Ердоған «коррупция ісін» қозғағандарды қудалай бастады

Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған "Әділет және даму" партиясының жиынында сөйлеп тұр. Анкара, 25 желтоқсан 2013 жыл.

Түркия премьер-министрі парақорлық туралы тергеуді тоқтату үшін полицияны жаппай қудалай бастады. Бұл әрекет елдегі «жемқорлық дағдарысын» шешуге көмектесе ме?
Түркия премьері Режеп Тайып Ердоған полицияға қарсы соғыс жариялаған тәрізді. Соңғы аптада премьер әкімшілігі жүздеген прокурор мен тергеушіні қызметінен алып, басқа лауазымға тағайындады.

ПОЛИЦИЯ НЕДЕН АЙЫПТЫ БОЛДЫ?

Ердоған «үкіметті қаралау үшін жасалды» деп мәлімдеген парақорлыққа қатысты тексерістен соң елде осындай ауқымды өзгерістер жасала басталды. Ал сыншылар «11 жыл бойы билікте отырған премьер-министр басқалармен санаспайтын болып алды» дейді.

Коррупцияға қарсы шеруге шыққан наразылар. Стамбул, 25 желтоқсан 2013 жыл.

Сейсенбі, қаңтардың 7-сі күні Анкарадағы 350 полиция қызметкері кәсібінен айрылды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, олардың ішінде қаржылық қылмысқа, контрабанда мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес мекемелерінің басшылары бар. Олардың көбі тасымал бөлімшелері мен астанадан алыс аймақтардың полиция бөлімшелеріне қызметке ауысты.

Қаңтардың 8-і күні Түркияның ішкі істер министрі Анкара, Измир және Диярбақыр қалаларындағы 15 аймақтық полиция бастығын қызметтен алып тастады. Басқа ондаған полицей мен сот қызметкерлері (мысалы, Стамбул полициясының бастығы) басқа жұмысқа ауыстырылды.

Желтоқсанның 17-сі күні сыбайлас жемқорлықты тергеу қызметі «коррупцияға қатысы бар» деп ондаған адамды тұтқындаған еді. Олардың ішінде Ердоған кабинетінің үш министрінің ұлы мен мемлекеттік «Халық банкінің» меңгерушісі бар.

Ердоған елден қудаланған діни жетекші «Фетхулла Гүленнің ізбасарлары мемлекет ішінен мемлекет құрмақ» деп мәлімдеп, құқық қорғау органдарын оған қарсы күресуге шақырды.

ГҮЛЕННІҢ ЫҚПАЛЫ

Гүлен - Түркия мен басқа елдерде білім беру және қайырымдылық шарасымен айналысатын, АҚШ-та құрылған халықаралық «Хизмет» қозғалысының жетекшісі. Гүленнің жақтастары 2003 жылы Ердоған мен оның «Әділет және даму» партиясының билікке келуіне ықпал еткен еді.

Гүлен «партияның парақорлыққа қарсы тексеруге қатысы жоқ екенін» айтты. Ердоған мұнымен қатар, «парақорлық ісі арқылы жұртты көтеріліске итермелейтіндер бар» деп мәлімдеді. Оның осындай мәлімдемелері жұрт назарын аударып, сыбайлас жемқорлық туралы даудың жұрт құлағына толық жетпеуіне септігін тигізді.

Фетхулла Гүлен мен Түркия премьері Режеп Тайып Ердоғанның одақтас кезі.

Тексеру кезінде Ердоған одақтастарының Иранды ядролық бағдарламасына қатысты туындаған халықаралық санкциядан құтқару үшін бұл елмен миллиондаған доллар заңсыз сауда жасасқаны анықталған еді.

Лондондағы Chatham House институтының Түркия бойынша маманы Фади Хакура «Ердоғанның жалтарып кетуіне түрік қоғамының астыртын әрекет (жұртты көтеріліске итермелеу) туралы сыбыстарға назар аударуы көмектесуі мүмкін» дейді.

- Түріктер астыртын сөз байласу мен жасырын ұйымдардың бар екеніне сенуге даяр тұрады. Түрік қоғамы – консервативтік қоғам, түріктер билікке төзімділік танытып, оны сыйлайды. Олар ауылдық менталитеттен қалаға көшсе де арылмады. Сондықтан, қарапайым мәлімдемелерден гөрі, астыртын әрекет туралы сөздерге сенуге бейім, - дейді Хакура.

ЕРДОҒАННЫҢ САЯСИ ТӘСІЛІ

Бірақ Ердоғанның ел алдында қысылмай сөйлеуіне Түркияның экономикалық көрсеткішінің жоғары болуы да ықпал етсе керек. Түркия экономикасы 2010 жылы тоғыз пайызға дейін өсіп, ең жоғары көрсеткішке жетті. Биыл бұл шама 4 пайыз мөлшерінде ғана болса да, түріктер Ердоған тұсында экономикамыз гүлденді деп санайды.

Хакураның айтуынша, «түріктердің көбі алдымен экономикалық жетістікке мән береді, ал сыбайлас жемқорлық екінші орында тұрады».

- Түрік қоғамы экономикалық дамуға риза, осы жағдайда парақорлық туралы тергеу Ердоғанның беделіне аса көп нұқсан келтірмеуі де мүмкін. Ал елде экономикалық жағдайға наразылар көбейсе, парақорлық туралы мәліметтер отқа май құя түсетін еді, - дейді сарапшы.

Түркияның «Халық банк» меңгерушісіне «коррупцияға қатысы бар» деген айып тағылған соң студенттер банк ғимараты алдында қарсылық акциясын өткізді. Стамбул, 19 желтоқсан 2013 жыл.

Ердоғанның сайлаушылары үшін тағы бір маңызды себеп - елде оның партиясына төтеп берерлік балама күш жоқ. Түркия бойынша сарапшы Гарет Дженкинс пен АҚШ-швед компаниясы «Silk Roads Studies Program» дерегі бойынша, «Ердоғанды азаматтардың көбі қолдайды. Себебі билікке келген кезде ол «Әділет және даму» партиясын консервативтік партия ретінде көрсетті. Оңшыл-орталық (central-right) бағытты ұстанатынын жариялады. Бірақ соңғы жылдары оның партиясы исламшыл бағытқа ауа бастады. Дегенмен оның елдегі ықпалы төмендесе де, сайлаушылар басқа партияны таңдай алмайды. Өйткені, бұл елде таңдау жасау мүмкіндігі аз».

Ендігі мәселе «Ердоған мемлекеттік мекемелер қызметіне қашанғы араласа береді, сайлаушылар демократияға қауіп төнгенін қашан сезінеді?» деген сауалға тіреледі. Осыған дейін ол бұндай мәселелерді шешуге шебер екенін көрсетіп келді, мысалы жақында ғана өзін сынаушы секуляристермен (мемлекетке діннің ықпал етуіне қарсылар - ред.) татуласуға даяр екенін көрсетті. Қаңтардың 5-і күні ол «кейбір әскерилер мен атеистер түрмеге бекер қамалған болуы да мүмкін» деп мәлімдеді.

Енді қарулы күштер бас штабының бұрынғы генералы Илкер Басбуг сияқты адамдар бостандыққа шығуы мүмкін. Ердоған бұрынғы одақтасы Гүленді «мемлекет ішіндегі мемлекет құрмақ» деп айыптады. Бұл «қаруды» ол бұған дейін секуляристерге қарсы қолданған еді. Бірақ секуляристер онымен бітімге келетін сияқты.

Түркия секуляристері әлі күнге дейін «Балға» және «Ергенекон» аталып кеткен жасырын төңкерістерге қатысты тергеулерді ұмытқан жоқ. Бұл сот процестері әскерилердің саяси билігін әлсіреткен еді. Мәселен, 1997 жылы билікке келген исламшыл үкімет өзін 1923 жылы Кемал Ататүрік негізін қалаған зайырлы, демократиялық қоғамның кепілі ретінде жариялауға мәжбүр болды.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)