Accessibility links

"Қытайдан шығармай отыр". Шекараның екі жағында қалғандар туысымен қауышуды күтіп жүр


Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдына келіп, Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп тұрған адамдар. 8 маусым 2022 жыл.
Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдына келіп, Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп тұрған адамдар. 8 маусым 2022 жыл.

Шыңжаңда мұсылмандарға қарсы қуғын-сүргін басталғалы бері ол жақта қалған туысының тағдырына алаңдаған қазақстандықтар екі елдің билігінен жақындарын Қазақстанға қайтаруды талап етіп келеді. Қытай дипломаттары Азаттықтың осы мәселе жайлы сұрақтарына жауап бермеді. Ал Қазақстан "өзге елдің ішкі шаруасына араласа алмайтынын" айтады. Азаттық Қытайдағы туысын сарыла күтіп жүрген Қазақстандағы үш отбасының қазіргі жағдайымен танысты.

"ҰЛЫМДЫ ҚЫТАЙҒА ТАСТАП КЕТУГЕ МӘЖБҮР БОЛДЫМ"

Қадылбек Мәлік (өз өтініші бойынша, аты-жөні өзгертіліп берілді – автор) бізді Талдықорғанның сырт жағындағы айналма жолдан күтіп алды. Орта бойлы, толықтау келген, жас шамасы отыздағы жігіт көлікке отырар-отырмастан басындағы тақиясын шешіп, қол орамалмен бетінің терін сүртті. Аман-саулықтан кейін барар бағытымызды көрсетті. Қала іргесіндегі "Үйтас" саяжайының ішіндегі асфальт төселмеген ескі жолмен жүріп келеміз.

Қадылбек әйелі екеуі бұдан үш жылдай бұрын Қытайдың Шыңжаң өлкесі Шәуешек қаласына қарасты Шағантоғай ауданынан атамекенге көшіп келгенін, екіден енді асқан ұлы Құрманды Қытайдағы әке-шешесіне қалдырып кетуге мәжбүр болғанын айтты. Ерлі-зайыпты Қазақстанға келген соң дүниеге егіз ұл келген. Қазір төртеуі де Қазақстан азаматы, Алматы облысындағы саяжайда тұрып жатыр.

– Басқа аурудың емі табылады ғой. Сағыныштың емі табылмайды екен. Таңғы үш-төртте оянып кетеміз. Содан кейін ұйықтай алмаймын. Қытайда қалған балам да бізді іздеп жылайды екен, – дейді Қадылбек.

Ойлы-шұңқыр жолмен едәуір уақыт жүріп, саяжайдың шетінде орналасқан ескі құжыраның алдына тоқтадық. Есік алдында шамамен үш жасар егіз ұл бала ойнап жүр. Әріректе, ағаш арасында қолмен кір жуып отырған әйел Қадылбектің зайыбы екен.

Кезінде саяжайға деп салынған шағын үйдің алдындағы үстін шаң басқан ескі диванға жайғасқаннан кейін Қадылбек әңгімесін әрі қарай жалғастырды.

– Шынымды айтайын, алды-артыма қарамай, қашқандай болып келдім ғой Қазақстанға. Ұлымның құжатын дайындап үлгермедім, сосын еріксіз әке-шешеме қалдырып кеттім, – дейді ол.

Қадылбектің қазіргі арманы – шекараның ар жағында қалған қарт ата-анасымен, бес жасар ұлымен қауышу. Ол Шыңжаңдағы әке-шешесі мен баласына Қазақстаннан көші-қон органы арқылы өзі бірнеше рет жіберген шақыру хатының көшірмесін көрсетті.

ТҮРМЕ МЕН ЛАГЕРЬ АЗАБЫ

Қадылбек 2009-2013 жылдар аралығында Үрімжі қаласында заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алыпты. Айтуынша, бірнеше жыл Шағантоғай ауданындағы полиция мекемесінде жұмыс істепті. Кейін жеке кәсібін ашып, саудамен айналысқан. Қытай мен Қазақстан арасында тауар тасыған.

– 2017 жылы сәуір айында Шағантоғайдың сақшылары келіп, дүкенде отырған жерімнен ұстап әкетті. Сондағы таққан айыбы – жұма намазға барғансың және дүкеніңе Қазақстан байрағын іліп қойғансың дейді. Ал шындығында, Қытай мен Қазақстанның байрағын қатар қойған едім. Себебі, сол кездегі саясат сондай болды. Екі елдің достығын, татулығын жиі дәріптейтін. Бізде екі елдің арасына сызат түсірейік я мемлекетті төңкеріп тастайық деген ой да, ниет те ешқашан болған жоқ. Өз көлеңкесінен өздері қорықты, – дейді ол.

Шыңжаңдағы лагерьлердің бірі. Қытай, 23 сәуір 2021 жыл.
Шыңжаңдағы лагерьлердің бірі. Қытай, 23 сәуір 2021 жыл.

Аяқ-қолы кісенделіп, төрт ай түрмеде отырғанын, кейін бір жарым жыл саяси лагерьде болғанын айтады.

– Түрмеде бір камерада 8 адам отырдық. Далаға шығармайды. Күн көзін көрмейсің. Суық сумен жуындырады. Күніне үш уақыт тамақ береді. Тамақ деген аты ғана, суға қайнаған күріш пен бір тал момо (ашытып пісірген нан). Бірақ оған қарның тоймайды. Ал лагерьде түрмеден де қиын болды. Тамағы тіпті нашар болды. Түрмеде әжетхана болды. Ал лагерьде ол да жоқ. Шелек қойып қояды. Сегіз адам соған зәр сындырамыз. Қолқаны қабатын сасық иіске тұншығып отырамыз. Камераның терезесі ашылмайды, шегелеп тастаған. Ауасы тар, жүрек қысады. Үлкен дәретке күніне бір-ақ уақыт камерадан сыртқа шығарады. Сол үшін тамақты аз береді. Көп адам сол жерде өкпе ауруына шалдықты. Кейін лагерьден 23 келіге арықтап шықтым, – дейді Қадылбек Мәлік.

Ол лагерьде болған кезде 200-ге жуық адамның тұрақты қамауда отырғанын, тағы сол шамадағы адамның келіп-кетіп жүргенін айтады. "Олардың кейбірі бір апта, енді біреулері бір ай отырды. Кейбірі күндіз лагерьде болып, кешке үйіне барып қонып, сосын қайтып келетін" дейді Қадылбек.

"ҚЫТАЙ ӘКЕ-ШЕШЕМДІ ҚАЗАҚСТАНҒА ЖІБЕРМЕЙ ОТЫР"

Қадылбек үлкен ұлы қырқынан шыққан кезде қамауға алынғанын айтады. "Балам екі жасқа толғанда босап шықтым. Бірақ бір жылға жетер-жетпес шақта одан тағы ажырап қалдым" деп күрсінеді ол.

Қытайдағы қуғын-сүргінді көргендердің айтуынша, 2016 жылдың аяғына қарай Шыңжаң полициясы сонда байырғы заманнан бері тұрып жатқан қазақ және өзге де мұсылман ұлт өкілдерінің жеке басын куәландыратын құжатын жинап алатын болған. Ал келесі жылы адамдарды жаппай ұстап, ел арасында "саяси лагерь" аталып кеткен орталыққа жинау басталған. Онда қытай тілі мен заңдарын оқытып, Қытай коммунистік партиясын мадақтайтын өлең мен ән жаттатқызған. "Саяси лагерьге" мәжбүрлі түрде жіберілгендердің арасында Шыңжаңда туып-өскен, кейін атамекенге көшіп, Қазақстан азаматтығын алған қазақтар да болды. Оларды Шыңжаңға туыстарына қыдырып я кәсіп істеп барғанда ұстап, шығармай қойған.

Шыңжаңдағы қуғын-сүргін кезінде намаз оқыған я діни уағыз жүргізгені үшін азаматтарды қудалап, кейбірін соттап, "саяси лагерьге" қамағаны туралы Азаттыққа олардың өздері де, туыстары да айтқан.

Шыңжаңда ауыл мешітінің есепшісі болған Бақтияр Мекешұлының әңгімесі (31 наурыз 2022 ж.)

Шыңжаңда қамауда болған мешіт қызметкері отбасын жіберуді сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:32 0:00

2019 жылы "саяси лагерьде" қамауда отырғандардың кейбірі босап шыққан. Шыңжаңдағы жергілікті қазақтардың кейбіріне Қазақстанға кетуіне рұқсат берген.

Бас-аяғы бір жыл тоғыз ай қамауда болған Қадылбек Мәлік те осы сәтті пайдаланып, 2019 жылы әйелімен бірге Қазақстанның Алматы облысына қоныс аударған.

Қадылбек – отбасындағы жалғыз ұл. Өзінен үлкен екі әпкесі де тұрмыста. Алпыстан асқан ата-анасы қазір Қытайда кішкентай немересімен бірге тұрып жатыр.

– Бір-бірінен ажырап, екі елде қалып қойған отбасы мүшелерін бір-біріне қосу туралы ереже халықаралық заңда да бар ғой. Шындығында олар әкемнің құжаттарын бермей отыр. Әкем Шағантоғай аудандық полиция бөліміне паспортын сұрап үнемі барады, ал оны ылғи түрлі сылтау айтып шығарып салады. Жергілікті үкімет туысқандарымның адамдық құқығын таптап отыр. Әке-шешем де, балам да ешқандай заң бұзған жоқ. Түрмеге түскен жоқ. Неге жібермейтінін білмеймін, – дейді Қадылбек Мәлік.

Қытайдан Қазақстанға ұшып келген қазақтарды туыс-туғаны әуежайдан күтіп алды. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.
Қытайдан Қазақстанға ұшып келген қазақтарды туыс-туғаны әуежайдан күтіп алды. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.

2022 жылдың сәуір айынан бастап Шыңжаң қазақтары негізінен Чэнду қаласы арқылы біртіндеп Қазақстанға келе бастаған. Бірақ Қадылбектің ата-анасынан әлі хабар жоқ. "Аты-жөнімді атай бастасам болды, телефонды өшіре салады" дейді ол.

Қадылбекпен әңгімелесіп отырғанымда, бағанадан бері үйдің сыртында кір жуып жүрген келіншегі қасымызға келді. "Бекер жаздыңыздар ғой. Мына кісінің сөзі эфирге шықса ертең ана жақтағы кісілерді қинайды" деді ол күйеуінің әңгімесін камераға жазып отырған бізге. Айтуынша, Қазақстанға қоныс аударғандардың Шыңжаңда қалған туыстарына ол жақтағы билік адамдары "ешкімге шағым айтушы болмасын" деп қатаң ескертіпті. Қытайдағы қуғын, лагерь мен түрмеден жүрегі әбден шайлығып қалған олар артық сөйлеп, басымызға бәле тауып аламыз деп қатты қорқады екен.

Алматыға қайтып бара жатқанымызда Қадылбек өзінің сұхбат бергенін естіген Шыңжаңдағы әкесінің мессенджермен жіберген аудиохатын бізге жолдапты. Онда егде адамның "Мен бірдеме қылып құжатымды алармын. Сосын барармыз. Шешең екеуміз мұнда әрең жүрміз. Сен андағы жақтан сұхбат берсең, мыналар бізді қысады ғой" деген сөзі жазылыпты.

Қадылбек бұл әкесінің даусы екенін, ата-анасының қорқып отырғанын айтып, өзі мен үй-ішіндегілердің аты-жөнін жарияламауды өтінді.

"ҰЛЫМНЫҢ АНАСЫН КӨРМЕГЕНІНЕ БЕС ЖЫЛ БОЛДЫ"

"Бәрінен көңілім қалды. Құдайдың көзі түзу болса бір келер" – телефонмен сөйлескен Жеңіс Зарқанның даусы пәс шықты. Осыдан жарты жыл бұрын хабарласқанымда: "Жақсы хабар бар, бауырым. Сүйіншісін өзіңнен алам ғой" деп дауысы жарқын естілген. Қазір сол қуаныштың ізі де жоқ.

Қазір Алматыда тұрып жатқан Жеңіс Зарқан Қазақстанға 2015 жылы Шыңжаңнан қоныс аударған. Атамекенге келген соң әйелі Сәуле Мелтайқызы екеуіне Қазақстан ықтиярхат берген. Жеңіс Зарқан Қазақстан азаматтығын 2018 жылы алды.

Ал жұбайы Сәуле 2017 жылы Қытайдың Алтай аймағы Көктоғай ауданында дәрігер болып жұмыс істейтін үлкен ұлы Мұхтарға қыдырып барған кезде билік орындары шығармай қойған. Сәуле бір жарым жыл Шыңжаңдағы "саяси лагерьде" де отырып шыққан. Лагерьден кейін сал болып қалған Сәуле Мелтайқызының тағдыры туралы Азаттық бұған дейін жазған.

"Нұр Отан" (қазіргі атауы "Аманат") партиясына арызданып келген Алматы тұрғыны Жеңіс Зарқан Шыңжаңда қалған әйелі мен ұлының Қазақстанға өтуіне көмек сұрап отыр. Нұр-Сұлтан, 6 сәуір 2021 жыл.
"Нұр Отан" (қазіргі атауы "Аманат") партиясына арызданып келген Алматы тұрғыны Жеңіс Зарқан Шыңжаңда қалған әйелі мен ұлының Қазақстанға өтуіне көмек сұрап отыр. Нұр-Сұлтан, 6 сәуір 2021 жыл.

– [Қазақстан] сыртқы істер министрімен бір емес, үш рет Zoom арқылы сөйлестім. Орынбасарымен екі рет байланысқа шықтым. Уәдені үйіп-төгіп береді. Бірақ орындай алмайды. Қытай жағы да "әне жібереміз, міне жібереміз" дейді екен әйеліме. Бірақ құжатын бермей отыр. Әйелімнің денсаулығы қазір бұрынғыдан тәуір. Өз аяғымен жүріп-тұрады. Кіші ұлымның анасын көрмегеніне де бес жыл болды. Сәуле Қытайға қыдырып кеткенде бұл ұлым он бірінші сыныпта оқып жүрген еді, ал биыл университет бітіреді, – дейді Жеңіс Зарқан.

Әдетте адаммен ақтарыла сөйлейтін, жайдары мінезді ақжарқын отағасы бұл жолы әңгімесін қысқа қайырды. Жеңіс Зарқан бұған дейін бірнеше рет Қытайдың Алматыдағы консулдығы мен Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдына барып, Шыңжаңдағы әйелі мен ұлын Қазақстанға қайтаруды талап етіп, наразылық білдірген.

Жеңіс Зарқан тәрізді азаматтардың Шыңжаңда қалған туыстарын босатуды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығын алдына келіп жүргеніне өткен аптада 500 күн толды. Осы уақыт ішінде Қытай дипломаттары оларға жауап берген емес. Ал Қазақстан билігі бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартқан.

"НАРАЗЫЛЫҚ – ЖАЛҒЫЗ АМАЛ"

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек аулында тұратын Гүлнұр Қосдәулеттің күйеуі Сәрсенбек Әкбарды Қытай билігі жібермей отырғанына бес жыл болды. Гүлнұр Шыңжаңда қалған күйеуін қайтаруды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдына тұрақты наразылық акциясына шығып жүргеніне бір жарым жылдан асты. Кейде консулдық алдына мүгедек арбасына таңылған кәрі енесін де бірге алып барып жүр. Қытайдың да, Қазақстанның да билік орындарына бірнеше рет арызданған. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ.

Шыңжаңда қалған Сәрсенбек Әкбәрді әйелі мен ата-анасы сарыла күтіп жүр (20 мамыр 2021 ж.)

Шыңжаңда қалған Сәрсенбек Әкбәрді әйелі мен ата-анасы сарыла күтіп жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:53 0:00

Қазір Гүлнұр "Сәрсенбекті қайтарудың жалғыз жолы – консулдық алдында наразылық таныту" деп есептейді.

– Қытай жағы "жібермейміз" демейді. "Жібереміз, кетесің" дейді екен. Бірақ қашан жіберетінін айтпайды. Көңілге бір медеу тұтатынымыз, Қазақстанға кететіндердің тізіміне қосыпты. Бірақ құжаттарын бермей отыр, – дейді Гүлнұр Қосдәулет.

Қытайдағы қазақтар мәселесімен айналысатын, ресми тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан Қытай билігінің жүргізіп отырған саясаты кесірінен бір-бірінен еркінен тыс ажырап, шекараның екі жағында қалған отбасы көп екенін айтады. "Бірақ олардың барлығы бірдей арыз-шағым жазып, ізденуге қорқады" дейді белсенді.

– Қытайда еркінен тыс қалып қойғандардың кейбірі түрмеде, кейбірі үйқамақта отыр. Түрмедегілердің жайы түсінікті. Оларды Қытай билігі әзірге жібермейді. Жіберсе, билік өз кінәсін өзі мойындаған болып шығады. Ал үйқамақта отырғандардың тағдырына араша сұрап, халықаралық ұйымдарға арыз-шағым берсе, онда бәлкім, босап шығуына сеп болар еді. Бірақ көбінің туыстары оған көнбейді, қорқады. Себебі, бұл жақтан арызданса, арғы жақтан жергілікті полиция немесе әкімдік өкілі "Қазақстандағылардың аузын жап" деп қыса бастайды, – дейді "Нағыз Атажұрт" өкілі.

Шыңжаң билігі Қазақстанға жібермей отырған азаматтарды "егер ешқайда шағынбай тыныш жүрсең ғана Қазақстанға жібереміз" деп бопса көретеді дейді Бекзат Мақсұтхан.

"ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ НОРМАСЫНА ЖҮГІНЕМІЗ"

Шекараның екі жағында қалған отбасылар мәселесімен 2017 жылдың күзінен бері айналысып жүрген "Халықаралық құқықтық бастама" қорының жетекшісі, заңгер Айна Шорманбаева кейінгі төрт жарым жылда Қытайда туыстары қалған азаматтардан 500-ге жуық арыз-шағым түскенін айтады.

Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева.
Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева.

– Туыс-туғанынан ажырап қалғандардың жартысы Қазақстан азаматы, жартысы Қытай азаматы. Себебі, 2017 жылы Шыңжаңда құжаттарын жаппай тәркілеген кезде, сонда қыдырып барған қазақтар шекарадан бері өте алмай, бір отбасының адамдары бір-бірінен еркінен тыс ажырап қалды. Біз арыз жолдаған кезде халықаралық адам құқықтары жөніндегі міндеттемелерге сүйенеміз. Себебі, "Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге" Қытай да, Қазақстан да қосылған. Оны орындаймыз деп міндеттеме алған. Осы пактінің 10-бабында "Отбасы барынша қолдау мен қорғауға тиесілі" деп жазылған. Біз сол нормаға жүгінеміз, – дейді "Халықаралық құқықтық бастама" қорының жетекшісі.

Айна Шорманбаеваның сөзінше, әлгі арызданған 500-ге жуық адамның жартысынан көбінің туыс-жақыны Қазақстанға оралған. Олардың арасында Шыңжаңдағы "саяси лагерьде" отырып шыққандар да бар.

Шорманбаева кейінгі екі жылда Қытайдан Қазақстанға келетін қазақтардың көші тоқтап қалғанын айтты. Оның сөзінше, бұған коронавирус пандемиясы кезінде ресми Пекиннің шекараны жауып тастағаны да себеп болған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың сауалына берген жазбаша жауабында Шыңжаңдағы қандастардың біртіндеп Қазақстанға орала бастағаны, шілде айынан бастап Чэнду мен Үрімжіден аптасына бір рет Қазақстанға тұрақты ұшақ қатынасы ашылатыны жазылған.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, оларды Қазақстанға қайтаруды талап еткен адамдарды полиция Қытай консулдығына өткізбей ұстап тұр. Алматы, 18 мамыр 2021 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, оларды Қазақстанға қайтаруды талап еткен адамдарды полиция Қытай консулдығына өткізбей ұстап тұр. Алматы, 18 мамыр 2021 жыл.

Ал Қытайдағы туыстарына араша сұрап, бір жарым жылдан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық шарасын өткізіп жүргендер жайлы сауалға министрлік: "Шыңжаңда тұратын қазақ диаспорасы Қытай Халық Республикасының азаматтары болып табылатындықтан, оларға қатысты барлық мәселе Қытайдың ішкі ісіне жатады. Сондықтан аталған мәселені Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестікке нұқсан келтірмей шешу жолдарын қарастырған жөн. Қытай сыртқы істер министрлігі осы бағытта, сондай-ақ "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" саясаты аясында тиісті жұмыстарды атқарып келеді" деп жауап берген.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы Шыңжаңда туысы қалған азаматтардың арыз-өтініші мен олар көтерген мәселе жайлы Азаттықтың бірнеше рет жолдаған сауалына жауап бермеді.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде байырғы кезден бері тұратын қазақ, ұйғыр, қырғыз және өзге мұсылман ұлт өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалғаны жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.

БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін оқытқан.

Кейін зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халық санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер ол жерде сақшылар зорлағанын, ал ер адамдар қамауда азапталғанын айтқан. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптады. Жақында Батыс зерттеушілері Шыңжаң полициясының компьютер желісіне сырттан кіріп алынған "Шыңжаң полициясының файлдары" атты құпия құжаттар саяси лагерьлердегі азаптаулар жайлы тың деректерді жария етті.

Саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" деп, ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атайтын Қытай билігі әлгіндей айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарғысы келеді. Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін Шыңжаңға кіргізуден бас тартқан Пекин мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG