Accessibility links

Жақындары Шыңжаңда қалған Алматы тұрғыны мәселеге Назарбаевтың араласуын сұрады


"Нұр Отан" партиясына арызданып келген Алматы тұрғыны Жеңіс Зарқан. Ол биліктен Шыңжаңда қалған әйелі мен ұлының Қазақстанға өтуіне көмектесуін сұрап отыр. Нұр-Сұлтан, 6 сәуір 2021 жыл.
"Нұр Отан" партиясына арызданып келген Алматы тұрғыны Жеңіс Зарқан. Ол биліктен Шыңжаңда қалған әйелі мен ұлының Қазақстанға өтуіне көмектесуін сұрап отыр. Нұр-Сұлтан, 6 сәуір 2021 жыл.

Жақындары Шыңжаңда қалған Алматы тұрғыны Жеңіс Зарқан 6 сәуірде "Нұр Отан" партиясының Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесіне барып, арыз тапсырды. Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қалған әйелі Сәуле Мелтайқызы мен үлкен ұлы Мұхтарды көрмегеніне төрт жылдың жүзі болғанын айтқан шағымданушы биліктен отбасын біріктіруге көмектесуін сұрады.

– Мен Елбасына бірнеше рет арыз жазғанмын. Содан кейін "Нұр Отан" партиясы мені сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен экран арқылы екі рет кезіктірді. Жақындарымды әкелуге көмектесіңіздер деп өтіндім. "Қытай тарабымен сөйлесіп жатырмыз, алып келуге күш саламыз" деген. Содан бері алты ай өтті. Ешқандай жауап жоқ, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Жеңіс Зарқан мәселені шешуге бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі араласса дейді. "Нұр Отанға" келуінің себебін де сол өтінішпен түсіндірді. "Қазақ-қытай достығын өзгеше деңгейге көтерген" бірінші президенттің "ықпалы да, абырой да оған жетеді" деді Зарқан. Оның арызын "Нұр Отандықтар" қабылдап алған.

Ол 5 сәуірде Қазақстан СІМ-іне барған кезде "біз мәселені назарда ұстаймыз, Қытай жағынан жауап жоқ" деген үш жыл бұрынғы жауабын қайталаған.

Азаттық ықтиархатпен екі ел арасында жүріп, 2017 жылы Қазақстанға өте алмай, Шыңжаңдағы "саяси үйрету лагеріне" қамалған Сәуле Мелтайқызы жайлы осыған дейін жазған. Бір жылдан кейін лагерьден шыққан Сәуле Мелтайқызының денсаулығыны нашарлаған. Жеңіс Зарқанның айтуынша, Қытай полициясы емге зәру әйеліне әлі күнге дейін тыныштық бермей отыр.

– Әйелім осының алдында Үрімжіде емханаға жату үшін досының үйіне аялдапты. Сонда екі сақшы барып, "мынаны неге жатқызасың, онымен не байланысың бар" деп досын қысады. Бұдан соң досы қорқып, "әй, сен біздің үйге жатпа, маған бәлең тиеді" деп қуып шығыпты. Емханаға барып жатса, сақшылар ондағы дәрігерлерді де қыспаққа алған. Дәрігерлер қорқып, әйеліме "не қылған адамсың" деп сұрайды. Міне, осындай үрей-қорқынышпен әйел мен балам өмір сүріп келе жатыр, – деді Жеңіс Зарқан.

  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.
  • Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, туыстарына араша сұрап келеді. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.
  • Наразылықтың бірі Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында екі айға жуық уақыттан бері жалғасып жатыр. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG