Ақпанның 13-і күні кешке Иранның оңтүстік-шығысындағы Систан-Белуджистан провинциясындағы Чабахар қаласындағы әскери базаның жанында әскерилер мінген автобусқа жанкешті шабуыл жасап, өзін жарып жіберген.
Бұл шабуылға жауапкершілікті "Джаиш әл-Адл" ("Әділет армиясы") атты радикал сүнниттер тобы мойнына алды. Бірақ кейін Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ирандағы терактінің Варшавада АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен Польша сыртқы істер министрі Яцек Чапутовичтың ұйымдастыруымен Таяу Шығыс жөніндегі халықаралық конференция басталғанда жасалуы "кездейсоқ емес" деп жазды.
14 ақпанда Азаттықтың Парсы қызметі – Фарда радиосына берген сұхбатында Майк Помпео Ирандағы терактіге АҚШ-тың қатысы туралы айыптауды үзілді-кесілді жоққа шығарды.
"АҚШ-тың оған [терактіге] еш қатысы жоқ" деп мәлімдеді Помпео.
Иран билігінің мәліметінше, жанкешті шабуыл жасаған автобуста Иран революциясы сақшылары корпусының арнайы мақсаттағы "Әл-Құдыс" жасағының сарбаздары отырған. Терактіден жиыны 40-тан аса адам қаза тапқан. Олардың арасында бейбіт адамдар бар деп хабарланды. Терактіден 20 адам жараланған.
Жавад Зариф 15-17 ақпанда Мюнхенде өтетін халықаралық конференцияға қатысады. Жиында әлем лидерлері мен сарапшылар климаттың өзгеруінен бастап халықаралық қауіпсіздікке дейінгі түрлі мәселелерді талқыламақ.
Помпео Иран сыртқы істер министрі бара жатқан Мюнхендегі жиынға еуропалық елдердің көбінің өкілдері қатысатындықтан "Зарифпен кездескенде одан әлгіндей өрескел сөзді неге айтқанын сұраса болар еді" деді.
"Кейде [Жавад Зарифті] "байсалды" саясаткер ретінде сипаттайды. Америкалықтар мен израильдіктерді адам өліміне айыптау – байсалдылыққа жатпайды" деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Варшавадағы конференцияны Иранға қарсы "цирк" деп атаған Тегеран АҚШ және оның одақтасы Сауд Арабиясы мен Израильді Иранның қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасайтын радикал сүнниттерді қолдайды деп бірнеше рет айыптаған. Олар мұндай айыптауларды терістейді.
Фарда радиосына берген сұхбатында Помпео Варшавада 60-тан аса елдің қатысуымен өтіп жатқан "тарихи" жиын Иран, Сирия және Йеменмен қоса бүкіл Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылық орнауын мақсат ететінін айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран мен әлемдік державалар арасында 2015 жылы Тегеранның ядролық бағдарламасы жөнінде жасалған келісімінен шығу туралы шешіміне байланысты Вашингтон мен Еуропа Одағы арасында келіспеушілік болған. Екі апта бұрын Франция, Германия мен Ұлыбритания қолданысқа енгізген Иранмен сауда келісімі АҚШ санкциясын айналып өтуге мүмкіндік береді.
Таяу Шығыс аймағындағы қатерлермен күресуге байланысты әртүрлі пікір барын айтқан Помпеоның сөзінше, "Иран ислам республикасының өз азаматтарына қандай қауіп төндіріп отырғанын дүйім жұрт түсінеді".
"Біз бүгін мұнда адамдарды жинап, ортақ ұстанымды айқындадық. Біз Таяу Шығыстағы қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұра аламыз деп сенемін" деді Помпео.
Варшавадағы жиынға Ресей мен Қытай және Палестина қатысқан жоқ. Ресей президенті Владимир Путин 14 ақпанда Сочиде Иран президенті Хасан Роухани және Түркия президенті Режеп Ердоғанмен кездесіп, Сирия мәселесін талқылады.
Варшавадағы конференцияда Вашингтон израильдіктер мен арабтардың басын қосып, "Иран төндіретін қауіпті" талқылау үшін жинады деп айтылып жүрген сөзді жоққа шығарған Помпео Ақ үйдің Тегеранның қазіргі бағыт-бағдары өзгергенін қалайтынын жасырмады.
"Түптеп келгенде біз Иран халқының дауысы естілгенін, режимнің ұстанымын өзгертіп, қалыпты ел болғанын қалаймыз" деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
"Ондай ұстанымды өзгертуді Иран халқы өзі шешуі тиіс. Олар өз дауысын еститіндей жасайды және өз билігін қорғап алады. Иран халқы – ақылды, қолынан іс келетін адамдар. Олардың сан ғасырлық тарихи тәжірибесі бар. Өз елін басқару олардың қолынан келеді. Сондай күн туғанда бүкіл Таяу Шығыс өзгелермен қоса Иран тұрғындары үшін де анағұрлым қауіпсіз аймаққа айналады" деді Помпео.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Фарда радиосына сұхбаты (ағылшын тілінде):
ПІКІРЛЕР