АҚШ президенті ақпанның 5-і күнгі Конгресте жариялаған халыққа жолдауында елдің екі негізгі саяси партиясын бірлікке шақырды. Дональд Трамп жолдауында мигранттар тақырыбын, Солтүстік Кореямен келіссөздерін және Қытаймен Америкаға тиімді түрде сауда жасау шарттарын қозғады.
Вашингтонның уақытымен кешкі сағат 21.00-де басталған жолдау бір жарым сағаттай уақытқа созылды. Бір апта бұрын ғана президенттің Мексикамен шекара бойында дуал салу жоспарына Конгрестің Өкілдер палатасы қарсы шығып, мұның соңы АҚШ тарихындағы ең ұзаққа созылған үкіметтің жабылуына ("шатдаун") соқтырған еді. Демократтар Трамптың көрші елмен шекараны тарс бекіту туралы идеясын моральға қайшы көріп, оны Американың құндылықтарын аяқ асты етті деп сынайды.
ТРАМП НЕ ЖАЙТҚА НАЗАР АУДАРДЫ?
АҚШ президенті жолдауында көші-қон мәселесіне ұзағырақ тоқталып, заңсыз миграцияның салмағы америкалық жұмысшы табына түсіп жатыр деген пікір айтты. Демократтар мұндай уәжбен келіспейді, АҚШ-Мексика шекарасында ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретіндей гуманитарлық апат болып жатыр деген сөзді тым қатты әсірелеу деп бағалайды.
Конгрестегі демократтармен арада бірқатар мәселе бойынша екі жылға созылған шиеленісті текетірестен соң Трамп алдыңғы екі жолдауындағыдай қарсыластарын саяси бірлікке үндеді.
- Біріксек, ондаған жылдар бойғы саяси тұйықтан шығамыз. Бұрын түскен жікті жымдастырып, баяғы жараны емдеп, жаңа коалиция құрып, жаңа шешім тауып, Американың болашағы туралы ерекше уәдені орындай аламыз, - деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-тың Қытайға жариялаған "сауда соғысы"АҚШ президенті елдің инфрақұрылымын жақсарту, медициналық препараттардың бағасын арзандату, денсаулық сақтау саласын жетілдіру және балалар арасындағы қатерлі ісікпен күресу туралы ұсыныстар жасағанда Конгрестегі бәсекелес екі партия өкілдері де бірнеше мәрте түрегеліп қол соқты. Трамптың жолдауына орай Конгреске арнайы шақырылған қонақтардың ішінде рак ауруынан айыққан кшкентай белсенді қыз бала, ата-анасы "заңсыз шетелдік мигранттың қолынан" өлген бір әйел, Холокост азабын көрген және Еуропаны нацистерден азат етуге қатысқан ер адамдар болды.
Трамп залдағы негізінен республикашыл жақтастарын Сирия мен Ирактағы АҚШ әскерін шығару стратегиясына қатысты: "Ұлы мемлекеттер ұзақ соғыспайды" деп, сосын ішкі экономикалық саясатына байланысты "АҚШ ешқашан социалистік ел болмайды" деп дүр еткізді. "Мен президент болып сайланбасам, АҚШ осы уақытта Солтүстік Кореямен соғысып жатар еді" деп мәлімдеген Трамп Ким Чен Ынмен ақпанның 27-28 күндері Вьетнамда тағы жүздесетінін жариялады. Қытайды "америкалық жұмыс орындарын ұрлап жатыр" деп сынаған Трамп Вашингтонның Пекинге қарсы тариф өсіру стратегиясын жеміс бере бастады деп мақтап өтті.
ДЕМОКРАТТАРДЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Бірақ президенттің көп сөзіне қол соқпай, орындарынан жиі тұрмай отырғандар да көзге түсті. Олардың бір тобы - Конгрестің демократ әйел мүшелері жиынға ақ түсті киім киіп келді. 20 ғасырдың басындағы суфражист, яғни дауыс беру құқығын талап етуші америкалық белсенді әйелдер осындай түсті киімді құп көрген.
Демократтар 2016 жылы президенттің сайлау штабы Ресеймен ымыраласты деп айыптап жатқан кезде Трамп осы мәселеге орай жүріп жатқан арнайы тексеруді меңзеп, "ақылға сыймайтын біржақты тергеу" деп сынап өтті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Мексикамен шекараға дуал тұрғыза ала ма?Жолдаудан бірнеше сағат бұрын Сенаттағы демократтардың жетекшісі Чак Шумер президент Трампты сөзбен түйреп өткен. Нью-Йорктен сайланған сенатор:
- Жыл сайын президент осы уақытта оянып кеткендей болып, жолдау кезінде бірлікке шақыра қалады. Сосын жылдың қалған 364 күнін бізді жікке бөлуге жұмсайды, - деген.
Трамп бұл сынға Twitter парақшасында дереу жауап беріп, Шумерді "әлі жарияланбаған жолдауымды сынап жатыр" деп сөккен.