Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары Қырғызстандағы оқиғаларға алаңдап отырғанын білдіріп, ортақ мәлімдеме таратты.
Онда төрт ел президенті қырғыз халқын "осындай күрделі шақта парасаттылық танытуға, бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге" шақырған.
"Қырғызстанның барлық саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін қажетті күш-жігерін біріктіріп, туындаған мәселелерді Конституция мен ұлттық заңнаманы сақтай отырып шешеді деп үміттенеміз" делінген мәлімдемеде.
Мәлімдеме авторлары Қырғызстандағы жағдайдың тұрақты болуы "Орталық Азияда аймақ қауіпсіздігі мен тұрақты дамудың маңызды факторы" деп атап өткен.
Орталық Азия елдерінің басшылары Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты алғаш рет реакция білдіріп отыр. Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен Қырғызстандағы жағдайды талқылағаны хабарланған еді.
Кейбір сарапшылар авторитаризм бекіген Орталық Азиядағы төрт мемлекеттің алғаш рет бірігіп, Қырғызстандағы оқиғаларға реакция танытып отырғанын айтады.
ПІКІРЛЕР