АҚШ президент сайлауында 18 қыркүйек күні күтпеген бетбұрыс болды. АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның демократ қарсыласы Джо Байден Миннесота сайлауалды науқанын жүргізіп жатқанда Жоғарғы сот судьясы Рут Бейдер Гинзбург айтыс болды. Оның орнын кім басады деген сұрақ науқандағы негізгі мәселердің біріне айналды.
ГИНЗБУРГТЫҢ ӨЛІМІ ЖОҒАРҒЫ СОТТАҒЫ ЛИБЕРАЛДАР ФРАКЦИЯСЫН ӘЛСІРЕТТІ
87 жасқа шыққан Рут Бейдер Гинзбург 18 қыркүйек күні Вашингтондағы үйінде отбасының жанында жатып қайтыс болды. Ол әйелдер құқығы үшін күресіп, гендерлік теңдіктің чемпионы атанған. Оны Жоғарғы соттың судьясы етіп 1993 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Билл Клинтон тағайындаған.
Гинзбург – АҚШ тарихындағы Жоғары соттың судьясы атанған екінші әйел. Кейінгі жылдары ол либералды фракцияның лидеріне айналды. Ол сондай-ақ Жоғарғы соттың ең егде судьясы болатын.
Гинзбург қайтыс болғанға дейін Жоғарғы соттағы республикалықтар саны 5, демократтар саны 4 болатын. Гинзбургтың орнын консерватор басса, республикалықтар мен демократтар үлесі 6-3 болып өзгереді.
Сайлау 3 қарашаға белгіленгенімен Миннесотада дауыс беру басталып кетті. Штат тұрғындарына коронавирус пандемияға байланысты алдын ала дауыс беруге мүмкіндік берілген. Дауыс берудің алғашқы күні екі негізгі кандидат штатқа барып науқан жүргізді. Дауыс беру Вирджиния, Оңтүстік Дакота және Вайоминг штаттарында да басталды.
Гинзбургтың қайтыс болғаны туралы ақпарат шыққанда Дональд Трамп Миннесота штаты Бемиджи қаласында жақтастары алдында сөз сөйлеп жатты. Судьяның қайтыс болғанын журналистерден естіген Ақ үй басшысы "Қайтыс болды дейсіз бе? Енді ғана естіп тұрмын" деп жауап берді.
"Ол тамаша өмір сүрді, одан басқа не айтуға болады. Келісесіз бе, жоқ па ... ол тамаша өмір сүрді" деді Трамп.
Жоғарғы соттағы жаңа вакансия Трампқа ондағы консерваторлардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарғы сот судьяларының өмір бойына тағайындалатынын ескерсек, бұл консерваторларға Жоғарғы сотта ондаған жыл басымдық береді. Сайлауалды сауалнамаларға сәйкес, Трамп Байденнен қалып келеді. Егер екінші мерзімге сайлана алмайтын болса, онда Жоғарғы сотқа консерваторды қойып кетуге 45 күні қалды (техникалық тұрғыда, Трамп сайлауда жеңілсе де, 2021 жылдың 3 қаңтарына дейін қызметінде болады, бірақ жеңілген жағдайда дегенін орындау қиындай түседі).
Жоғарғы сот елдегі ең маңызды саяси мәселелер бойынша шешуші рөл атқарады. Сот конституцияға қайшы деп тапса, конгрес пен президент қабылдаған заңдардың, шешімдердің күшін жоя алады.
ТРАМП ОСЫҒАН ДЕЙІН ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ ЕКІ СУДЬЯСЫН ТАҒАЙЫНДАҒАН
Трамп президенттік қызметінде Жоғарғы соттың екі судьясын: 2017 жылы Нил Горсачты, 2018 жылы Бретт Каваноны тағайындап үлгерді. Ол сондай-ақ көптеген федералды судьяларды да тағайындады.
Жоғарғы сот судьясын президент ұсынады, сенат бекітеді. Дәл қазір сенатты республикалықтар басқарып отыр. Олар Трамп ұсынған кандидатты мейлінше тез бекітуі ықтимал.
Республикалық партияның сенаттағы лидері Митч Макконнел Сенаттың Трамп кімді ұсынса, соған дауыс беретінін айтты. Республикалықтар басқаратын сенат 2016 жылы сайлауға бірталай ай бұрын сол кездегі президент Барак Обаманың кандидатын қарастырмай қойған.
Трамптың сайлаудағы бас қарсыласы демократ Джо Байден Гинзбургтың орнын басатын судья сайлаудан кейін таңдалуы қажет деді. Демократтардың сенаттағы лидері Чак Шумер де осы ұстанымда.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚТАР 2016 ЖЫЛҒЫ ҰСТАНЫМЫНА ҚАРСЫ КЕЛІП ОТЫР
2016 жылдың 13 ақпанында Жоғарғы соттың судьясы ретінде 1986 жылдан бері қызмет етіп келген Антонин Скалиа қайтыс болғанда республикалықтардың сенаттағы лидері Митч Макконел санаулы сағатта Жоғарғы соттың жаңа судьясы тек сайлаудан кейін тағайындалады деп, Барак Обама ұсынған кандидаттың қарастырылуына жол бермеді. Бұл кезде сайлауға 11 ай бар еді.
"Жоғарғы сот судьясын таңдауға америкалықтар да атсалысуы қажет. Сол себепті бос орынға жаңа президент сайланғанша ешкім тағайындалмауы тиіс" деді Макконел ол кезде.
2016 жылы да сенаттағы басымдық республикалықтарда еді.
"Президенттердің кандидат ұсынуға құқығы болса, сенаттың келісім беруге не бермеуге конституциялық құқығы бар. Бұл жағдайда сенат келісім бермейді" деген еді Макконел.
AFP, AP, Reuters және CNN ақпараттары незінде әзірленді