Жанармайдың қымбаттауы билікке қарсы наразылыққа ұласты

Иранда жанармай бағасының қымбаттауына наразылық. Шираз қаласы, 16 қараша 2019 жыл.

Иран билігі бензин бағасының қымбаттауына қарсылық білдіріп шеруге шыққандарға күш қолданып, интернет пен мобильді байланысты шектеді. АҚШ Тегеранның әрекетін айыптап, "бейбіт шеруге шыққан халықты қолдайтынын" мәлімдеді. Иран басшылығы "қоғамға іріткі салды" деп "жауларды" кінәлайды.

ҮКІМЕТ ШЕШІМІНЕ НАРАЗЫЛЫҚ

Қарашаның 17-і күні АҚШ Иранда бензин бағасының қымбаттауына наразы азаматтарға биліктің күш қолданып, интернет пен мобильді байланысты өшіргенін айыптады.

"АҚШ Иран халқының өз мүддесін қорғауы тиіс режимге қарсы бейбіт шеруін қолдайды. Біз адам қазасына әкелген күш қолдануды және демонстранттарға қарсы қатаң шара ретінде байланысты шектеуді айыптаймыз" делінген Ақ үй мәлімдемесінде.

Өткен аптада Иран үкіметінің жанармай бағасын қымбаттатып (бір литр бензин 13 центке қымбаттады), оны сатуға шектеу енгізуі тұрғындардың наразылығына ұласты. Қарашаның 15-інен бері ел аймақтарында қарсылық акциялары жалғасып жатыр деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Хабарларға қарағанда, жүзге жуық елдімекенде қарсылық акциялары өткен. Иран билігі жаппай наразылыққа қатаң шара қолданатынын ескерткен.

Your browser doesn’t support HTML5

Иран халқы неге наразылыққа шықты?

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи 17 қарашада үкіметтің бензин бағасын қымбаттату туралы шешімін қолдайтынын мәлімдеді. Наразылық барысында "бірнеше адам өліп, кей нысандар қиратылғанын" айтқанымен нақты қанша адамның мерт болғаны туралы мәлімет келтірмеді. Мемлекеттік телеарнадан сөйлеген сөзінде Хаменеи наразылыққа қатысқандарды "баскесерлер" деп атап, "қоғамға іріткі салған" Иранның "жауларын" айыптады. Ол қауіпсіздік күштерін "өз міндеттерін орындауға" шақырды.

"Әлбетте, кейбіреуді бұл шешім алаңдатты... бірақ халқымыз іріткі салып, өрт қойған жоқ, оны істеген – бұзақылар. Революцияның және Иранның дұшпандары іріткі мен қауіпсіздігімізге қол сұғуды үнемі қолдап келген және әлі жалғастырып отыр" деген Хаменеи.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи. Тегеран, 17 қараша 2019 жыл.

Иранның Фарс жаңалықтар агенттігі мыңға жуық адам тұтқындалды деп хабарлады. Мемлекеттік басылымдар "наразылық кезінде жүзден астам банк пен дүкен өртенген" деген ақпарат таратты.

АҚШ САНКЦИЯЛАРЫ

Табиғи мұнай қорына бай Иранда мемлекет бөлетін субсидияның арқасында жанармай бағасы арзан болатын. Бірақ мұнай өңдейтін кәсіпорындардың қуаты ішкі нарықтағы сұранысты толық өтеуге зорға жетеді. Халықаралық санкциялар салдарынан мұнай өңдейтін зауыттарды жөндеуге және жетілдіруге қажетті қосалқы бөлшектер тапшы болып отыр.

Иран президенті Хассан Роухани үкімет "ел азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төнуіне жол бермейді" деп мәлімдеді.

Жанармайдың қымбаттауына жаппай наразылық кезінде өртенген автобустың қаңқасына қарап тұрған адамдар. Исфахан, Иран, 17 қараша 2019 жыл.

IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі елде тәртіп орнату үшін "барлық күш-жігерді жұмылдыратыны" туралы мәлімдеген Иран ішкі істер министрлігіндегі дерек көзіне сілтеме жасады.

Иран бас прокуроры Мохаммад Жафар Монтазери "заңсыз және қылмыстық іс-әрекеттерді қоздырушылар шетелден айдап салуымен істегені шүбәсіз" деп мәлімдеді.

ISNA мемлекеттік ақпарат агенттігі Иранның батысындағы Керманшах қаласында қарашаның 17-і күні наразылармен қақтығыс барысында полиция қызметкері мерт болған деп хабарлады. Жергілікті шенеуніктің айтуынша, елдің оңтүстігіндегі Сирджан қаласында болған қақтығыс кезінде бір адам мерт болып, бірнешеуі зардап шеккен.

Әлемдегі интернет еркіндігінің жай-күйін бақылайтын тәуелсіз үкіметтік емес ұйым - NetBlocks тобының хабарлауынша, Иранның басым бөлігінде, соның ішінде Тегеранның кей аудандарында интернет бұрынғысынша бұғатталып тұр. Бұған дейін, қарашаның 16-сы күні Иран билігі интернетті бұғаттау 24 сағат қана созылады деп мәлімдеген.

2018 жылы тамыз және қараша айларында АҚШ Иранның мұнай және қаржы салаларына қарсы қатаң санкциялар енгізген. Бұл шара сол жылы мамырда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жария еткен жоспарға сәйкес енгізілді. Вашингтон Тегеранға бекітуге ұсынған "жаңа келісімде" ядролық қарудан бас тартуға қоса Парсы шығанағы аймағындағы ықпалын азайту жайлы 12 шарттан тұратын талап қойған.

Интернет байланысы нашарлағанын смартфоннан көрсетіп отырған адам. Тегеран, Иран, 17 қараша 2019 жыл.

Бұл жолғы наразылықтар кезінде кей қалаларда автокөлік жүргізушілері жолды жауып тастаған. Жанармай бағасының қымбаттауы түрткі болған наразылық келер жылы ақпанда өтетін парламент сайлауы қарсаңында президент Роуханиге қосымша қысым болуы мүмкін.

Мемлекеттік басылымдар қарашаның 17-і күні депутат Мохаммед Кассим Османидің отставкаға кеткені туралы хабарлады. Өз сөзінде Османи парламент спикері Әли Лариджаниды депутаттарға наразылық туралы пікірін айтуға мұрсат бермегені үшін сынаған.

Иран азаматтары әлеуметтік желідегі жазбаларында сот органдары тұрғындарға "заңсыз наразылық акцияларына қатысқандардың жауапқа тартылатыны" туралы ескерту таратқанын хабарлады. Мемлекеттік телеарналар "жалған жаңалықтар мен әлеуметтік желілердегі видеоларды пайдаланып демонстрация көлемін ұлғайтып көрсетті" деп "жат пиғылдағы" басылымдарды айыптаған.

NetBlocks тобы қарашаның 17-і күні Иранның барлық аймағында интернеттің нашар жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.