Түркия түркімен азаматтарына қысымды күшейтті. Неге?

Ыстанбұл көшесінде отырған түркімен еңбек мигранттары. Түркияның DHA жаңалықтар агенттігінің 2019 жылы түсірілген видеосынан скриншот.

Кейінгі кезде Түркия шетелдік жұмысшыларды қудалай бастады. Мыңдаған түркімен мигрант елден кетті, кейбірі депортацияланды. Олар енді азаматтардың құқықтары, еркіндігі мен экономикалық мүмкіндіктері шектеулі, кедейлік жайлаған Түркіменстанға оралуға мәжбүр.

ТҮРКИЯДАН КЕТУГЕ МӘЖБҮРЛЕП ЖАТЫР

Кейінгі айларда Түркия заңсыз жұмыс істеп жүрген шетел азаматтарына қысымды күшейткен соң, мыңдаған түркімен елден кетуге мәжбүр болды. Түркіменстанда жұмыссыздық деңгейі жоғары болғандықтан ел азаматтарының көбі күнкөріс қамымен Түркияға барады.

Түркияда тұратын түркімендердің айтуынша, полиция заңсыз мигранттар істейтін жұмыс орындарына рейд жүргізіп жатыр.

– Түркияда мигранттарға қарсы науқан қызып тұр. 25 қыркүйектен бастап полиция фабрикаларға барып, мейрамханалардың ас бөлмесіне кіріп, мигрант жұмысшыларды ұстай бастады. Ұсталғандарды бірден депортациялау орталығына жіберіп жатыр, – деді Азаттықтың Ыстанбұлдағы дерек көзі.

– Түркияда қалудың еш мәні жоқ. Жұмысқа тұруға рұқсат алу мүмкін емес. Заңсыз жұмыс істеуге болады, бірақ полиция ізіңе түсіп, түбінде депортациялайды, – дейді түркімен азаматы.

Ашғабаттағы дерек көздер тамыз-қыркүйек айларында Түркияның депортациялау орталығына түскен 2500 түркімен Түркіменстанға оралғанын айтады.

Басында Ашғабат депортацияға ілінген азаматтарына ұшаққа тегін билет таратқан. Дерек көздердің айтуынша, үкімет енді билеттің ақшасын қайтаруды талап етіп отыр.

Азаттық Түркіменстан билігінен пікір ала алмады. Түркімен шенеуніктері тәуелсіз ақпарат құралдарына сұхбат бермейді.

Ашғабат халықаралық әуежайында отырған адамдар.

Түркияның көші-қон агенттігінің қыркүйектің ортасындағы дерегі бойынша, Түркияда заңды тіркелген 198 мың түркімен азаматы тұрады.

Көші-қон қызметі өкілдерінің айтуынша, бұл былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда аз. Былтыр тұрғылықты мекенжай анықтамасы немесе визасы бар түркімендар саны 230 мыңнан асатын.

ШЕТЕЛДЕ ҚАНША ТҮРКІМЕН АЗАМАТЫ ЖҮР?

Түркия мен басқа да елдерде жүрген түркімен азаматтарының саны ресми деректегіден әлдеқайда көп. Олардың көбінің виза мерзімі өтіп кеткен немесе заңды тіркеуге тұрмаған.

Түркіменстан елшілігі виза немесе төлқұжат мерзімі аяқталған, құжатын жоғалтқан азаматтарына шетелде заңды түрде қалуға көмектеспейді. Түркімендер аталған қызмет түрлері үшін еліне оралуы керек.

Бірақ мигранттардың көбі Түркіменстанға қайтқысы келмейді. Өйткені билік шетелге кетуге тосқауыл қоюы мүмкін деп қорқады. Кейінгі жылдары Түркіменстандағы халық саны азая бастаған соң билік азаматтарын шетелге шығармай қоюды әдетке айналдырған.

Түркияда заңсыз мигранттарды қудалау науқаны соңғы рет шілдеде болды. Бірақ түркімен азаматтарының көші-қон мәселесі ертерек басталған. 2022 жылы қыркүйекте Түркия Ашғабаттың өтінішімен түркімен азаматтарына арналған визасыз жұру тәртібін алып тастаған.

15 жыл Түркіменстан президенті болған Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовтің құрметіне Арқадағ деп аталған жаңа қаланың ашылу салтанатында оған орнатылған ескерткіштің алдында өнер көрсетіп жатқан әртістер. Қазір оның ұлы Сердар президент қызметінде отыр. 29 маусым, 2023 жыл.

Азаматтық құқықтарға қастығымен танымал авторитар үкімет Анкарадан түркімен азаматтарына Түркияда 30 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік беретін ереженің күшін жоюды сұраған.

Бұрын түркімендер Түркияда бір ай еркін жүріп, кейін визасын ұзартуға, тұрғылықты мекенжай анықтамасын алуға өтініш беретін. Болмаса, саяси баспана алуға тырысатын.

РЕСЕЙГЕ КЕТЕТІНДЕР КӨБЕЙДІ

Түркіменстанға оралған азаматтар жұмыс таба алмай қиналады. Кедейлік пен жемқорлықтан қажиды. Түркіменстан минералды ресурстарға бай болғанымен, табиғи газдан түсетін табыстың игілігін қарапайым түркімендер көрмейді.

Түркиядан депортацияланған мигранттардың көбі Ресейге көшуді ойлап жүр. Ол елде Орталық Азиядан барған миллиондаған адам жұмыс істейді.

Ашғабаттағы Ресей елшілігі алдында кезекте тұрған адамдар. Мамыр, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Кей азаматтар жоғары пайызбен қарызға ақша алып, Ресейге виза жасатып, билетін түгендейді. Олар Ресейден жұмыс тауып, қарызымнан құтыламын деп ойлайды.

Мары қаласының тұрғыны 9 қазанда көп әйел Ресейге жұмысқа кеткенін айтты.

– Марыда тұратын мигрант әйелдердің көбі мейрамханалар мен қонақүйлерде жұмыс істеу үшін Сочи қаласына кетті, – деді жергілікті тұрғын.

Түркіменстандағы отбасылардың басым көпшілігі шетелден аударылатын ақшаға өмір сүреді. Туған жерінде күн көре алмайтынын түсінген көп мигрант Түркияда заңсыз жұмыс істеп жүр. Оларды кез келген сәтте полиция ұстап әкетуі немесе жұмыс беруші еңбегін қанап, алдап соғуы мүмкін.

Ашғабат әуежайында ұшаққа билет таба алмай тұрған адамдар. Тамыз, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

31 жастағы түркімен азаматы Орталық Азиядан шыққан мигранттар ісі жөніндегі бөлімге тиісті құжаты болмаса да Түркияда қалғанын айтқан. Өзін Мердан деп таныстырған жігіт көлік компаниясында жұмыс істейді.

– Заңсыз жұмыс. Жұмыс істеуге рұқсатым болмағандықтан, медициналық сақтандыру жасата алмаймын. Өндірісте оқыс жағдай болып, қолымды не аяғымды сындырып алсам, жападан жалғыз қаламын, – дейді ол.

Мары уәлаятының тумасы бірде тоңазытқыш көтеріп келе жатқанда баспалдақтан құлаған.

Мердан құжатсыз жүргені үшін құқығы қорғалмайтынын жақсы біледі. Бірақ шетелде жүрген басқа түркімендер сияқты бәріне көндігіп жүр. Өйткені елде қалған отбасы оның Түркиядан жіберетін ақшасына қарап отыр.

Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлык радиосының материалы бойынша жазылды.