Тәжікстандағы "Елбасы". Эмомали Рахмон бесінші сайлауға қалай жетті?

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Тәжікстандағы қазіргі президент сайлауынан бірнеше жыл бұрын Эмомали Рахмон өзінің биліктегі құзырын ұзартып, оппозицияны саяси алаңнан аластады. Кезекті президент сайлауына бас кандидат қалай жетті, оның соңғы президенттік мерзімі несімен есте қалды?

Жексенбі, 11 қазан күні Тәжікстанда президент сайлауы өтіп жатыр. Тәжікстан осымен, биылдыққа екінші рет сайлау өткізіп отыр. Наурыз айындағы парламент сайлауында қазіргі президент Эмомали Рахмон басқаратын Халықтық-демократиялық партия бесінші мәрте жеңіске жеткен. Тәжікстандағы президент сайлауы пандемия жағдайында өткенімен есте қалады. Наурыздағы парламент сайлауында елде індет белгісі байқалғанымен, Тәжікстан оны тек сәуір айының соңында мойындады. Қазір денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, індетке шалдыққандар саны 10 мыңнан асып, оның 90 пайызы сауығып шыққан, 78 адам қайтыс болған. Алайда әлеуметтік желіде ресми мәліметтің шынайылығы жиі сыналады. Сырттағы еңбек мигранттарының жағдайын ескергенде деректердің дәлдігіне күман бар.

Рогун су электр станциясы үшін Вахш өзеннің арнасын бұру рәсімі кезінде президент Эмомали Рахмон бульдозерге отырып, құрылыстың ырымын бастап берді. 29 қазан, 2016 жыл.

ТУҒАН КҮННЕН КЕЙІНГІ САЙЛАУ

Парламент сайлауына қатысқан саяси партиялардың құрамы президент сайлауында да аса қатты өзгермеді. Тек алдыңғы сайлауға жеті партия қатысып, алты партия парламентке өтсе, соңғысында Орталық сайлау комиссиясы бес партияның үміткерін тіркеді.

Парламент сайлауында дау-дамай, бюллетеньді топтап тастау, дауыс санаудағы қайшылық және басқа да заң бұзу деректері байқалғанымен, "бәсекелес" партиялар шағым түсірмеген. Парламент сайлауынан өтпей қалған Социал-демократиялық партия президент сайлауының әдеттегіден бір ай ерте өткізілуін де заңсыз деп атап, сайлауға бойкот жариялады. Қазіргі бірден-бір оппозиция да осы. Социал-демократиялық партияның басшысы Рахматилло Зойиров 22 қыркүйекте өзін белгісіз адамдар соққыға жыққанын айтып, оны саясатпен байланыстырған.

Президент сайлауы алдында саяси партиялардың кейбірі бұл науқанға жетектеп қосылғанын көрсетті. Мәселен, билік партиясынан басқа партиялар сайлауалды науқанда белсенді болмаған, сайлау қарсаңында кейбір партияның кеңсесі жабық тұрған, ашық тұрғанынан сайлау науқанының нышаны байқалмаған.

Оқи отырыңыз: Рахмон және "басқарылатын" кандидаттар

Осымен, бесінші мәрте президент сайлауына үміткер Эмомали Рахмон сайлау қарсаңында, 5 қазан күні 68 жасқа толды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Рахмон осы сайлаудан өтіп, алда-жалда мерзімі аяқталмай президенттіктен кете қалса, бұл қызметті мемлекеттегі екінші адам – парламенттің жоғары палатасының төрағасы, үлкен ұлы Рустам Эмомалиге тапсыра алады. Бұған заң жағынан кедергі жоқ.

Тәжікстан сенатының спикері Рустам Эмомали.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТ АТАНДЫРМАЙТЫН ШЕКТЕУСІЗ МЕРЗІМ

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 2013 жылғы президент сайлауында кезекті мәрте жеңіске жеткен соң, бірден өзінің құзырын арттырып, саяси алаңда бәсекелес қалдырмауға кірісті. Оның алғаш бейресми түрде "ұлт басшысы" аталатыны – осы кез. Соңында 2016 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде Эмомали айрықша мәртебеге ("Ұлт көшбасшысы – бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы") ие болып, өзіне арнап президент сайлауына шектеусіз қатыса алатын мүмкіндік жасап алды. Бұл – Рахмоннан басқа президенттерге жүрмейтін құзыр. Басқа президенттер екі мерзімнен артық ел басқара алмайды. Әр мерзім – жеті жыл. Рахмон бұған дейінгі сайлау тұсында да үнемі өзінің президенттік өкілетін ұзартып өзгертіп келген.

Оқи отырыңыз: Президенттік мерзімін шегерудің (ұзартудың) "шебері"

2015 жылы Тәжікстанда "Ұлт көшбасшысы – бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы туралы" заң қабылданғаннан кейін Рахмон авторитарлық билігін одан әрі нығайта түсті.

Президент Эмомали Рахмон ұлықтау рәсімінде. Душанбе. 16 қараша, 2013 жыл.

Рахмонға арналған бұл заңда оның бұрын атқарған қызметі үшін жауапқа тартылмайтыны, оның өзіне және отбасына тиесілі жекеменшікке қол сұғылмайтыны айтылады. Заң бойынша Ұлт көшбасшысын (Пешво-е миллат) қамауға, тұтқындауға және тінтуге болмайды. Ол өмір бойы мемлекеттік күзетпен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік күзет қызметі оның отбасы мүшелерін де қорғайды.

Тәжікстанда 2015 жылы қабылданған "Ұлт көшбасшысы – бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы туралы" заңы Қазақстанда 2010 жылы толықтырылған "Тұңғыш президент - Елбасы туралы" заңға ұқсайды. Мұндай заң Орталық Азияда осы екі елде ғана қабылданған.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 14 наурыз 2018 жыл

Рахмоновтан бұрын Тәжікстанды басқа президенттер басқарса да, "көшбасшы туралы" заңда Эмомали Рахмон 1994 жылы "жалпыхалықтық дауыс беруде сайланған демократиялық, құқықтық мемлекет орнатуға лайықты үлес қосқан тұңғыш президент" ретінде аталады.

Қазақстандағы заңда "мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамаларға" тұңғыш президенттің келісімі керектігі айтылады. Ал Тәжікстандағы заң бойынша "маңызды мемлекеттік және қоғамдық мәселелерде, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын" айқындауда көшбасшының келісімі қажет.

Тәжікстан мен Қазақстанның көшбасшы туралы заңында айырмашылық та жоқ емес. Мәселен, Тәжікстан көшбасшысына Қазақстандағы әріптесі сияқты Қауіпсіздік кеңесін басқару және Конституциялық кеңес құрамына кіру құқығы қарастырылмаған. Тәжікстанда Қауіпсіздік кеңесін құру да, басқару да президенттің құзырына қалдырылған. Ал Қазақстан конституциясында президенттің Қауіпсіздік кеңесін құратыны ғана көрсетілген. Кеңесті басқару құқығы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі.

Тәжікстан мен Қазақстанның осы ерекше заңында экс-президент туралы бір ауыз сөз жоқ. Тек Тәжікстан заңында "Ұлт көшбасшысының бұрынғы президент ретінде Ұлттық мәжілістің мәңгілік мүшесі және ұлттық бірлік және жаңғыру қозғалысының төрағасы болып табылатыны" айтылған.

БІТІМНІҢ АҚЫРЫ

2013 жылғы президент сайлауынан кейінгі келесі қадам – Эмомали Рахмонның саяси алаңды оппозиция өкілдерінен тазартуға кірісуі. Нәтижесінде 2015 жылы ірі оппозициялық ұйым – Исламдық жаңғыру партиясы сот шешімімен "экстремистік-террористік ұйым" деп жарияланып, ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салынды.

Тәжікстанда 2015 жылға дейін Исламдық жаңғыру партиясы сайлауға үміткер ұсынып, елдегі саяси оқиғаларға белсене араласты. Сол жылы бұл партия парламент сайлауында бес пайыздық кедергіні еңсере алмады. Партия 1991 жылдан бастап ресми жұмыс істеп, кейін азамат соғысы кезінде билікшіл Халықтық майданға қарсы Біріккен оппозиция құрамында болады. 1997 жылы партия төрағасы Саид Абдулло Нури мен президент Эмомали Рахмон бітім туралы келісімге қол қояды. Содан бастап партия өкілдері үкімет пен парламент құрамына енгізілді. Алайда 2000-жылдардан бері партия билікті келісімдерді бұзды деп айыптап, кейін Конституцияға президенттің мерзімін арттыратын өзгерту енгізуге де қарсы болды. Ал 2015 жылы бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары Абдухалим Назарзоданың сәтсіз қарулы бүлігінен кейін билік Исламдық жаңғыру партиясын осы оқиғаны ұйымдастырды деп айыптады. Партияның қазіргі төрағасы Мухиддин Кабири оны жоққа шығарды. Ол бүлікті билік осы ұйымды тұншықтыруға пайдаланды деп есептейді. Партия жұмысына тыйым салынғаннан кейін жетекшісі Мухиддин Кабириге іздеу жарияланды. Ел ішінде осы партиямен байланысы бар деген адамдар қуғындалып, қысым көбейді. Исламдық жаңғыру партиясын Тәжікстанға көрші елдер болмаса, бірде-бір батыс елі экстремистік ұйым ретінде мойындаған емес.

БИЛІКТЕГІ 35 ЖЫЛДЫҚ СТАЖ ЖӘНЕ 75 ЖАС

Парламент сайлауынан кейін Тәжікстан президентінің ұлы, Душанбе мэрі Рустам Эмомалидің парламенттің жоғары палатасы Мелли мәжілістің төрағасы болуы оның да президент сайлауына қатысуына бір қадам қалғанын аңдатып еді. Соңғы сәтке дейін оның сайлауға ұсынылу-ұсынылмауы белгісіз болып келді. Жастар одағы атынан президент сайлауына ұсынылады деген болжам да айтылды. Алайда бұл жолғы президент сайлауы Рустам Эмомалисіз өтіп жатыр.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен оның ұлы Рустам Эмомали.

Сайлау алдында оның қатерлі ісікке шалдығып, Израильде емделгені жайлы мәлімет тараған. Бұл мәліметті Рустам Эмомали басқаратын Душанбе қаласының хокимияты (әкімдігі) ресми түрде жоққа шығаруға мәжбүр болды.

Ал Эмомали Рахмон ел ішіне жиі сапарлай бастағанда оның сайлауға қатысатынына күман қалмаған. Сонымен қатар оның түрлі өндіріс орындарын ашуы, шаруашылықты аралауы және мәдени шараларға бағытталған сапарлары жиілеген. Мәселен, Гиссар мен Рудакиге барғанда президент қарапайым адамдардың қонағы бола салады. Ал Ауғанстанмен шекара маңындағы Дарвазға сапарлағанда шекараның арғы бетіндегі ауғандар дыбыс күшейткіш арқылы Рахмонмен сөйлесіп көмек сұрайды. Президенттің Пенджикентке сапарында оқушы қыз президент кортежін тоқтатып, көмек сұраған хатын табыстайды.

Эмомали Рахмонның кезекті сайлауға келу жолы осындай сипатқа ие. Оның сайлауда "жеңеріне" күман келтірудің өзі қиын. 28 жыл бойы Тәжікстанды басқарып келген Рахмон осылайша тағы да жеті жыл басшылықта қалатын түрі бар. Сондайда ол Орталық Азияда билікте ең ұзақ – 35 жыл отыратын басшыға айналмақ. Сайланса, бесінші мерзімінің соңында Рахмонның жасы 75-те болмақ.

"САРҚЫРАМАҒА БЕТ АЛҒАН ҚАЙЫҚ"

Тәжікстандық саясаттанушы Парвиз Мулложанов Эмомали Рахмон соңғы жылдары билікті орталықтандыруды күшейтті және билік иерархиясын нығайтты деп санайды. Исламдық жаңғыру партиясының қуғындалғанын меңзеген ол елде қалған бірден-бір заңды оппозиция – Социал-демократиялақ партияның қазіргі жағдайын бытыраңқы деп бағалайды.

Саясаттанушы 2014-15 жылдары мұнай бағасының құлдырауынан кейін Ресейде валюталық дағдарыс болып, еңбек нарығы қысқарғанда тәжікстандық еңбек мигранттарының кірісі азайғанын айтады. Оның айтуынша, сол кезде Тәжікстан үкіметі ұлттық валюта құлдыраса да, оны тұрақтандырып, жағдайды тежей білген.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды жақтаушылар оның суретінің алдында. Душанбе, 3 қараша 2013 жыл.

– Бірақ үкімет дағдарысқа қарсы бағдарлама жасамады. Еңбек мигранттарының мәселесі де сол шешілмеген күйі қалды, – дейді Парвиз Мулложанов Азаттыққа.

Ол Беларусь пен Қырғызстандағы сайлауға наразылық өзге де постсоветтік елдерге ықпал ететінін айтады. Айтуынша, Тәжікстан да соларға қарап қорытынды шығармақ. Тиісінше, билік орындары өздеріне сезік тудырған жайларға қатаң шара қабылдауы мүмкін.

– Толқу болдырмас үшін қоғамды бақылау күшейеді. Кейбір елдерде экономикалық шаралар қабылданып, реформалар жасалар. Бірақ Тәжікстанда құқық қорғау органдары бақылауды нығайтып, ақпарат ағымы қадағаланады, – дейді саясаттанушы Парвиз Мулложанов.

Франциядағы тәжікстандық журналист Темур Варкидың айтуынша, Тәжікстан халқы сайлау күнін 28 жыл бойы жылусыз және электр қуатынсыз қарсы алып келеді. Электр қуатының маусымдық және сағаттық өлшеп берілуі бизнес жүргізуге де кедергі. Рахмонның осыған дейінгі билік дәуірінде Тәжікстан халқының бір бөлігі кедейленіп, тағы бір бөлігі экономикалық босқынға айналды.

– Зауыт-фабрика салып, жұмыс орындарын ашудың орнына сарайлар, биік үйлер, флагшток және түсініксіз ғимараттар тұрғызған. Душанбенің қиратылған орнында потемкин ауылының декорациясы тұрғызылып жатыр. Ал түте-түтесі шыққан қаланың шеті геттоға ұқсайды, – дейді Темур Варки Азаттыққа. Оның айтқанына қарағанда, қабілетті адамдардың елден кетуі, жемқорлық, жұмыс істемейтін заңдар, заңдық, саяси, экономикалық реформа жүргізуді қаламау немесе қабілетсіздік және біліксіздік инвестиция тартуға бөгет болып келеді.

Эмомали Рахмонның ауыл кітапханасындағы портреті.

– Тіпті кейбір көрсеткіштер бойынша Тәжікстанды Ауғанстан да басып озған. Әсіресе тәуелсіз БАҚ, соның ішінде тәуелсіз телеарна саны және интернет жылдамдығы туралы осыны айтуға болады, – дейді ол. Темур Варкидің айтуынша, соңғы жеті жылда Рахмон "Мұрагер" операциясын жүргізу үшін саяси алаңнан оппозициялық Исламдық жаңғыру партиясын қуып шыққан.

Темур Варки Рустам Эмомали мемлекеттегі екінші адам ретінде мемлекет басшысы қызметін уақытша атқара алады, бірақ оның туыстары мен олардың күштік құрылымдағы жақтастары Рустамның президент болуына жай қарап отыра бермейді деген пікірде.

– Рахмон 28 жыл бойы аяғынан тік тұрған экономикалық құрылым құра алмағаны өз алдына, қолмен басқаруды қажет етпей тұрақты жұмыс істей алатын саяси құрылымды да жасақтай алмады. Оның саяси жүйесінің қайығы ағыс бойымен сарқырамаға бет алды. Егер қайықтың жуан ортасында оның өзі отырса ғана ол қайық сарқырамаға дейін аударылмайды, – деп бейнелейді Темур Варки Рахмонның жүйесін.

Президент Эмомали Рахмон қызы Озода Рахмонованы марапаттап тұр. Озода қазір президент әкімшілігін басқарады. 28 тамыз, 2015 жыл.

Ал қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғали Тәжікстанды авторитарлығы жағынан Орталық Азияда Түркіменстаннан кейінгі екінші ел деп есептейді.

– Тәжікстандағы авторитарлық режим жаңа мүмкіндікті өзінің билігін созуға қолданып келеді. Бірақ Рахмон бұл жолы ұлын ұсыну вариантын пайдаланбай, сайлауға өзі түсіп жатыр, – дейді ол Азаттыққа.

Әзімбай Ғали Эмомали Рахмон президенттіктен кете қалған күннің өзінде, "ұлт көшбасшысы" ретінде елдегі оқиғаларға ықпал ете алатынын, бірақ қоғамның оған қарсы реакция танытпайтынын айтады. "Тәжікстанда билік өз дегенін істей берсін деген нигилистік көзқарас бар" дейді ол. Саясаттанушы Тәжікстанда "ұлт көшбасшысы туралы" заңды қабылдарда Қазақстан үлгі болуы ықтимал деп санайды.

Тәжікстандағы бұған дейінгі сайлауларды батыс елдері мен халықаралық ұйымдар ашық, жария өтпегені үшін сынап, еркін, демократиялық сайлау ретінде мойындаған емес.

Тәжікстандағы президент сайлауы Беларусь пен көршілес Қырғызстандағы сайлауларға наразылық кезінде өтіп отыр. Сондай жағдайда Орталық Азияның авторитарлы елдері Қырғызстандағы оқиғадан төрт күн өткен соң алаңдаушылық білдіріп ортақ мәлімдеме таратты.