Бүгін АҚШ Конгресінің жаңа сессиясы ашыла салысымен өкілдер палатасындағы көпшілікке айналған республикашылар Ақ үй басшысына шүйлікті.
Республикалық партияның жетекшілері президент Барак Обаманың денсаулық сақтау саласын реформалау жөніндегі жоспарына кедергі жасауға уәде етті. Бұған қоса республикашылар комитетінің басшылары әкімшіліктің бірқатар шешімдеріне қатысты тергеу ісін бастамақшы.
АҚШ-тың жаңадан сайланған Конгресі сәрсенбі күні алғашқы сессиясын бастады. Былтыр қараша айында өткен сайлаудың қорытындысы бойынша, өкілдер палатасындағы көпшілік орын республикашыл партия мүшелеріне тиген болатын. Ал Сенатта демократтар сәл ғана басымдыққа ие болып отыр.
Өкілдер палатасының жаңа спикері болып республикалық партиядан Джон Бейнер сайлануы мүмкін. Ол бұған дейін берген уәдесінде қаңтардың 12-сі күні болатын палата отырысында денсаулық сақтау саласын реформалау жөніндегі заңның күшін жою туралы мәселені күн тәртібіне қоятынын мәлімдеген болатын. Бұл заң былтыр президент Барак Обаманың бастамасы бойынша қабылданған еді.
Бұған қоса, республикашылар шамамен 14 триллион доллар федеральдық дефицитті азайту мақсатында осы жылы ішкі шығындарды 100 миллиард долларға қысқартуды көздеп отырғандарын айтты. Сонымен қатар республикашылар алдағы екі жылда демократтар партиясының болашақ бастамаларына да қарсылық білдіруі мүмкін.
Республикалық сенатор Линдси Грэхам қаңтардың 2-сі күні NBC News телеарнасына берген сұхбатында «сайлау қорытындысы америкалықтардың көбейіп бара жатқан ұлттық қарызға қарсы нақты әрекет жасалуын қалайтынын көрсетті» дегенді айтты.
- Соңғы сайлаудың мандаты мен үшін анық - америкалықтар демократтардың 2008-2010 жылғы саясатына қарсы шықты. Себебі демократтар ұстанған саясат елді қарызға батырды, әрі шенеуніктер санын көбейтіп жіберді, - дейді Грэхам.
Қаңтардың 6-сы, бейсенбі күні республикашылардың жетекшілері АҚШ конституциясының кейбір баптарын дауыстап оқып шықпақшы. Ондағы мақсаттары - салыққа қатысты бағзыдан келе жатқан мемлекеттік саясат дәстүрін өзгертпеуге шақыру. Республикашыл конгресмендер Обама қол қойған, сақтандыруға шамасы жоқ 30 миллион азаматты медициналық сақтандырумен қамтамасыз етуді көздейтін заңға қарсы дауыс бермекші.
Демократтар ұстанған саясат елді қарызға батырды, әрі шенеуніктер санын көбейтіп жіберді.
Бірақ, бақылаушылардың айтуынша, бұл ұсыныс демократтар көпшілікке айналған Сенаттан өткен жағдайда да, президент Обама бұл қадамға вето қоюы мүмкін. Сондықтан кейбір республикашылар осы заңның қаржы көздерін «талқандайтындарын» айтып отыр. Яғни олар бұл заңды мұқият тексеретіндерін жеткізді.
Сонымен қатар республикашылар Обама әкімшілігінің азық-түлік қауіпсіздігі мен Уолл Стриттегі қаржы ережелеріне қатысты шешімдеріне байланысты тергеу жүргізетіндерін айтты.
Қаңтардың 3-інде түн ауа Гавай аралдарында демалып қайтқан президент Обама жұмыс орындарын құру мен экономикалық дамуға қатысты мәселелерде республикашылардан ынтымақтастық танытуды күтетінін мәлімдеді.