"Олигархтың азаматтық алу туралы өтініші қанағаттандырылған жоқ". Швейцария Федералдық әкімшілік соты (ФӘС) 10 қыркүйек күні осындай тақырыпта жазылған баспасөз хабарламасын таратып, Ілияс Храпуновтың азаматтық алу туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқанын қоғамға жеткізді.
Ілияс Храпунов құжаттарда "әртүрлі министрлікті басқарып, Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы әрі қазақстандық режимге қарсы белгілі тұлғаның күйеубаласы" ретінде сипатталған. ФӘС дерегінше, Қазақстан билігі оны "ата-анасына әкесі билікте болған кезде иемденіп кеткен бірнеше миллион швейцар франкін "тазартуға" көмектесті" деп айыптаған.
Ілияс Храпунов
Ілияс Храпунов – көп жыл бойы Қазақстанның билік жүйесінде лауазымды қызметтер атқарған, елдің ең ірі қаласы Алматының әкімі болған Виктор Храпуновтың әйелінің ұлы. 2007 жылы сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің ұсынысымен Храпунов төтенше жағдайлар министрі қызметінен алынды. Бұл шешімге Храпуновтың Алматы әкімі болған тұстағы "заңбұзушылықтары" себеп болғаны айтылды. 2008 жылы Храпунов отбасымен Швейцарияға кетті. 2018 жылы Қазақстан соты Храпуновты ақша жымқыру, жемқорлық қылмысына айыпты деп танып, 17 жылға бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарды. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. 2019 жылы қарашада Швейцария прокуратурасы Виктор Храпуновтың қатысы бар ақша жымқыру туралы істі жапты.
Ілияс Храпунов қазір шетелде тұратын қазақстандық бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың қызына үйленген. Қазақстан режимі оны әртүрлі қылмысқа, соның ішінде "тапсырыспен кісі өлтіруге" қатысы бар деп айыптап, өмір бойына бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарған. Әблязовты елге экстрадициялауға қанша талпынғанымен, нәтиже шығара алмаған Қазақстан билігі оны өзі басқарған БТА банкінен миллиардтаған қаржы жымқырды деп те айыптайды. Әблязов өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарады. Ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құрған. Әблязовтың айтуынша, ұйым саяси реформаларды көздейді. Ол күнделікті әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып, қазақстандық режимді сынап, азаматтарды үкіметке қарсы акциялар өткізуге үндейді. 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Содан бері қозғалысты жақтаушылар қысым мен қудалауға ұшырайды. Еуропарламент 2019 жылы қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Ілияс Храпунов Виктор Храпунов пен Мұхтар Әблязовтың Қазақстаннан "ұрлаған" ақшасын жымқыруға байланысты әлемнің әртүрлі мемлекетінде қозғалған бірнеше қылмыстық істің қатысушысы саналады. Нью-Йорк соты қараған "Алматы қаласы Әблязовқа қарсы" деген істің аясында Ілияс Храпунов АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікке байланысты миллиондаған доллар тұратын келісімшарттар туралы ақпаратты жасырды деп айыпталған. Бұл айыптауға жауабында ол "заңды түрде" отбасылық инвестицияны басқарғанын айтқан.
"ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ӘЛІ ҚАРАЛЫП ЖАТЫР"
Баспасөз хабарламасына сәйкес, Швейцария соты Ілияс Храпуновтың өтінішін әртүрлі мемлекетте оған қарсы қозғалып, "әлі жабылмаған сот істері" мен оның Қазақстанда "саяси қудалауға ұшырадым" деген дәйегі қабылданбауына байланысты қанағаттандырмаған.
ФӘС баспасөз хабарламасынан бөлек, сот үкімін де жариялады. Құжатқа сай, Ілияс Храпунов Швейцарияға 1998 жылы "оқуға" келген. Ал 2006 жылы маусымда Женевада мемлекеттік миграция жөніндегі хатшылыққа (бұдан соң – хатшылық) азаматтық алу туралы өтініш берген. Көп ұзамай құжаттарына 2009 және 2012 жылы туған балаларының атына толтырылған өтініштерді де қосқан.
Ілияс Храпунов Федералды әкімшілік соттан хатшылықтың осы өтінішке байланысты шығарған шешімін қайта қарауды сұраған. Мекеме өтінішті қарау процесін бірнеше рет тоқтатқан. Өтінішті қарауды кейінге қалдыруға 2009 жылы "2003 және 2004 жылдары тіркелген LCR-ге қатысты салмақты заңбұзушылықтар" (бұл жерде жол жүру ережесін бұзу туралы айтылған болс керек – ред.), 2010 жылы Түркиядағы дискотекада дене жарақатын салумен байланысты қылмыстық іс себеп болған.
2018 жылы хатшылық өтінішті қанағаттандырудан түпкілікті бас тартқан. ФӘС баспасөз хабарламасына сәйкес, ол кезде "өтініш берушінің Швейцария заңдарын бұзғаны" ескеріліп, оған азаматтық беру "Швейцария мен Қазақстанның екіжақты қарым-қатынасына кері әсер етеді" деген байлам жасалған.
ФӘС-тың сот үкімінде өтініштің неге қанағаттандырылмағаны жан-жақты түсіндірілген. Үкімде "өтініш беруші мен оның туған еліндегі режимге қарсы оппозицияда жүрген отбасына қарсы шетелдегі әртүрлі процедуралар [олардың] құқықтық тәртіпті бұзбайтынына қатысты күдік туғызады" делінген. Құжатта сондай-ақ "ақша жымқырды деп айыпталған өтініш берушінің қаржылық жағдайы және жеке беделі күмән туғызатыны", ал "осындай танымал тұлғаға азаматтық берілуі Швейцарияның біртұтастығына нұқсан келтіріп, Қазақстанмен қарым-қатынасына кері әсер ететіні" айтылған.
Федералды әкімшілік сот та өз шешімін осыған ұқсас мазмұндағы дәйектермен түсіндірді. ФӘС "азаматтық алудың бір шарты Швейцарияның заңдарын және халықаралық құқықтық нормаларды сақтау" екенін, Швейцарияда немесе шетелде өтініш берушіге қарсы сот ісі (әсіресе, қылмыстық сипаттағы) жүріп жатқан кезде оған азаматтық берілмейтінін" мәлімдеді.
Баспасөз хабарламасында "Швейцарияда Храпуновтар отбасына қарсы ақша жымқыру бабы бойынша қылмыстық іс қаралған. Одан бөлек, Храпуновтар отбасына қарсы АҚШ пен Ұлыбританияны қосқанда, әлемнің бірнеше елінде ұрлаған ақшаларды қайтару туралы өте көп іс қозғалған. Ұлыбританияда шығарылған сот үкімі негізінде Швейцариядағы өтініш беруге қарсы қарызды өндіру процесі басталды" деп жазылған.
"САЯСИ ҚУДАЛАУ ТУРАЛЫ ДӘЙЕК ҚАБЫЛДАНБАДЫ"
Сот үкіміне сай, 2018 жылы тамызда Ілияс Храпунов хатшылықтың өзіне азаматтық беруден бас тарту туралы шешіміне қарсы апелляциялық арыз берген. Онда Храпунов өзге дәйектердің арасында "ата-анасы [Лейла мен Виктор Храпуновтар] мен қайынатасы [Мұхтар Әблязовты] қудалау саяси кек алумен байланысты болуы мүмкін" деп жазған.
ФӘС-тың баспасөз хабарламасында кіші Храпуновтың бірнеше мемлекетте өзіне қарсы қозғалған азаматтық және қылмыстық істердің артында "еш маңызды себепсіз", "бұрын басқарушы қызметтерде болып, қазіргі режиммен келіспейтінін ашық білдірген тұлғалармен туыстық байланысы болғаны үшін ғана" "өзіне және отбасына зиян келтіруді көздеген" Қазақстан билігі тұр деген сөзі келтірілген.
Федералды әкімшілік сот саяси қудалау туралы аргументті "бір қарағанда толық негізделмеген" деп бағалады. ФӘС соттың "Храпуновқа қарсы қозғалған істерді назардан тыс қалдыруға құқығы жоқ" деп тапты. Баспасөз хабарламасында "Мысалы, өтініш иесі анасы [Лейла Храпуновадан] белгісіз жағдайда бірнеше миллион доллар алған. Бұл жағдайда оның азаматтық алу туралы өтінішті 2006 жылы бергені маңызды емес. Миграция жөніндегі хатшылық оның Швейцарияда сотқа тартылғаны туралы ақпарат пен қазір қылмыстық тергеуде жүргенін ескеріп, азаматтық беру процесін тоқтатуға құқылы болған. Осылай ФӘС өтініш берушінің апелляция шағымын қабылдаудан бас тартады" делінген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сырттай соттаудың қазақстандық "дәстүрі"