Түркіменстан полициясы қол ұстасқан ер мен әйел көрсе шүйлігеді

Көшеде қол ұстасып кетіп бара жатқан қыз бен жігіт. Көрнекі сурет.

Түркіменстанда полиция жұрттың көзінше қол ұстасып жүрген ондаған жұпты "дәстүрге ерсі қылығы" үшін ұстап әкеткен. Мұндай оқиғалар Ашғабат әйелдер құқығын шектейтін ережелер енгізген соң жиі бола бастады.

Түркіменстан билігі әйелдер құқығын шектейтін ережелер енгізген тұста, Мары қаласында көпшілік орында қол ұстасып, "әлеуметтік нормаларды бұзған" ондаған ерлі-зайыптыны полиция алып кеткен.

"Әйеліммен жүрген едім, жанымызға полиция көлігі келіп тоқтады. Бізді жауап алуға апаратынын айтты, – дейді Мары қаласының тұрғыны. – Олар бізден әртүрлі бөлмеге кіргізіп жауап алды".

Ер адам туыстарына хабарласып, жұбайы екеуінің ерлі-зайыпты екенін дәлелдеу үшін неке куәлігі мен паспортын әкелуді сұрағанын айтады. Бірақ соған қарамастан полиция күйеуі мен әйеліне түркімендердің дәстүрлі құндылықтары жайлы дәріс тыңдауды бұйырған.

Аты-жөнін атамауды сұраған ер адам полиция учаскесінде Мары көшелерінен тура осындай "ерсі қылығы" үшін ұсталған тағы бірнеше адам болғанын айтады.

Түркіменстанда полиция саябақта отырған қыз бен жігіт көрсе, олардың құжатын тексереді.

Азаттық мамырдың басында полиция дәрісін тыңдауға мәжбүр болған Мары қаласының бірнеше тұрғынымен сөйлесті.

Олардың бірі мұндай дәрістер негізінен әйелдерге арналған дейді.

Оның сөзінше, дәріс оқыған полиция қызметкері мен тағы бір әйел залда отырған әйелдерді "опа-далап жағынған ұятсыздар" деп атап, "ер адаммен қол ұстасып алып, әдеп ережелерін бұзды" деп сөккен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пәренжі, орамал, шәлі. Бұрынғы СССР-дағы әйел бас киімінің эволюциясы

"Бізге бұрын түркімен әйелдері басына орамал байлап жүргенін айтты, – деді бір әйел. – Тұрмыс құрған әйелдер басына орамал тағуы керек деді".

"Бұрын түркімен әйелінің бетін бүркеп жүруі әдепті саналғанын айтты. Әйелдер тек бейтаныс адамдардың алдында ғана емес, қайын жұртының көзінше де бүркеніп жүргенін, олармен сөйлеспегенін, сөзін балалары арқылы жеткізгенін айтты" дейді ол.

Мары мен ел астанасы Ашғабат қалаларының ресми билігі бұл мәселеге байланысты Азаттықтың сұрағына жауап бермеді. Түркіменстан шенеуніктері тәуелсіз басылымдарға пікір білдіруден қашқақтайды.

Полиция көпшілік алдында ер адаммен қол ұстасып жүрген жерінен ұстап әкеткен әйелдің сөзінше, билік өкілдері оларды бұдан былай елдің көзінше қол ұстасып жүруге болмайтынын айтқан соң босатқан. Бірақ бұл ережені бұзған жағдайда заң бойынша жазаланатынын ескерткен.

"Алайда қандай айып тағылып, нендей жаза қолданылатынын айтқан жоқ" деді ол Азаттыққа.

Етегі ұзын көйлек киіп, басына орамал тартқан түркімен әйелдері. Ашғабат, 15 шілде 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Түркіменстанда қол ұстасуға ресми түрде тыйым салынбаған. Азаматтарының көбі мұсылман дінін ұстанатын Түркіменстанда авторитар биліктің азаматтардың құқығын шектейтіні бұрыннан айтылып жүр.

Бұрын полиция саябақта отырған қыз-жігіттің құжатын жиі тексеретін.

Түркіменстанда биыл наурызда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша Сердар Бердімұхамедов жеңіске жетті. Ол билікке келген соң елде әйел құқығын шектеу күшейді. Орталық Азиядағы қатаң авторитаризм орнаған мемлекетті 2006 жылдан бері Сердардың әкесі Гурбангулы Бердімұхамедов басқарып келген еді.

2022 жылғы наурызда Түркіменстан президенті болып Сердар Бердімұхамедов (оң жақта) сайланғаннан кейін елде әйел құқығын шектейтін бірқатар ереже пайда болды.

Сәуірден бастап түркімен полициясы тырнақ жапсырып, кірпік жалғаған ондаған әйелді ұстаған. Көшеде әйелдерді тоқтатып, ерніне операция жасатқан-жасатпағанын да тексеретін болған.

Ондаған стюардесса мен ұлттық темір жол компаниясында істейтін әйелдер омырауына имплант салғызып, ернін үлкейткені үшін жұмыстан қуылған деді Азаттыққа дереккөз.

Жұмыс істейтін әйелдерге денеге жабысып тұратын киім киюге тыйым салып, бұл талапты орындамаған жағдайда жұмыстан шығарылатынын ескерткен. Оларға боянуға, шашын немесе тырнағын бояуға да рұқсат етілмеген.

Жол полициясы автокөлік иелеріне туысы саналмайтын әйелдерді көлікке отырғызуға тыйым салған. Әйелдерге көліктің алдыңғы орындығына отыруға да рұқсат етілмейді.

Бірақ елдегі ешбір заңда мұндай ережелер жоқ.

Көшеде әйелдерді тоқтатып, құжатын тексеріп тұрған полиция. Ашғабат, 2022 жыл.

Жаңа шектеулер жайлы тек құқық қорғау органдарына, мемлекеттік компания басшыларына айтылған.

Жұмыс берушілер арнайы жиналыс өткізіп, әйелдердің киіміне, сұлулық процедураларына және сырт келбетіне қатысты жаңа ережелерді талқылаған. Бірақ ондайға тыйым салатын ешқандай құжат я оның көшірмесін көрсетпеген, мұндай ереже енгізудің себебін түсіндіруден де бас тартқан.

Мамырдың басында билікке жақын дереккөздер Ашғабат арнайы рұқсат болмаған жағдайда әйелдердің шетелге шығуына да шектеу қою мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады.

Дереккөз шетелге медициналық көмек алғысы келетіндер ғана шыға алатынын айтады. Бірақ шетелге ондай мақсатпен шыққысы келетін кез келген азамат әуелі Түркіменстан денсаулық министрлігінен рұқсат алып, елде емделу қажеттілігі жоғын дәлелдеуі керек.

Азаттықтың Түркімен қызметінің материалдары бойынша жазылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Түркіменстан әйелдер құқығын шектейтін жаңа ережелер енгіздіАшғабатта бірге жүрген қыз-жігітті полиция тексередіСуреттегі жартылай жалаңаш әйелді "киіндіргендер" дауға қалды Орталық Азиядағы жабық елдің сән-салтанаты мен жұпыны тірлігіОрталық Азиядағы киім талқысы