Түркіменстанда субсидиямен берілетін азық-түлік тапшылығына байланысты наразылық күшейіп, судың жетіспеуіне байланысты қақтығыстан көбейген. Жұрт ел басына күн туғанда шенеуніктер Каспий теңізінің жағасында демалып жатқанына да ашулы.
Өткен аптаның басында Түркіменбашы қаласында негізінен әйелдерден құралған бір топ азамат әкімге наразылық білдірді. Бұл – субсидияланатын азық-түлік тапшылығы тұсында өткен ең ірі қарсылық акциясы.
Әйелдер шерулетіп жатқанда, ел президенті Сердар Бердімұхамедов пен өзге шенеуніктер қаладан 15 шақырым жерде – Каспий теңізіндегі жағасындағы курортта демалып жатты.
Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі 7 тамызда өткен митингіні бақылап қайтты. Журналистің сөзінше, қала билігі наразыларға әкім Амангелді Исаев “шаруамен сыртқа шығып кетті” деген.
Наразылар әкім шықпаса, президент Бердімұхамедов жатқан "Аваза" курортына баратынын айтып еді, Исаев күтпеген жерден ел алдына шыға келді. Үрейі ұшқан әкім “алдағы апталарда субсидияға кіретін тауарлар келеді” деп уәде берді.
Бұл – билікті сынауға жол бермейтін авторитар мемлекеттегі сирек кездесетін оқиғалардың бірі.
Әдетте экономикалық дағдарысқа тап болған елдердің азаматтары шетелге қашады. Бірақ Түркіменстанда бұл да қиын. Ел билігі миграцияны үлкен қауіп көреді.
АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАПШЫЛЫҒЫ
Түркіменбашы әкімдігі алдындағы кездейсоқ жиналыс Түркіменстанда кейінгі жылдары болған ең ірі наразылыққа айналғанға ұқсайды. Кейінгі кезде елде субсидиямен берілетін азық-түлік тапшылығына байланысты наразылық жиілеген.
Түркіменстанда ұзақ жылдар бойы бірқатар азық-түлік тауарлары нарықтан төмен бағада сатылып келді. Мемлекет бұл тауарлар бағасын төмен ұстап тұру үшін арнайы субсидия бөлетін. Бірақ енді билік елдегі өмір сүру деңгейі жоғарылап, кедейлер ұнды нарықтағы бағада сатып алатын күнге жетті деп ойласа керек, субсидиямен берілетін азық-түлік қысқара бастады.
Бұл түркімен халқына ұнаған жоқ.
Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі осы аптада Мары уәлаятының тұрғындары 5 келі ұнға берілетін бір айлық субсидияға қол жеткізе алмай отырғанын хабарлады.
– Ұн субсидиямен сатылмаса, нарықтағы бағада сатып алуға мәжбүр боламыз. Мемлекеттік дүкендердегі ұнның сапасы нашар, бірақ соны жеп жүрміз. Өйткені 300 манатқа бір қап ұн алуға жағдайымыз жетпейді, – дейді жергілікті тұрғындардың бірі.
Ұнның бір қабы – 300 манат, ал бір келісі ресми курс бойынша 1,70 доллар немесе 6 манат тұрады. Қара нарықта манат құны ресми бағамнан әлдеқайда төмен. Сондықтан нарық бағасынан төрт есе арзанға сатылатын ұн мемлекеттің халыққа берген садақасы сияқты еді.
Түркімен халқының азық-түлік субсидиясына тәуелділігі кейінгі он жылда азаматтардың сатып алу қабілеті қаншалық төмендегенін көрсетеді. Соңғы шешімдерге энергетикалық ресурстар бағасының төмендеп, Ресейдің түркімен газын сатып алуды тоқтатуы да себеп болды.
Экономикасының негізгі бөлігі көмірсутек экспортына байланған Түркіменстанның қазіргі макроэкономикалық көрсеткіштері жақсы. Бірақ өмір сапасы жоғарылаған жоқ.
Маусымда Түркіменбашыда жұрт мемлекеттік дүкенге шабуылдаған. Оған дүкенге ақпаннан бері ұн келмегені себеп болған.
СУ МЕН ЖАРЫҚ МӘСЕЛЕСІ
Түркіменстан жазы ыстық. Кейінгі жылдары климат өзгеріп, бірнеше апта қатарынан ауа температурасы 40 градустан жоғары болып тұр.
Биыл Әмудария өзенінің суы азайып, су тапшылығынан жаз қиын өтті.
Өткен аптада күріш пен мақта өсіретін Лебап уәлаятында шаруалар суға таласып, қақтығысып қалған.
Жергілікті билік су мәселесіне бас қатырмаған соң, күріш өсіретін шаруалар өз қалталарынан ақша шығарып, өзен суын бұрып алатын құрылғы салған. Мұндайда алтынға бергісіз судың көп бөлігі далаға кетеді.
Лебап уәлаяты Чарджоу ауданының шаруалары бір-бірін кінәлаумен қатар қыста ағаш кесті деп жергілікті билікті де сынаған.
Қаладағы жағдай да мәз емес. Аптап ыстықта қалалық желілердің суға сұранысты қамтамасыз етуге шамасы жетпей қалды.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қалада кешкісін жарық өшіп қалады. Өйткені бір мезетте бәрі кондиционер, желдеткіш қосқанда, электр желілері жүктемені көтере алмайды.
Жұмысшылар бір көпқабатты үйді жарықпен қамтамасыз етіп үлгергенше, қарсы беттегі келесі үйдің жарығы өшеді. Азаттық тілшісі тұрғындар ыстықтан қорғану үшін басына су орамал байлап жүруді әдетке айналдырғанын байқаған.
Билік әдеттегідей жарық неге өше беретінін түсіндірген жоқ.
Аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген сарапшылар Совет Одағынан бері келе жатқан Бузмейин электр станциясы ескіріп, толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ дейді. Сарапшылардың бірі билік Бузмейин станциясындағы америкалық турбиналарды жөндеуге қажетті бөлшектер сатып алуға ақша таба алмай отырғанын айтты.
ӨМІР СҮРУГЕ ЕҢ ҚОЛАЙСЫЗ ЕЛ
20 жыл бұрын The Economist журналы Түркіменстанды әлемдегі өмір сүруге ең қолайсыз ел деп атаған.
Ол кезде елді өзін түркіменбашы (түркімендердің әкесі) деп атаған Сапармұрат Ниязов басқаратын.
Президент қайтыс болғаннан кейін оның орнына денсаулық министрі, бұрынғы тіс дәрігері Гурбангулы Бердімұхамедов келді. Бірақ жүйе өзгерген жоқ.
Былтыр Бердімұхамедов отставкаға кетіп, орнына ұлы Сердар билікке келді.
Бірақ ел тізгіні әлі де “ұлт көшбасшысы” атанған Гурбангулы Бердімұхамедовтің қолында.
Жақсы өмірге ұмтылған түркімендердің көбі Түркияға ағылатын. Бірақ былтыр Анкара Түркіменстан билігінің өтінішімен түркімендерге арналған визасыз режимді алып тастады.
7 тамызда Болгариядағы адам құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры Түркия елде заңсыз жүрген 1000 шақты түркімен азаматын Түркіменстанға депортациялады деп жазды.
Қордың 5 тамыздағы осындай бір рейс туралы мәліметі Азаттықтың осыған дейінгі Түркиядан Түркіменстан билігіне қарсы белсенділікпен айналысып жүрген жастар депортациялануы мүмкін деген ақпаратын растады.
Шілдедегі ресми дерекке сәйкес, Түркияда 208 мың түркімен азаматы тұрады. Бұл 2022 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 20 мың адамға аз.
Түркіменстанда шетелге шығуға арналған төлқұжат алу мерзімі ұзарған. Азаматтар алты айлап кезекте тұрады. Төлқұжатты жеделдетіп, 20 күнде алу үшін 750 доллар төлеу керек. Түркіменстанда мемлекеттік қызметкерлердің өзі айына 400 долларға жуық жалақы алады. Сондықтан төлқұжат жасатуды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.
Қолында төлқұжаты мен Түркияға визасы бар адамдардың өзі елден шыға алмай қалуы мүмкін. Осы айдың басында Ашхабад-Стамбул рейсіндегі 150 жолаушының 40-ы ұшаққа міне алмай қалған. Жолаушылардың бірі Азаттыққа жақында әскери қызметтен босап, Түркиядан жұмыс іздеуге бармақ болғанын айтты.
Ашхабад әуежайындағы ақпарат көзінің мәліметінше, шетелге 45 жастан жоғары, бұрын Түркияда болып, аз уақытта елге қайта оралған азаматтар ғана жіберіледі.
Түркіменстан билігі бұл мәселеге қатысты пікір білдірмеді.
Азаттық радиосы Түркімен қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.
ПІКІРЛЕР