"Қаржылық құз" АҚШ-тың ғана проблемасы емес

АҚШ президенті Барак Обама "қаржылық құз" туралы айтып тұр. Вашингтон, 19 желтоқсан 2012 жыл

Республикашылар мен демократтар бюджет дефицитін азайту бойынша келісімге келіп, өздерін ғана емес, бірқатар елді "қаржылық құздан" құтқарды.
Қысқа қайырып айтқанда 2013 жылғы қаңтардың 1-інен бастап салықтың автоматты түрде өсуі мен үкіметтің шығысын қысқартуы "қаржылық құз" деп аталып кетті. Бұған жол бермеу үшін Ақ Үй мен Конгресс алдағы онжылдықта бюджет дефицитін азайтуға қатысты бәтуаға келуге тырысты.

Егер бұл заң қабылданбағанда, алым-салық мөлшері неге автоматты түрде өсер еді? Өйткені Джордж Буштың кезінде (2001, 2003) қабылданған уақытша салықты азайту шараларының күші биылғы желтоқсанның 31-і күні жойылды.

Осы уақытқа дейін 2011 жылғы заңдық актілер өзгертілмесе, үкіметтің қаржылық шығысындағы қысқаруы тиіс 1.2 триллион доллар алдағы он жыл ішінде үш есеге бір-ақ көбейер еді.

Бұл экономикалық зор дағдарысқа ұласқалы тұрған саяси теке-тірестен шығаратын жол табу үшін президент Обама жаңа жылдық демалысын қысқартып, Вашингтонға қайтып оралуға мәжбүр болған. Ол екі партияны 2012 жылдың соңғы минуттарында болсын қысқа мерзімдік келісімге келуге шақырған болатын.

Қаңтардың 1-і күні сенат пен өкілдер палатасы "қаржылық құздың" алдын алатын заңды мақұлдады.

БЮДЖЕТТІҢ ШЫҒЫС БӨЛІГІ НЕГЕ АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ ҚЫСҚАРМАҚ ЕДІ?

Өйткені 2011 жылы мемлекеттік қарыздың өсуіне байланысты туған қаржылық дағдарыс кезінде бюджетті басқару заңы қабылданған болатын. Бұл - дефолтқа жол бермеу үшін республикашылар мен демократтар арасында жасалған келісім еді.

Аталмыш заң АҚШ үкіметіне қарыздарынан құтылатындай қор жинау үшін керек болды. Жаңадан қарыз алу лимитін өсіріп берді.

Бірақ бұл заң АҚШ-тың бюджет дефицитін алдағы он жыл ішінде 2.1 триллион долларға қысқартатындай түрлі шектеу қойып тастаған еді.

Заң бойынша 917 миллиард доллар ең қажетті шығысқа қатысты қысқарады. 1.2 триллион долларлық қысқарту көлемі 2013 жылы автоматты түрде үш есеге көбейеді. Мұның алдын алу үшін Конгрестің арнайы комитеті дефицитті тағы 1.5 триллион долларға қалай азайтуға болатынына қатысты бір шешімге келуі тиіс болатын.

АҚШ Конгресінің төменгі палатасының спикері республикашыл Джон Бейнер қаржылық дағдарыс бойынша президент Барак Обаманың басты оппоненті. Вашингтон, 7 желтоқсан 2012 жыл


Автоматтық қысқару қорғаныс және қорғанысқа қатысы жоқ бағдарламаларға да қатысты күшіне енбек.

Егер республикашылар мен демократтар желтоқсанның 31-іне дейін келісе алмай қалса және АҚШ "қаржылық құз" басынан құлап кетсе, мұның соңы АҚШ пен әлем экономикасына қалай әсер етуі мүмкін еді? Азаттықтың тілшісі экономикалық сарапшыларға осы сұрақты қойып көрген болатын.

The Economist журналының АҚШ-тағы редакторы Кристофер Локвуд бұл саяси шиеленістің салдары қалай болатыны туралы өзінің пікірін видео-пост арқылы көпке жария етті.

"Егер республикашылар мен демократтар келісе алмаса, мұның зардабы бір жылда жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына тең қаржылық орасан зор соққы болып тиеді. Егер Америка "қаржылық құздан" ұшса, кәсіпорындар бизнес инвестицияларын қысқарта бастайды. Соның кесірінен Америкаға қайта рецессияға (экономикалық және өндірістік дамудың баяулап қалуы - ред.) ұшырайды. Бұл рецессия тұтас әлемге жайылады" деп болжаған Локвуд.

Көптеген экономистер салықты өсірсе, АҚШ-тағы барша табыс табушылардың қалтасына салмақ түсетінін айтады. Бұдан тауар тұтыну азайып, экономикалық өсу баяулап қалмақшы. Мұның соңы жұмыссыздыққа соқтыруы мүмкін.

Бірқатар сарапшылар Вашингтондағы саяси теке-тірестің АҚШ экономикасына теріс әсер ететінін, инвесторлардың сенімін шайқап, экономикалық жаңғыруды қиынға түсіретінін ескертеді.

ЕКІ ПАРТИЯ НЕЛІКТЕН ҰЗАҚ ТІРЕСТІ?

Президент Барак Обама мен демократтар дәулетті америкалықтардың көбірек салық төлегенін қалайды. Олар мұндай салық түрінің деңгейін 1990 жылдары Билл Клинтонның кезіндегі көрсеткішке жеткенше қайта өсіргілері келеді.

АҚШ-тағы бірқатар ірі өндірушілер соңғы бес жыл ішінде үкімет дотациясына қарап қалды. Банкротқа ұшырауға жуықтаған компаниялардың бірі әйгілі кадиллак көлігін шығарушы GM (Дженерал Моторз) еді.


Демократтар Буш заманында қабылданған салықты қысқарту саясатын өз мақсаттары үшін пайдаланып, оны жалпы көпшілік үшін азайтып, мол табысты азаматтар үшін көбейтпекші.

АҚШ Конгресінің демократтар көпшілік болып отырған Сенатында ұсынылған заң бойынша жылына 250 000 АҚШ долларынан көп табыс табатын ерлі-зайыптылар мен бойдақтарға салынатын салық мөлшері көбеймекші.

Конгрестің өкілдер палатасында көпшілік болып отырған республикашылар жиналатын салық көлемін өсіруге қарсы емес. Бірақ оны дәулетті адамдардың есебінен өсіруді қолдамайды. Республикашылар алым-салықты салықтан жалтару жолдарын жабу арқылы өсіруге болады деп санайды.

Республикашылар демократтарды мемлекеттің медициналық және әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсайтын қаржысын азайтуға шақырады. Бірақ демократтар бұл салаға құятын қаржы көлемін еш азайтпайтынын анық аңғартқан.

Бірақ экономистер мұндай уақытша бәтуа жасасу арқылы зорайып келе жатқан дефицит дағдарысының алдын алу қиын деп ойлайды.