14 мамырда екі партиялы АҚШ сенаты ұйғыр мұсылмандарына қысым жасаған Қытай шенеуніктеріне санкция салатын, адам құқығын басып-жаншуға қолданылатын құралдардың экспортына шектеу қоятын заң жобасын бірауыздан қабылдады.
Енді бұл заң жобасын демократтар басқаратын Өкілдері палатасы қабылдауы тиіс. Содан кейін ғана Трампқа жолданады. Президент заңды қабылдайды я вето жариялайды.
Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы алғашқы ақпарат 2017 жылы көктемде тарай бастаған. БҰҰ мен адам құқығын қорғау ұйымдары Қытай билігі Шыңжаңдағы миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін елдің солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген.
Басында мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.
Сенаттағы халықаралық қатынастар комитетін басқаратын республикалық Джеймс Риштің сөзінше, қабылданған құжат – адам құқығын өрескен бұзған Қытайды жауапқа тарту үшін жасалған маңызды қадам.
Риш демократ Боб Менендес пен республикалық сенатор Марко Рубиомен бірге жасаған мәлімдемесінде "Қытайдың кем дегенде бір миллиондай ұйғыр мен басқа да мұсылмандарды лагерьге қамауы ұят әрі кешірілмейтін іс" деген.
Пекин Шыңжаңдағы ұйғыр мәселесі өзінің ішкі мәселесі деп санайды. Бұған дейін АҚШ "Пекиннің ішкі ісіне араласса", қарап отырмайтынын мәлімдеген.
Your browser doesn’t support HTML5
Ресми Пекин АҚШ сенаты қабылдаған заң жобасына қатысты қандай да пікір білдірген жоқ.
Бұл заң Трамп пен республикалықтар коронавирус тарауына Қытайды айыптап жатқан тұста қабылданды. АҚШ президенті вирустың әлемге тарап кеткені үшін Қытай жауап беруі тиіс деп санайды. Коронавирус пандемиясы әлем экономикасын шығынға ұшыратып, Трамптың қайта президент болып сайлануы мүмкіндігіне кесірін тигізді.
Пандемиядан кейінгі құлдыраған экономика мен АҚШ-Қытай арасындағы саяси текетірес биыл қаңтарда қол қойылған екі ел арасындағы сауда соғысынан кейінгі келісімге қауіп төндірді. Кейбір басылымдардың жазуынша, Қытай АҚШ-пен сауда келісімін үзіп, пандемиядан кейін өзіне көп пайда әкелетін басқа келісімге қол қоюды көздейді. Бірақ Трамп Қытаймен сауда келісімін қайта қарауға құлықсыз екенін, Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездескісі келмейтінін айтты.
"Сонымен керемет сауда келісіміне қол қойдық. Сия кепті, әлем Қытайдан тараған жұқпалы аурудан зардап шекті. Біздің қолымыздан көп іс келеді. Мәселен, Қытаймен бүкіл қарым-қатынасты үзе аламыз" деді ол 14 мамырда.
Трамптың сыншылары "коронавирусқа қатысты Қытайға сұрақ көп болса, да, президент АҚШ-тағы пандемия қатты тарап жатқан тұста жұрт назарын басқа жаққа аударуға тырысып жатыр" деп санайды.
Қазір АҚШ-та 1,5 миллионға жуық адамға вирус жұғып, 85 мыңдай адам қайтыс болды. Бұл ел вирус жұқтырғандар мен өлім-жітім бойынша да әлемде бірінші орында тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Қытай фирмаларына санкция салды. Арасында Тоқаев барған компания да бар ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шыңжаң жұрты "сақал өсіріп, хиджап кигені" үшін қамалған