Тоқаевтың "дұрыс жолы", "уақыт созу" және "алтыншы мәселеге айналған" саяси реформа

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауын оқып тұр. Нұр-Сұлтан, 1 қыркүйек, 2021 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында экономика, денсаулық, білім, өңірлік саясат, еңбек нарығы және саяси жаңғыру туралы айтты. Мәжілістің бірлескен отырысында әдеттегідей орысша-қазақша араластыра оқыған жолдауында президент Қазақстанның саяси жаңғыру мен адам құқықтары бойынша "дұрыс жолда" келе жатқанын, бірақ реформаны елдің "өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асыратынын" айтты. Сарапшылар оның жолдауын "уақыт созу" әрекеті деп бағалайды. Тоқаевтың шынайы демократиялық реформаға "ынтасы жоқ" деген сарапшылар оны бұл жағынан бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұқсатады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ "ӨЗІНЕ ТӘН ЕРЕКШЕЛІГІ"

Бүгін, 1 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған парламенттің екінші сессиясын ашып, халыққа жолдауын жариялады. Президент жолдауын тыңдауға парламент депутаттары мен үкімет мүшелері, жоғары биліктегі өзге де ірі лауазымды шенеуніктер қатысты.

Әуелі экономика мәселесін сөз еткен Тоқаев жолдауының ортасынан асқанда ғана саяси мәселелерге жетті. Қазақстанда кейінгі екі жылда "бірқатар елеулі өзгеріс жасай алдық" деген ол өзі билікке келгелі болған "өзгерістерді" тізіп шықты.

– Митинг өткізу үшін алдын-ала ескерту қағидаты жазылған жаңа заң қабылданды, партиялардың мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне "бәріне қарсымын" деген баған қосылды, – деген президент "осы және басқа да қадамдар қоғамда белсенді қолдау тапты" деп өзіне өзі баға бергендей болды.

Тоқаевтың сөзінше, саяси реформалар әрі қарай да жалғасады, бірақ мемлекеттің "өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асады". Алайда ол "өзіне тән ерекшелігі" дегенде нені меңзегенін ашып айтпады.

Азаттық халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылардың Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі Қазақстандағы демократиялық реформалардың, адам құқықтарын қорғау бастамаларының кібіртіктеп қалғаны, тіпті кері кеткені туралы көп жазды. Сарапшылар арасында соңғы жылдары қабылданған заңдарды "косметикалық өзгеріс" деп бағалайтындар көп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кері кету". Қазақстандағы адам құқықтары ахуалына берілген баға

МИТИНГІГЕ "РҰҚСАТ АЛУ" МЕН "ЕСКЕРТУДІҢ" АЙЫРМАСЫ

Парламент залында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын тыңдап шыққан "Нұр Отан" партиясы атынан сайланған мәжіліс депутаты Айдос Сарым "Тоқаевтың реформалары косметикалық өзгеріс" деген пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, ең бастысы Тоқаев билікке келгеннен кейін "ойын ережесі" өзгерген.

– Заң шын мәнінде либералданып жатыр, саяси субъектілер онымен іштей болса да келісуі керек. Кез келген заңның идеологиясы – заңды орындамай қоюға қарағанда оны орындау тиімді болуы керек. Егер саяси субъект болсаң [заң талап еткен] бір жапырақ қағазды толтыруға мүмкіндігің бар, – дейді Айдос Сарым.

Депутат бұл сөзінде "Бейбіт жиындар" туралы заңға енген өзгерісті меңзегені байқалады. Бұл заңның ескі нұсқасында митингіге шыққысы келетіндер жергілікті биліктен алдын ала рұқсат сұрауы керек болса, өзгертілген нұсқада "жергілікті атқарушы органдарға алдын ала хабарлау" арқылы митингіге шығу мүмкіндігі көрсетілген.

Алайда митингіге шығуға талаптанған белсенділер бұл өзгерістің іс жүзінде бұрынғыдан айырмасы шамалы екенін, алдын ала хабарлағанмен де бәрібір әкімдіктің мақұлдауын күту қажеттігін заң қабылданғалы бері айтып келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сол баяғы қудалау, сотқа тарту, тыйым салу. Митинг заңы қалай жұмыс істейді?

Айдос Сарымның сөзінше, қоғамда "митингінің бәрі билікке қарсы өтеді" деген жаңсақ ой қалыптасқаны байқалады. 2020 жылы Қазақстанда барлығы 580-ге жуық митингі өткен. Одан бұрынғы жылдары жылына небәрі 10-20 митинг қана өткен дейді депутат.

Айдос Сарымның мұндай мәліметті қайдан алғаны белгісіз. Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсенді рөл атқаратын Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты ірі қалалардың өзінде митингі сирек өтетіні байқалған. Азаттық аймақтардағы азаматтық және саяси белсенділердің наразылық акциясы, пикет, шеру сияқты шара өткізу үшін әкімдіктерге "ескерту" хатын тапсырып, рұқсат ала алмағаны туралы көп жазды. Кей белсенділер бір емес, бірнеше мәрте ескерту беріп, рұқсат ала алмаған. Ал рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін қайта-қайта жазаға тартылып, қамалып жатқан белсенділер де бар.

Белсенділердің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар көбіне коронавирус пандемиясына байланысты шектеулерді сылтау етіп, наразылық шарасын өткізуге рұқсат бермеген. Бірақ кей кезде карантиннен басқа себептер де аталған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бүкіл күш белсенділерді басып-жаншуға жұмсалды". Қазақстандағы адам құқығының ахуалы

"ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ" РЕФОРМА

Сенаттың бұрынғы депутаты, қоғам белсендісі Зәуреш Батталова саяси реформа "қағаз жүзінде ғана жасалып жатыр" деп санайды.

– Иә, реформа жасалып жатыр, бірақ қағаз жүзінде ғана. Іс жүзінде керісінше. Саяси партия кандидаттарының 30 пайызы жастар мен әйелдер болуы керек деді. Саяси партиялар жастар мен әйелдерді алдына салып шықты да, сайлау өтіп мандат бөліскенде депутат креслосына бұрынғыша [ерлер мен қарт адамдар] отыра қалды. Осы ма саяси өзгеріс? – дейді ол.

Былтыр билік "саяси реформа" деп дәріптеген науқан аясында заңға енгізілген өзгеріс бойынша, партиялардың депутаттыққа кандидат тізімінде жастар мен әйелдерге квота бөлу ережесі енгізілген. Бір қызығы, депутат мандатын бөліскенде де сол квотаның сақталанатыны заңда нақты көрсетілмеген. Батталова ханымның айтып отырғаны – осы мәселе.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында "депутат мандатын бөлу кезінде осы квотаны міндетті түрде ескеру туралы норманы заң жүзінде бекіту керек" деп мәлімдеді. Алайда бұл ұсынысты саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов "уақыт созу" деп түсінеді.

– Тоқаев бүгін көтеріп отырған мәселені бастапқы өзгеріс кезінде-ақ заңға кіргізе салса кім қой деді? – деп сауал тастайды ол.

Экс-сенатор Батталова президенттің демократия үшін маңызды ұсыныстарды науқан өтіп кеткен соң ғана көтеруін "ынтаның аздығы" деп санайды. Оған бір мысал – партиялар мәжіліске өту үшін жинаған дауыстардың межесін 7 пайыздан 5 пайызға түсіру ұсынысы.

– Сайлау аяқталып, билікке қолайлы партиялар ғана мәжіліске өткен соң алғашқы отырыста Тоқаевтың "7 пайыз межені 5 пайызға түсіреміз" дегені мазақ сияқты естілді. Оны неге бір ай бұрын айтпады? Өйткені осы саяси жүйенің осылай қала тұрғанын қалады. "5 пайыз меже" деген өзгеріс келесі сайлауда, яғни енді бес жылдан соң ғана іске қосылады. Оған дейін Тоқаев орнында бола ма, жоқ па? – дейді Зәуреш Батталова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қоғаммен санаспай жасақталды". Мәжілістің жаңа құрамына сарапшылар не дейді?

"ЫЛДЫМ-ЖЫЛДЫМ САЙЛАУ"

Экс-сенатор шынайы саяси реформаға келгенде шабан билік, өзіне ыңғайлы өзгерісті тез жасайды деп санайды.

– Мысалы ауыл әкімдерін сайлау туралы заңды тез қабылдады да, сайлауды ылдым-жылдым өткізіп жіберді. Сайлауда қай партияның өкілі көбірек әкім болғанын көрсеңіз "ауыл әкімін сайлау" дейтін саяси реформаның не екенін түсіне қоясыз, – дейді, Зәуреш Батталова.

Зәуреш Батталованың сөзінше, саяси реформаның керісінше жүріп жатқанына тағы бір дәлел бар.

– Бұрынғы заң бойынша тек мәжіліс депутаттары ғана партия тізімімен сайланды, ал жаңа заң бойынша аудандық мәслихат депутаттары да солай сайланатын болды. Партияда жоқ азаматтар мемлекетті басқару ісіне араласу құқығына айырылды, – дейді ол.

Депутат Айдос Сарым "Тоқаев ауыл әкімдерін сайлауды былтыр ұсынды, ал биыл сайлау болды", яғни президент уәдесінде тұрды деп есептейді.

– Меніңше ауыл әкімдерін сайлау қоғамның, биліктің табиғатын өзгертеді. Оның нәтижесі бір күнде емес, бірер жылда байқалуы мүмкін, – дейді депутат.

Мәжіліс депутаты Юрий Ли "кейбіреулер асыққанымен саяси реформалар тез жасалатын іс емес" деп әлдекімдерге қарата зілдене сөйледі. Бірақ мәжілісменнің "әлдекімдер" деп кімді меңзегені түсініксіз.

"САЯСИ РЕФОРМА АЛТЫНШЫ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ"

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов Тоқаевтың бүгінгі жолдауында саяси реформа мәселесі алтыншы бөлімде бір-ақ айтылғанына назар аударған.

– 2019 жылы маусымдағы президент сайлауы кезіндегі қоғам наразылығынан қауіптенген Тоқаев саяси реформаны қолға алатынын мәлімдеп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін де құрып тастады. Одан кейін де саяси реформа жайлы сөз етіп жүрді. Биыл ауыл әкімдерін, 2024 жылы аудан әкімдерін сайламақ болған. Бірақ бүгінгі жолдауында саяси реформа мәселесі алтыншы мәселеге түсіп қалғандай көрінді. Аудан әкімдерін сайлау да "пилоттық жоба" болып қапты. Сірә, саяси реформаны тым жеделдетіп жібердік деп шошыса керек, – дейді ол.

Шалқар Нұрсейітовтің сөзінше, Тоқаевтың жолдауда "әкімдер жұмысын әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы бағалау керек" дегені кезекті қағазбастылық науқанның белгісіне ұқсайды.

– 21 ғасырда мемлекеттік саяси қызметтегі азаматтың, атқарушы органдардың, президент пен әкімнің жұмысына баға беретін басты тетік – әлеуметтік сауалнама емес, сайлау. Қазақстанда әлеуметтік сауалнаманы биліктің қалай жүргізетінін білеміз. Меніңше бұл да ақша шашатын кезекті науқан болып қалады, – дейді ол.

"ТОҚАЕВ ЕМЕУРІНМЕН АЙТҚАН СӨЗДІ НАЗАРБАЕВ АШЫҚ АЙТАТЫН"

Сарапшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауда "барлық өзгерісті еліміздің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырамыз" деген сөзін, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанда халқы демократияға дайын емес" деген қағидасымен байланыстырады.

– Тоқаев емеурінмен айтқан сөзді Назарбаев ашық айтатын. Оның "демократия орната салуға қажетті 250 миллион америкалықты қайдан табамын" деген осыған мағыналас сөзі бар. Яғни, Тоқаев та сол жолмен келе жатқанын аңғартты, ол да өз халқының саяси мәдениетіне, ақыл-парасатына күмән келтіргендей көрінеді, – дейді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында негізінен Қазақстанның ішкі мәселесі сөз болды. Назарбаевтың жолдауларында жиі сөз болатын жаһан мәселесі сирек айтылғаны байқалды. Бұрын Назарбаевтың жолдауында парламент залында отырғандар қайта-қайта орындарынан тұрып қол соқса, бұл жолы шапалақтың да азайып қалғаны аңғарылды.

Қазақстан конституциясы бойынша парламент сессиясын ашу президент міндетіне кіреді, бірақ жолдауды қай уақытта жариялайтынын президенттің өзі шешеді. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа дәстүрлі жолдауын кейде парламент алдына барып айтса, кейде президент әкімшілігіндегі кабинетінен тарата беретін.

Бұл – 2019 жылы Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші жолдауы. Президенттің халыққа жолдау арнау дәстүрі 1997 жылдан басталған. Алғашқы жолдау Назарбаевтың "Қазақстан 2030" деп аталатын стратегиялық даму бағдарламасын жариялауымен, "Қазақстан 2030 жылға қарай Орталық Азия барысына айналады" деген мәлімдемесімен есте қалған. Одан кейінгі жолдауларында да Назарбаев "алдымен экономика, содан кейін саясат" дейтін қанатты сөзін жыл сайын қайталады.

2019 жылы маусымда өткен сайлауда Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев керісінше "Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз" деген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевтың Қазақстаны" және "акулалар арасындағы" Тоқаев