АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы сайлау штабының жетекшісі, кәсіпкер Пол Манафортқа 30 қазанда Украинамен келісім-шарт жасау кезінде "АҚШ-ты алдап, салықтан жалтарды" деген айып тағылды. Манафорт пен оның бизнес серігі Рик Гейтске тағылған 12 айыптың ішінде "заңсыз түрде ақша айналдыру" да бар.
Дүйсенбіде Манафорттың АҚШ-тың құзыретті органдарына берілгені хабарланды. Бұл қылмыстық іс Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға араласуын тексеру комисиясының жұмысы кезінде ашылды.
Қазанда Трамптың және бір кеңесшісі "Ресеймен байланысы туралы өтірік айтты" деген айыпқа ұшыраған. Джордж Пападопулос 5 қазанда ФБР-дің агенттеріне шетелдік профессормен байланысы туралы "жалған ақпарат берді" деп хабарланған. Әлгі профессордің Пападопулосқа Ресейдің Хиллари Клинтонға қатысты компроматы бар екенін айтқаны туралы ақпарат тараған. Кеңесші кінәсін мойындаған. Клинтон былтыр қарашада өткен сайлауда Трамптың негізгі бәсекелесі болған еді.
Ал Манафорт пен Гейтстің үстінен ашылған істің Трамптың сайлау кампаниясына қатысы жоқ. Олар 2016 жылға дейін Украинамен жасалған бизнес келісімдеріне қатысты төлемдерін жасырды деген күдікке ілінген.
Оқи отырыңыз: БАҚ: Трамптың көмекшісі ресейлік олигархқа ақпарат бермекші болған
Дүйсенбідегі айып тағу - ФБР-дің бұрынғы басшысы Роберт Мюллер Ресей дауына қатысты комиссия төрағасы болып тағайындалғалы бері көпшілікке жария болған алғашқы ірі тексеру амалының көрінісі. Айыптау актісі бойынша Манафорттың күмәнді іс-әрекеті биыл да байқалған. Бірақ президент Трамп қазанның 30-ында жариялаған твитінде: "Бұл бірнеше жыл бұрын, Манафорт Трамп сайлау кампаниясына қатыспай тұрып болған жайт қой" деп жазды.
Манафорт пен Гейтске тағылған айыптау актісінде олардың Украинаның бұрынғы ресейшіл президенті Виктор Януковичпен, үкіметпен, Аймақтар партиясымен және Оппозиция блогымен бизнес жасау кезінде "онджаған миллион доллар пайда түсіргені" жазылған. 2010-2014 жылдары Украина президенті болған Янукович демократиялық толқу кезінде биліктен айырылып, Ресейді паналаған еді.
Оқи отырыңыз: БАҚ: Манафорт Дерипаскадан 60 миллион доллар алған болуы мүмкін
Айыптауға сәйкес Манафорт пен Гейтс 2006-2016 жылдары АҚШ билігінен "Украинада тапқан табысын құпия ұстау үшін америкалық және шетелдік компаниялар мен банктер арқылы ақшаның ізін жасырған". Сол себепті өздерін Украинадағы саяси партия өкілдері ретінде көрсеткен.
Биылғы қаңтарда АҚШ-тың барлау қызметтері Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-та 2016 жылғы қарашада өткен сайлауға "ықпал ету кампаниясын ұйымдастыруға пәрмен еткен" деп мәлімдеген. Арнайы есепте Кремльдің демократ кандидат Хиллари Клинтонның беделіне нұқсан келтіруді көздегені жазылған болатын.