.

Мен әдебиеттен тыс, сауданы жақсы көрдім. Үш бірдей бизнесім болды. Біріншісі – "Қырмызы" импорт-экспорт серіктестігі. Серіктестік Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мен Моңғолияға үй жиһаздарын жіберумен айналысты. Бұдан басқа өзім құрған "Селбестік" кооперативі қазақтың ұлттық киімдерін, қыз жасауын, саяхат бұйымдарын өндірді. Қол астымда отызға жуық жұмысшы болды. Үйде отырған аналарды кәсіпке тарттым. Бұдан басқа өндірілген тауарларды сатуға арналған шағын дүкенім бар еді.

Бір қызығы Қытай билігі өздерін айыптай сөйлеген елге "біз қытай тілін білмейтін, кәсіпсіз адамдарды апарып, қайтадан оқыттық, соларды кәсіпке баулыдық, оларға қытай тілін үйреттік" деп ақталды. Бірақ лагерьде отырғандардың ішінде мұғалім де, үкімет қызметкері де, тіпті бастауыш сыныптан бастап жоғары сыныпқа дейін тек қытай тілінде оқығандар да болды. Сондықтан "біз оларға қытай тілі мен кәсіп үйреттік" дегені ақылға сыймайды. Мысалы, өзімнің үш бірдей бизнесім болды. Өзім қытай тілін жетік білемін. Егер Қытай билігінің айтқаны рас болса, мені не үшін қамады?

2018 жылдың 23 желтоқсанынан бастап бізді лагерьде қалай қамаса, солай шығара бастады. Мен 25 желтоқсанда түн ортасында босап шықтым. Одан кейін алты ай үйқамақта болдым. 2019 жылы 3 маусымда алпыстан асқан анам мен екі сіңілімді сонда қалдырып, қашқандай болып Зайсан шекарасы арқылы Қазақстанға өттім.

Қытай билігі – коммунистік жүйе. Қолдан құдай жасайды. "Сендердің құдайларың – бізбіз, Си Цзиньпин. Марксизм-ленинизм жолымен жүріңдер. Мао Цзэдун идеясын үйреніңдер. Сендерді жұмаққа апаратын да, тозаққа түсіретін де біз" дейді. Сондықтан да ондағы аз ұлттардың барлығы қашқысы келеді.

"ҚАЗАҚСТАН ВИЗА УАҚЫТЫ ӨТІП КЕТСЕ ДЕ, ҚАЙТА ВИЗА ЖАСАП БЕРДІ"

Қазақстан билігіне алғыс айтатын бір ғана жерім – маған, маған ғана емес, Қытай қысымынан қашып шыққандардың барлығына жеңілдік жасады. Мысалы, заң бойынша мен осы жаққа келу үшін виза аштырғаннан кейін, Қазақстанға келмей, виза мерзімі өтіп кетсе, екінші қайтара рұқсат берілмейді. Лагерьге қамалардың алдында бір жылға виза аштырған едім. Бірақ шекарадан өтіп үлгермедім. Бір жарым жыл саяси лагерьде отырған кезде визаның уақыты аяқталып кетті. Соған қарамастан Қазақстанға үш жылға виза ашып берді. Бұл бір қазақ болса да келе берсін деген ниет болу керек. Екіншісі, келгеннен кейін үш айдың ішінде азаматтығымды берді.

Жазира Әсенқызының "Алтай аясы" журналына шыққан "Күнделік" атты әңгімесі.
Жазира Әсенқызының "Алтай аясы" журналына шыққан "Күнделік" атты әңгімесі.

Алғаш Қытайдан келіп, Нұр-Сұлтан қаласына орналасып жатқан кезімде "Ұлттық қауіпсіздік комитетіненмін" деп бір жігіт қоңырау шалып, Қытайда лагерьде көргендерім туралы сұрағысы келетінін айтты. Кафеде кездесіп, төрт сағатқа жуық әңгімелестік. Басымнан өткенді, көрген, көңілге түйгенімді жіпке тізгендей қылып айтып бердім. Ең соңында "Мұны не үшін сұрадыңыз? Қытайда қамауда қалған қандастарға көмектеріңіз тие ме?" деп сұрағанымда "Жоқ, Қытайдың ішкі саясатына араласа алмаймыз" деді.

Қазір ешнәрсемен айналысып жүрген жоқпын. Қытайдағы бизнесім мен лагерьде отырған кезде тұралап қалды. Лагерь мені рухани жақтан да, экономикалық тұрғыдан да сындырды, денсаулықтан да айырды.

Шыңжаңдағы жағдай

Қытай билігінің Шыңжаң өлкесінде ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан тарай бастаған.

2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады. 2020 жылы маусымның аяғында жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған.

АҚШ пен Батыс мемлекеттері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. АҚШ – Қытайға Шыңжаңдағы іс-әрекетіне бола санкция салған алғашқы ел. Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қуғын-сүргінге ресми баға бермеді. Ресми билік өкілдері бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдай – Қытайдың ішкі мәселесі" деген.

Қазақстанда Шыңжаңда туысымыз қалды деген бір топ адам бірнеше жылдан бері Алматыдағы Қытай консулдығына, Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігіне барып, жақындарын босатуды талап етіп жүр. Қазақстан оларға "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен бірнеше рет айыппұл салған.

Қаңтар оқиғасы кезінде де күштік құрылым тарапынан бізге, әсіресе лагерьге отырып шыққандарға аңду күшті болды. Бұл жақта "Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары" дегендер болады екен. Не аты-жөнін, не телефонын айтпайды. Кез келген жерде сені ұстап алып, "Қаңтар оқиғасы туралы не білесің? Оралмандар қатысты ма?" деген сияқты адам түсінбейтін сұрақ қояды. Шынымды айтсам, қорландым. Өйткені Шыңжаңда тұрғанда басқа елде тұрғандықтан өгейлік көрдік.

Жазира Әсенқызының "Шұғыла" журналына шыққан "Мұнара" атты әңгімесі.
Жазира Әсенқызының "Шұғыла" журналына шыққан "Мұнара" атты әңгімесі.

Ал атажұртымызға келгенде Қытайда туып-өскеніміз үшін қысымға алындық. Сонда қайда барамыз?! Бізге алаңсыз өмір сүретін күн бола ма? Мысалы, мамырда Германияға Шығыс Түркістан ұлттық кеңесінің екінші құрылтайына барып келдім. Жетекшілері өздері хабарласып, "лагерьде көргеніңізді айтып бересіз бе?" деген соң келістім. Келгеннен кейін тағы да өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілімін деп таныстырған белгісіз адам қоңырау шалып, "Германияға неге бардың? Бізден неге рұқсат алмайсың? Ол жерде не айтылды?" деп сұраққа алды. Сонда мен шетелге шығу үшін де олардан рұқсат сұрауым керек пе, әлде қылмыс жасаған, жазасын өтеп бітпеген адам ба едім? Қазақстаннан күніне ондаған адам шетелге кетеді. Солардың барлығы ҰҚК-ның рұқсатымен кетіп жатыр ма?!

Қазақстанға келген соң "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қоры арқылы дәрігерлік тексеруден өттім. Жақында ішкі құрылысыма ота жасатты. Лагерьден шыққалы ұмытшақтық пайда болды. Бұл тек менде ғана емес, лагерьден шыққандардың барлығының басында бар. Шыңжаңда саяси лагерьде отырғанда белгісіз екпе салған. Оны "жұқпалы аурулардан қорғайды" деп түсіндірген еді...

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG