Accessibility links

БТА банкі Трамптың бұрынғы серігіне қарсы шағым түсірді


АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) және Феликс Сатер (оң жақта) Нью-Йорктегі Trump Soho қонақ үйінің ашылуы кезінде. Қыркүйек айы, 2007 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) және Феликс Сатер (оң жақта) Нью-Йорктегі Trump Soho қонақ үйінің ашылуы кезінде. Қыркүйек айы, 2007 жыл.

"Он жылдан астам уақыт бұрын ұрланды" деген активтерін қайтаруға күш салып жатқан қазақстандық БТА банкі АҚШ-та жаңа шағым түсірді. Банк өкілдері АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы серіктерінің бірін айыптап, Мәскеудегі Трамп мұнарасының жобасына ұрланған қаржыны инвестиция ретінде салмақ болды дейді.

Банк активтерін қайтарып, оның бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовті жауапкершілікке тартуды көздеп отырған БТА банкі бұл шағымды 25 наурызда Манхэттен федералдық сотына түсірген.

Шағымда көрсетілген азаматтардың арасында Нью-Йорктегі жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс істеген, FBI бұрынғы қызметкері, құрылыс жобалары бойынша бұрын Трамппен әріптес болған Феликс Сатер де бар.

Сатер 27 наурызда АҚШ-та өкілдер палатасының барлау комитеті алдында жауап беруі тиіс. Онда ол ұзақ жылдар бойы Мәскеуде мұнара салуға талпынған қазіргі АҚШ президенті Дональд Трампқа осы істе қалай көмектескені жайлы сұрақтарға жауап береді.

Бұл шағым - қазақстандық БТА банкі мен бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов арасындағы АҚШ-та жалғасып жатқан дау-дамайдың бір бөлігі. Ұзақ жылға созылған дауда шағым түсіруші жақ - қазақстандық БТА банкі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов пен оның туыстарын "миллиардтаған қаржыны жымқырды" деп айыптайды. Қазақстан билігінің айтуынша, Әблязов банк дефолт болғанға дейін 4 миллиард долларға дейін қаржы ұрлаған. Шағымға сәйкес, Әблязовтің күйеу баласы Ілияс Храпунов банктен ұрланған қаржының бір бөлігін жымқыруға қатысқан.

Жаңа шағымда банк өкілдері 2011 жылдан бастап Сатер Әблязов пен Храпуновқа АҚШ-та түрлі іскерлік операциялар арқылы шамамен 40 миллион доллар жымқыруға көмектескен деп жазған.

“Сатер Әблязов пен Храпуновқа және өзгелерге ондаған миллион долларды жымқыруға көмектесті" делінген шағымда.

Онда сонымен бірге ұрланған қаржының бір бөлігін Храпуновтың әпкесі Мәнхэттендегі Трамп мұнарасынан кондоминиум сатып алу үшін жұмсады деп көрсетілген.

Шағымда АҚШ президенті Трамптың аты аталғанмен ол "жымқырылған қаржы жайлы білді" деген айып жоқ.

"Сатер ұрланған қаржы мәселесін талқылау үшін Трамп мұнарасында Ілияс Храпуновпен кездесіп қана қойған жоқ, ол сонымен бірге ықтимал инвестиция жайлы сөйлесу үшін Ілияс пен Дональд Трамп арасында жеке кездесу ұйымдастырды" делінген шағымда.

БТА банкі өкілдері шағымда "Сатер мен Ілияс [Храпунов] арасында ұрланған қаржыны Ресейдегі Трамп мұнарасының құрылысына инвестиция ретінде салу туралы құпия келісім" болғанын жазған.

САТЕРДІҢ ЖАУАБЫ

Bloomberg жазуынша, Сатер БТА банктің таққан айыбын "негізсіз" деп атап, банктің өзіне қарыз екенін айтып, "сол қарызды төлеуден жалтару үшін" шағым түсіріп отыр деп айтқан. Басылым жазуынша, Сатерді банк Храпуновқа қарсы "қаржы жымқыру ісі" бойынша бұрын жалдаған.

Өткен айда Дональд Трамптың бұрынғы адвокаты Майкл Коэн конгресс алдында жауап берген кезде "БТА банкі ұрланған қаржыны кері қайтару мақсатында бұрын көмек сұрады" деп айтқан еді.

Мұны кейінірек растаған БТА банктің Нью-Йорктегі адвокаты 2017 жылы Коэнді жалдағанын айтып, "оның ешқандай көмегі болған жоқ, БТА онымен келісім-шартты жылдам бұзды" деп мәлімдеген.

БТА - активі жағынан Қазақстандағы ең ірі банктердің бірі болған. Банк 2009 жылы 12 миллиард доллар қарызға батып, дефолт жариялаған. Кейін БТА басқа банкпен бірікті. Ал Қазақстан билігі БТА банктің жетекшісі Мұхтар Әблязовті "миллиардтаған ақшаны ұрлады" деп айыптады. 2009 жылдан бері шетелде тұратын Мұхтар Әблязов тағылған айыпты жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG