«Путиншіл әншілер - екіжүзді»

Роман Торговицкийдің сахнаға алып шыққан плакаты. Нью-Йорк, 29 қаңтар 2015 жыл.

Нью-Йоркте Чайковский операсын қойған ресейлік әртістерге бір көрермен наразылық танытып, Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға қатысты саясатын айыптайтын плакат ұстап, сахнаға шығып кетті.

Бұл адам өткен жылы да осындай әрекетімен көзге түсіп, Гарвард университетінен аластатылып, Pussy Riot тобының қолдауына ие болған еді.

Қаңтардың 29-ы күні Нью-Йорктегі Метрополитен Операсы сахнасына ресейлік әртістер көтерілген кезде Роман Торговицкий олардың алдына дирижер Валерий Георгиев пен опера әншісі Анна Нетребко суреттерінің ортасында тұрған, Гитлерге ұқсайтын мұрты бар Путиннің плакатын алып шықты. Плакатта «Путиннің Украинаға қарсы соғысын белсенді қолдаушылар» деген жазу болған. Ресейлік әртістер осының алдында ғана Чайковскийдің «Иолантасын» қойған еді. Ол осы акциясы үшін 24 сағатқа түрмеге қамалып шықты.

ТОРГОВИЦКИЙ ДЕГЕН КІМ?

Опера әншісі Анна Нетребко өткен жылы ресейшіл сепаратист Олег Царевке Донецк опера театрын қалпына келтіру үшін 1 миллион рубль беріп, оның қолынан сепаратистер «Новороссия» деп атайтын аумақтың туын алған еді. Әлгіндей плакат алып шыққан Торговицкий онысын Анна Нетребкоға арнайы бұрылып көрсетіп, әртістерге қол соғып тұрған көрермен алдында 30 секундтай тұрды.

Бұндай әрекетке барған 38 жастағы Торговицкий Нетребко мен Гергиевті Путиннің Украина мен Қырымдағы саясатын қолдағаны үшін екіжүзді санайды.

Опера әншісі Анна Нетребко мен Украинадағы ресейшіл сепаратистер жетекшілерінің бірі Олег Царев «Новороссияның» туын ұстап тұр. Санкт-Петербург, 8 желтоқсан 2014 жыл.

Опера әртістеріне қарсы акциясы үшін 24 сағат түрмеге қамалып, одан қаңтардың 31-і күні шыққан Торговицкий Азаттық тілшісіне «Операда олар адамның сезімін, эмоциясын, адамгершілігін баяндайды. Ал шынайы өмірде адамдардың тағдырына алаңдап, қасіретіне жандары ашымайды, осының өзі - екіжүзділік» дейді.

Торговицкий Георгиев пен Нетребкоға қарсы Ресейдің Қырымға жасаған «күшті психологиялық әдісін» қолдандым дейді. «Олар Ресей қалағанын істеуге құқылы деп халықаралық заңды сыйламайды, сондықтан мен опералық концерт кезінде сыйламаудың қалай болатынын көрсеткім келді» дейді ол.

Торговицкий бұған дейін де Путин жақтастарын масқаралауға тырысқан еді. Былтыр мамыр айында ол Гарвард университетінің Сандерс театрында скрипкашы Владимир Спиваковтың концерті аяқталған соң сахнаға шығып, музыкантқа әлдене айтпақ болды. Спиваков та Путинді қолдап хат жазған мәдениет қайраткерлерінің бірі еді. Сол әрекеті үшін оны сахнадан полиция күштеп түсірді, солайша Торговицкий университет аумағына кіру құқығынан айырылды.

«КЕРЕК БОЛСА ТАҒЫ ДА ҚАЙТАЛАЙМЫН»

Қыркүйектің 15-і күні Pussy Riot панк-рок тобы Гарвард университетіне келіп, сұхбат бергенде Торговицкий топ мүшелеріне ұзақ-сонар сауал қойып, бұл шараға заңсыз кіргені үшін тағы да тұтқындалды.

Pussy Riot Кембридж полициясы бөлімшесіне барып, оны босатуды өтінді. Қыркүйектің 16-сы күні Pussy Riot Торговскийді қамаудан шығарып алғандарын мәлімдеді.

17 жасында Мәскеуден АҚШ-қа көшкен Торговицкий Украина мәселесіне «кездейсоқ» араласқанын айтады. 2013 жылдың күзінде Киевте Майдан шерушілері бас көтергенде ол Ресейде іссапармен жүрген екен, сондықтан оқиғаны өз көзімен көру үшін Украинаға барған.

Торговицкий сол кезде «кәрі-жасы бірігіп, жақсы өмір сүру үшін күрескен қажырлы топты алғаш рет көргенін, бұл оқиғаның қатты әсер еткенін» айтады. Ол жарақат алған украиналықтардың күйзеліспен күресуіне көмектесетін «Украинаның жаралы жауынгері» ұйымына барған.

Ол «Саясаттан нақты жапа шеккен адамдармен кездесіп, күн сайын олармен сөйлесу мүмкіндігіне ие болғанымның өзі мен үшін тосын жағдай болды» дейді.

Торговицкий қарсылық шараларын өзін физикалық тұрғыда ғана емес, психологиялық жағынан да өзгерткенін айтады. «Спектакль біткеннен кейін сахнаға шығып, секіргім келеді. Жүрегің соғып, қаның айналып қалады» дейді ол.

Торговицкий сахнадағы акциясы жұрт назарын аударады деп сенеді. Ол «Маған мұндай әрекет жасаған ұнайды демеймін. Түрмеде уақыт өткізген де ұнамайды, АҚШ түрмелерінің біразымен таныстым. Бірақ қажет болса, мұндай шараларды тағы да қайталауым мүмкін. Бірақ ол маған ләззат сыйламайды» дейді.

(Люк Джонсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)