Кедей ауылдың тұрмысын сезінгісі келген әкім әжетханасын бірге ала барды

Наманған облысының әкімі Шавкат Абдураззаков жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін көзімен көріп, сезіну үшін кедей ауылға уақытша көшіп бармақ. Бірақ ол уақытша тұратын құрастырмалы үйде ауыл жұрты ешқашан көрмеген тұрмысқа қолайлы жағдай жасалған.

Өзбекстанның Наманған облысындағы кедей ауылдағы халықтың жағдайын көзімен көріп, тұрмысын жақсарту үшін аймақ басшысы әлгі ауылға уақытша көшіп барғалы отыр. Бірақ шенеунік жергілікті жұрт өмір кешіп жатқан жайсыз үйде емес, өзіне арнайы тұрғызылған, тұрмысқа қолайлы уақытша баспанада тұрмақ.

Өзбекстанның шығысындағы Наманған облысының басшысы Шавкат Абдураззаков әлеуметтік жағдайы артта қалған ауыл халқының күнделікті өмірімен жақын танысып, қандай проблема барын көріп-білу үшін сондай бір ауылға уақытша көшіп бармақшы. Басшы содан кейін ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартатын жобаларды қолға алуды жоспарлап отырғанын айтады.

Бір қарағанда өте игілікті істің бастамасындай көрінеді.

Бірақ Бунёдкор ауылындағы Шавкат Абдураззаковқа арнап салып жатқан үйді көргенде, ондай баспанада тұратын адамның жергілікті халықтың тұрмысында күнделікті кезігетін қиындықтарды сезінетініне күмән туады.

Бұған қоса бұл шенеуніктің өз идеясы болуы да екіталай.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев биыл 19 ақпанда Наманған облысына барған кезде күтпеген жерден Бунёдкор ауылына ат басын тіреді. Наманғаннан 18 шақырымдағы кедей ауылдың сүреңсіз тірлік кешіп жатқанын көріп, жергілікті тұрғындармен сөйлескен Мирзияев елдімекеннің "ауыз сусыз, жолы тозған… махалла тұрғындары жиналатын ғимараттың артына қоқыс төгіп, жылайтындай жағдайда" отырғанын мәлімдеген.

Мирзияев Наманған әкімі Олимджон Исаев пен қала прокуроры Бахромжон Юлдашевты сөгіп, ұрысқан. Өзбекстан президенті аймақтарды аралаған кезде мемлекеттік телеарналардың көзінше шенеуніктерді осылай жиі сынайды.

Ол ашу шақыра сөйлеп, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын айтып, түк шешпей отырған жергілікті шенеуніктермен күресетін басшы боп көрінуге тырысады.

Бірақ Мирзияев телеэкраннан шенеуніктерді жерден алып, жерге салып, жұрт көзінше жиі ұрысқанмен, аймақтардағы шенеуніктердің теріс іс-қылығына тоқтау сала алмай отыр.

Мирзияев келіп кеткен соң Абдураззаков Бунёдкордың 12 мың тұрғынының кейбірімен сөйлесіп, сол ауылға уақытша көшіп барып, біраз уақыт сонда тұратынын мәлімдеді.

Қазір ауылға жаңадан электр желісін тартып жатыр.

Аты-жөнін атамауды өтінген жергілікті белсенді Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик радиосы) ауылда шешілмей келе жатқан өзге проблемалар барын айтты.

"Махалламызда су құбыры жоқ, халық талай жылдан бері арық суын ішіп отыр. Табиғи газ ешқашан болған емес. Қазір су құбырын тартады, кейін махаллаға газ да келеді деп айтып жүр" дейді белсенді.

КӨШПЕЛІ ҮЙ

Шавкат Абдураззаковтың Бунёдкор ауылында пәтер жалдап болмаса қайсыбір жергілікті тұрғынның үйінде бірге тұратын ойы жоқ сияқты. Ол тұратын үйін… өзімен бірге алып барады.

Шенеунікке арналған баспана құрастырмалы үлкен үш "контейнерден" тұрады. Әдетте мұндай контейнерлерді ірі құрылыс салынып жатқан жерде кеңсе немесе қойма, сол сияқты қалада шағын дәмхана я дүңгіршек ретінде пайдаланады.

Аймақ басшысы көшіп бармас бұрын, жүздеген адам Бунёдкордағы жағдайды жақсарту жұмысына жұмылдырылды дейді жергілікті белсенді.

Оның сөзінше, мемлекеттік қызметкерлер мен сарбаздар "көше сыпырып, жаңа асфальт төсеп, жол бойына гүл егетін орындар дайындауға" кіріскен.

Күндіз-түні қызу атқарылып жатқан осы жұмысты жергілікті билік "хашар" (қазақша асар – көпшіліктің ерікті түрде бірігіп, көмекке келуі – ред.) деп санайды. Ал шын мәнінде мұның қаншалықты "ерікті" жұмыс екені дау туғызады.

23 ақпанда Бунёдкорға барған Озодлик тілшісі ауылда қандай жұмыс атқарылып жатқанын суретке түсіріп алды.

Аймақ басшысына арналған уақытша үй бой көтерген. Ауылдан оны адаспай табасыз: жаңа ағаш қақпасы бар үйдің айналасын қоршаған бетон дуалға "Наманған облысы әкімінің үйі" деген жазу ілінген.

Бетон дуалдың ар жағындағы жаңа аулада басшы қонақтармен шай ішіп немесе өзі оңаша демалып отыратын терраса тұр.

Көпшілікті ауыл халқы баяғыдан тұрып жатқан үйлерді жөндеуге ақша болмай отырғанда аймақ басшысына уақытша баспана тұрғызуға қанша қаржы жұмсалды екен деген сауал мазалайды.

Наманған облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Азиз Абдуллаев Бунёдкорда Абдураззаковқа уақытша үй салуға ақша жұмсалған жоқ деп сендіруге тырысады. Ол әкім тұратын үйдің ескі металл контейнерлерден құрастырылғанын, ал әдетте басқа жерде тұрған бетон дуал бұл ауылға аймақ басшысы осында уақытша тұрып, кейін кеткенше ғана әкелінгенін айтады.

Әкім үйінен түсірілген суретке қарағанда, шынымен ескі контейнер құрылыс материалы ретінде пайдаланылғанға ұқсайды.

АУЛАДАҒЫ ӘЖЕТХАНА

MobileHome Uz компаниясының Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында осындай құрастырылып, жиналатын үйлердің жарнамасы жарияланған. Кейбірінде үйдің ішкі көрінісі де бар.

Бұл үйлер электр қуатын генератордан алады, жарық, жылу мен ауа салқындатқышты сол қамтамасыз етеді.

Облыс әкімі Бунёдкордағы өзіне арнап құрастырылған үш контейнердің бірін сонда тұрып, демалуға, екіншісін – кабинет, ал үшіншісін – "жуынатын бөлме және әжетхана" ретінде пайдаланады.

Бұл "уақытша баспананың" көрші тұрған, су құбыры тартылмаған, кәріз жүйесі дегенді көрмеген, тұрғындары ауладағы ағаштан жасалған әжетхананы пайдаланатын үйлерден осындай артықшылығы бар.

Егер Мирзияев пен Абдураззаков шынымен ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін бүге-шігесіне дейін білгісі келсе, ең алдымен осындай әжетханадан бастағаны артық болмас еді.

Өйткені кедей ауылда тұратын халықтың қандай нашар жағдайда тұрып, қандай қиындық көріп отырғанын жақсы сезіну үшін ол жерге жіберілген шенеуніктер сол тұрғындар сияқты қыстың суығында түн ішінде төсектен тұрып, киініп, ауладағы әжетханаға "бой жазып" барып қайтқаны жөн. Ал жаздың аптап ыстығында кешкі мезгілде осы әжетханаға кірмес бұрын оның есігін ашып, құжынаған көк шыбынның сейілуін күтіп тұрса, біраз нәрсені түсінер еді.

Егер шенеунік осының бәрін өз басынан өткерсе, бәлкім, ауылға ең алдымен су құбыры мен кәріз жүргізуді қолға алар ма еді...

Президент Мирзияев алдағы уақытта ел аймақтарын аралаған кезде кедей ауылдарға күтпеген жерден баруға уәде етті. Сондықтан Бунёдкор сияқты ауылға уақытша көшіп бару кезегі өзге де шенеуніктерге тиюі әбден мүмкін.

Бұқара облысы басшысы Ботир Зарипов та өзі басқаратын аймақтағы ең кедей ауылдардың біріне барып тұрмақшы. Абдураззаковпен салыстырғанда президент оны онша жақтырмай ма, әлде Зариповтың өзі басшы қарапайым болған дұрыс деп санай ма, әйтеуір ол совет заманынан қалған "вагонда" тұруды ұйғарыпты.

Өзбекстандағы барлық облыс және аудан басшылары өздері басқаратын өңірдегі кем-кетікті байқап, оны түзеп, жағдайды жақсарту үшін бір ауылдан екіншісіне көшіп жүргенде әлгіндей құрастырмалы үйді пайдаланады деп жоспарланып отыр.

Бірақ Шавкат Абдураззаковтың уақытша көшіп барған ауылдағы халықтың шынайы өмірінен тым алшақ "көшпенді тұрмыс жағдайында" тұрып, жергілікті жұрттың жай-күйін сезіне қоятынына сену қиын.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.