Трамп "жеңілмедім" дейді, Байден билікті қабылдауға қам жасайды. Ақ үйге талас қалай жүріп жатыр?

АҚШ президенті Дональд Трамп. 14 қараша, 2020 жыл.

Сайлауда жеңілгенін мойындамаған Дональд Трамп штаттардағы Республикалық партия басшыларына қысым жасай бастады. Дегенмен Ақ үйге шақырылған Мичиган штатының өкілдері "сайлау заңы бұзылған жоқ" деді, ал партия өкілі "биліктегі президенттің демократияға қайшы әрекетін" өткір сынға алды.

3 қарашада өткен президент сайлауында жеңілмегенін дәлелдеуге тырысып жатқан президент Дональд Трамп 20 қарашада екі бірдей "соққы" алды. Дауыстарды қайта санау нәтижесінде Джорджия штаты Демократиялық партия атынан үміткер Джо Байден жеңіске жеткенін мәлімдеді. Ал Ақ үйге шақырылған Республикалық партияның Мичиган штатындағы заң шығарушылары "сайлаушылардың еркіне қарсы шыға алмайтындарын" айтты.

МИЧИГАН ШТАТЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚТАР ТРАМПТЫҢ ДЕГЕНІНЕ КӨНБЕДІ

"Сайлау жаппай бұрмаланды" деген сөзіне дәлел келтіре алмай, соттарда жеңіліп жатқан қазіргі президент Дональд Трамп сайлаушылар алқасының формалды түрде президентті таңдау процесіне кедергі келтіруге бар күшін салып жатыр дейді сарапшылар мен саясаткерлер.

Президенттің соңғы үміті – Мичиган штатындағы Республикалық партия басшылығы Ақ үйге шақырылды. Олардың арасында штат сенатындағы көпшілік лидері мен өкілдер палатасының спикері бар. Сарапшылардың айтуынша, Трамп оларды штаттағы Байденнің жеңісін жоққа шығаруға көндірмек болған.

Осы аптада Трамп қалыпты процедура саналатын штаттағы сайлау нәтижесін бекіту процесін кешеуілдету стратегиясы аясында Мичиган штатындағы Республикалық партияның заң шығарушыларына ықпал етуге тырысты.

Ақпарат құралдары Джо Байден жеңіске жетті деп жариялаған соң Ақ үйге қайтып келе жатқан президент Дональд Трамп. 7 қараша, 2020 жвл


Ақ үйде болған кездесуден соң Мичиган сенатындағы көпшіліктің лидері Майк Ширки мен штаттағы өкілдер палатасының спикері Ли Чатфилд дауыстарды бұрмалау туралы айыптар дәлелденуі тиіс екенін, бірақ әзірге Трамп мәлімдемелері өздеріне еш әсер етпегенін айтты.

"Мичигандағы сайлау нәтижесін өзгерте алатын ешқандай ақпаратты әлі көрген жоқпыз, сондықтан заң шығарушы органның лидерлері ретінде біз заңға және сайлау барысында айтқандай, Мичиган штатындағы қалыпты нормаларға бағынамыз" деді олар.

Олар Трамппен кездесуде Ақ үй басшысынан коронавирус пандемиясымен күресте штатқа көбірек қаржы бөлгізу керектігін айтқан.

"ДЕМОКРАТИЯҒА ДЕГЕН СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРЕДІ"

Президенттің талпыныстарының ешқайсысы 3 қарашада өткен президент сайлауының нәтижесіне әсер ете қойған жоқ. Демократиялық партия атынан сайлауға түскен Джо Байден сайлаушылар алқасының жеткілікті дауысын жинап, қарсыласынан көп алда келеді.

Бірақ сарапшылардың айтуынша, президенттің және Республикалық партия өкілдерінің "дауыстардың ұрланғаны" туралы негізсіз мәлімдемелері АҚШ-тың сайлау жүйесіне және жалпы демократияға көп зиянын тигізеді.

"Жаппай бұрмалау және конспирация туралы мәлімделеріне бірде-бір сотта ешқандай нанымды дәлел келтіре алмаған президент халықтың еркіне қарсы шығып, сайлауды жоққа шығару үшін енді штаттардың және аймақтардың басшыларына ашық қысым жасау әдісіне көшті" деп жазды Республикалық партия атынан сайланған сенатор Митт Ромни Twitter парақшасында.

"Биліктегі Америка президентінің бұдан асқан демократияға қайшы әрекетін көзге елестету қиын" деді Ромни. Ол – Республикалық партияның ірі өкілдерінің арасында Трампты сынап жүргендердің бірі.

Сайлау заңдарын зерттеп жүрген Кентукки университетінің құқық профессоры Джошуа Дугластың айтуынша, Трамптың бұл әрекеті АҚШ-тағы сайлауға деген халықтың сеніміне селкеу түсіруі әбден мүмкін.

Вашингтонда Трамп қолдаушылары өткізіп жатқан наразылық шеруі. 14 қараша, 2020 жыл

"Біз демократия нормаларына, соның ішінде жеңілгендердің нәтижені ізетпен мақұлдауына мұқтажбыз. Бұл ереже бұзылып жатқан сияқты" дейді ол.

Ал бюллетендер қайта саналып, тексеруден өткен Джорджия штатында демократ Джо Байденнің жеңіске жеткенін штаттың хатшысы Брэд Раффенспергер мойындады. Өзі Республикалық партия өкілі саналатын әрі Трампты қолдайды делінетін Раффенспергер: "Басқа республикашылдар сияқты менің де көңілім пәс. Біздің кандидат Джорджиядағы сайлауда жеңілді. Сандар алдамайды деген принциппен өмір сүремін. Штат хатшысы ретінде бүгін біз жариялаған сандардың рас екеніне сенімдімін" деді ол.

БАЙДЕН ПЕЛОСИМЕН ПАНДЕМИЯМЕН КҮРЕСТІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Джорджиядағы сайлаушылар алқасының 16 дауысын алған соң Джо Байденнің жалпы дауыс саны 306-ға жетті, ал Дональд Трамп сайлаушылар алқасының 232 дауысын иеленген.

Көп артта қалып келе жатқанына қарамастан, жеңілгенін әлі мойындамаған Дональд Трамп Висконсин, Аризона, Пенсильвания және Невада штаттарында да сот процестерін жүргізу арқылы нәтижені өзгертуге тырысып жатыр.

20 қарашада ол Ақ үйде дәрінің бағасына қатысты сөйлеген сөзінде "сайлауда жеңгенін" тағы айтты. "Мен жеңдім, біз бәрібір бұған көз жеткіземіз" деді ол.

Трамп билікті ерікті түрде тапсыруға бюрократиялық кедергілер қойып жатса да, Джо Байден келер жылы 20 қаңтарда президенттік қызметті қабылдап алуға дайындықты бастап кетті.

20 қарашада ол Делваэр штатындағы үйінде Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосимен және сенаттағы азшылық лидері, конгрестегі демократтар басшысы Чак Шумермен кездесті.

Олар пандемияның экономикалық зардабын жеңілдету үшін конгресс осы сессияда төтенше жағдайдағы көмек шараларын қабылдауы керек деген келісімге келді.