Киевтік журналист Ирма Крат Донбастағы майдан шебін аралап, Украина жауынгерлеріне гуманитарлық көмек жеткізді. Оның Украинаның шығысына барғандағы негізгі мақсатының бірі өзі тұтқында болған Славянск қаласын көру еді.
Сәуірде Славянск қаласын Игорь Стрелков басқарған «Донецк халық республикасы» (ДХР) сепаратистері басып алған болатын. Сол кезде олардың қолына түскен Ирма Крат қаланы Украина армиясы босатқанға дейін 77 күн тұтқында болды. Қала мэрі Неля Штепа да Славянскінің қалалық кеңесі ғимаратында Ирма Кратпен бірге қамауда отырған. Жуырда Неля Штепаның соты басталады. Ол сотта Ирма Крат куә ретінде түсінік бермек.
Ирма Крат Азаттыққа майдан шебіне сапары туралы айтып берді.
Ирма Крат: - Славянск қаласына бойымдағы үрей-қорқыныштан арылу үшін бардым. Тұтқыннан босағаннан кейін өзім қамауда отырған әлгі жертөле мен бөлмені көргім келіп тұратын болды. Мені қамауда ұстаған бөлменің де, СБУ (Украинаның қауіпсіздік қызметі) бөлмесін де есігін мөрлеп, жауып тастапты. Адам ұрлауға қатысты істерді тексерумен айналысатын тергеушілерден басқа ешкімді, тіпті журналистерді де кіргізбейді екен. Қанша жалынсам да, әуелде тергеуші бізді онда кіргізгісі келмеді. Зорға дегенде келісіп, кілтін әрең берді. Мені таңғалдырғаны – әлгі бөлмеге мен шыққаннан кейін ешкім кірмеген. Ешкім ештеңеге тимеген - барлық заттар сол күйі тұр. Ешқандай айғақ қалдырмау үшін сепаратистер барлық затты тығып, болмаса лақтырып тастайтын шығар деп ойлағанмын. Путин мен Стрелковқа тұтқында отырып жазған хаттарымды да тауып алдым. Мені қамаған жертөлеге де кірдім. Мені ол жерге бүлік шығарып, қатты қарсыласқаннан кейін ас-сусыз қамап тастаған болатын. «Су әкеліңдер» деп есікті тепкілеп, құбырды тоқпақтаған едім. Ал кейін жауларыма ерегесіп, қабырғаны сырып, «Украина» деп жазғанмын. Қалалық кеңес қызметкерлері бәрін ақтап немесе өшіріп, бүкіл айғақтарды тығып тастаған шығар деген едім, бірақ ешкім ештеңеге тиіспепті.
Оларға Украина туын сыйладым. [Тергеушілерге] Неля Штепаны тұтқында ұстаған жерді көрсеттім. Сот оны өмір бойы түрмеге кесуі мүмкін. Украина билігі Штепаны «сепаратистерді қолдады» деп айыптайды. Бірақ ол - өтірік. Штепа мені қолдап, бірге аштық жариялады. Ол бөлмесінде түнімен жылап шығатын, даусы маған естіліп тұратын.
Азаттық: - Ал Неля Штепаны неліктен сатқын деп санайды?
Ирма: - Ресей телеарналары халықты алдап соқты, ал Украина билігі халықтың ығына жығылады. «Фейсбукте» (Facebook - ред.) біздің үкімет адамдары көп отырады ғой, біреуі «Неля Игоревна сатқын» деп жазып еді, бәрі іліп әкетіп, соттау керек деп шықты. Өтірік-шынын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ресей арналарының сепартист дегеніне біздің малдар сеніп қалды. Ал әйел жазықсыз жапа шекті. Мұны кәсіпқойлар істеді, «спецураның» ісі ғой.
Азаттық: - Ирма, Славянскіде адам ұрлау фактілерін тексеретін тергеушілер бар дедіңіз, бірақ жалғыз Неля Штепаны ғана тұтқындағандай көрініп тұр. Қазір тексеру жүріп жатыр ма, сепаратистерден тағы біреулер ұсталды ма?
[Сепаратистер] тіпті «тоқтай тұрыңдар, әлі көрсетеміз» деп жымиып қояды.
Ирма: - Қаланы басып алуға қатысқандар мен блокпоста тұрғандардың көбі Қырымға қашып кетті. Қалғандары емін-еркін Славянскіде жүр. Украинаны жақтаған Штепаны СБУ қазір Харьковте қамауда ұстап отыр, ал ДХР мен ЛХР-ді қолдаған террористер Славянскіде тайраңдап жүр. Тіпті «тоқтай тұрыңдар, әлі көрсетеміз» деп жымиып қояды. Ал тергеушілер оларды ұстауға қорқады. Тергеуші маған «Ертең не боларын ешкім білмейді. Басыңыздан өткеннің бәрін түсіріп жүр екенсіз, бірақ мені түсірмесеңіз, өйткені өзім мен отбасым үшін қорқамын. Украина билігінің мені қорғай алатынына сенбеймін» деді.
Штепаның сепаратистерді қолдамауға шақырған сөзі:
Азаттық: - Сонда Славянск тұрғындары әлі ДХР басып кіреді деп қорқа ма?
Ирма: - Террористерді қолдаған кейбір тұрғындар олар тағы басып кірсе екен деп армандайды, олар террористерте тағы көмектескілері келеді.
Азаттық: - Ал ДХР-дің қол астында үш ай болған қарапайым адамдардың ойы қандай?
Ирма: - Олар ДХР-ді де, ЛХР-ді де, Ресейдің де, Украинаның да армиясын, ерікті батальондарды да, қысқасы автомат асынған адамдарды мүлде көргісі келмейді. Олар «қарулы адамдар қаламыздан кетсе екен деп» Құдайға күнде жалбарынады. Көбі Ресейге қосылуды қаламайды, Украина құрамында бұрынғыша өмір сүргілері келеді. «Тұрмысымыз нашар болды, одан бетер нашарлауы да мүмкін. Бірақ жақсы болсын, жаман болсын өз жерімізде тұрғымыз келеді. Тек соғыс керек емес, күнімізді бірдеңе етіп көрерміз» дейді. Жұрттың 80 пайызға жуығы осылай ойлайды.
Азаттық: - Демек, көктемдегі сепаратистік желік қазір басылған ба?
Ирма: - Иә, олар ДХР-ді бекер қолдағандарын түсінді. Өйткені үш айда көрмегендері жоқ. Ол жақта тонау, қарақшылық, адам ұрлау, қорлау сияқты сұмдықтар болды ғой. Кісіні екі-үш сағатқа ұрлап әкетіп, ақша сұрайтын. Әділдік туралы әңгіме мүлде айтылмай қалды. Нағыз қарақшылар ғой.
Азаттық: - Славянск әлі соғыс жағдайында тұр ма, бейбіт өмір әлі орнаған жоқ па?
Ресей Славянскіні әлі де басып алғысы келеді.
Ирма: - Қазір қалада Украина әскерилері көп, армия да «террористер қайтып келеді» деп қауіптеніп, сақ отыр. Ресей Славянскіні әлі де басып алғысы келеді. Сондықтан біздің жақ қала қорғанысын күшейткен. Егер Украина әскері ол жерден кетсе, ДХР келе қала қалайын деп тұр. Мұны түсінуіміз керек.
Азаттық: - Ирма, Славянскідегі Украина сарбаздарымен сөйлестіңіз бе, олардың көңіл-күйі қандай?
Ирма: - Олар қазір ұрыс жүріп жатқан майдан шебін уайымдайды, барып көмектескілері келеді. Бірақ олар Славянскіні тастап кетсе, қалаға бірден террористік ұйымдар кіретінін түсінеді. Луганск әуежайындағы жігіттерге көмекке барғылары келіп құлшынып отыр. Бірақ бұйрық жоқ, Славянскіні қараусыз қалдыруға болмайтынын біліп, ешқайда кетпей отыр.
Азаттық: - Сіздің және сіз сияқты тұтқында болғандардың ісі Украина сотына жетпей қалған жағдайда Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотында қаралады деп үміттенесіз бе?
Ирма: - Қорғаушым - Еуропадағы ең мықты адвокаттардың бірі, лондондық заңгер Филип Лич. Ол мені «Ирма Краттың Путинге қарсы» сотында қорғайды. Оған бүкіл материалдарды, тұтқында отырып жазған кітабымды бердім. Бұл іс екі-үш аптадан кейін Еуропа сотына түседі деп ойлаймын. Біз қазір тұтқында болғандардың барлығы іздестіріп, біріктіріп жатырмыз. Өйткені, бұл қылмысқа Путиннің өзі қатысқанын дәлделдеу үшін бірлескен арыз-шағым бермекшіміз. Қырымды аннексиялау, Украина территориясын басып алу, Украина патриоттарын кепілге алу туралы шешімді қабылдаған - Путин. Оның бұйрығынсыз мұның бірі де болмас еді. Оған зәредей күмәнім жоқ.
Азаттық: - Әуежайда не көргеніңізді айтыңызшы.
Ирма: - Өте қорқынышты. Ол жаққа юбка, өкшесі биік туфлимен, бронды бешпентсіз барғанмын. Бәрі таңғалды. Жігіттердің көңіл-күйін көтеріп, гуманитарлық көмек апардым. Ондағы сарбаздардың күзгі, тіпті жазғы формамен соғысып жатқанын көргенде Украина билігінің олардың жағдайын ойламайтынын түсініп, қатты қынжылдым. Тіпті жұқа шұлық киген бір жігіт танкіден резеңке тәпішкемен түсті. Бәріне бас киім беріп, шалбар тараттым. Олигархтар мен кәсіпкерлердің ұятын оятуға тырыстым. Оларға «Украина армиясына ақша беріңдер» дедім. Украина әскеріне керекті балаклава, бас киім, жылы ішкиім, қыстық етік, бәтіңке сияқты ең мықты, ең сапалы киімдерді бір апта жүріп алдым.
Азаттық: - Әуежайдың жанына ғана бардыңыз ба, әлде шайқас жүріп жатқан терминал ғимаратында болдыңыз ба?
Ирма: - Әуежайдың сол қапталынан 700 метрдей жер жақындап бардым. Мина дәл аяғыңның жанынан ұшып жатады. Түнеп шыққан үйдің жанына мина түсіп, әлгі үй түп орнымен жоқ болды. Түнде сұхбат алып жүргенде де жауған оқтың астында қалдық. Түні бойы, кешкі сағат 10-нан таң атқанша, күндіз сағат 10-нан түскі бірге дейін атыс болды.
Азаттық: - Донецк әуежайын қорғау Киевтегі үкіметтің қалауы ма, әлде бұл әскерилердің өз бастамасы ма?
128 миллионның қайда кеткенін көргім келді. Ал ол ақшаны біреулер жымқырып кеткенге ұқсайды.
Ирма: - Біздің ойымызша, Порошенко әуежайды ДХР сепаратистеріне беруге Минскіде келісіп қойған тәрізді. Бірақ ол бере алмады, өйткені ерікті батальондар оған бағынбайды. Еріктілердікі дұрыс. Сепаратистер оларды қуып шығуға тырысқанымен, рухы мықты жігіттеріміз берілмей отыр. Мен көрген сарбаздардың әрқайсысы үш киборгқа татитын жігіттер, олар шынымен жан қиюға әзір. Ол жақта ажалдан қорықпайтын, тірі қаламыз деп ойламайтын жігіттер соғысып жатыр. Олар ел үшін, Украина үшін өмірлерін қиюға дайын. Мен Мариуполь, Володар, Волнов, Пески сияқты қазір ұрыс болып жатқан жерлердің бәрінде болдым. Сарбаздар мен ерікті батальондарға қысқы киім-кешекке бөлінген 128 миллионның қайда кеткенін көргім келді. Ал ол ақшаны біреулер жымқырып кеткенге ұқсайды. Сарбаздардың бәрі күзгі формамен жүр. Көп ұзамай 5-10 градус аяз басталады. Жүзге жуық адамды мен киіндірдім, ал қалғандары не істейді?
Азаттық: - Жұрт Ресей қосымша әскер кіргізіп, жаңа шабуылға әзірленіп жатыр деп жүр. Осы рас па? Бұл жөнінде сарбаздар айта ма?
Ирма: - Ол рас. Иловайскіге әп-сәтте жетіп келген Ресей сарбаздары ол қаланы тез басып алды. Мұны тұтқыннан босаған адамдар айтты. «Жасыл адамдар» жұмыстарын жылдам бітіріп, ғайып болған. Қазір де тура солай болуы мүмкін. Егер жоғарыдағылар ортақ мәмілеге келе алмаса, көп адамымыздан айырыламыз. Бірақ берілмейміз. Өйткені жігіттердің берілетін ойы жоқ. Көбінің достары, таныстары қаза тапты, досы, жолдасы үшін, елі үшін кек алғысы келетін сарбаздар көп. Майдан шебінде «қаруымды тастап, үйге қайтқым келеді» деген бір адамды көрмедім.
(Дмитрий Волчек алған сұхбат орыс тілінен аударылды)