Обаманың Азияға сапары жалғасуда, АҚШ пен Қытай бірлесе жұмыс істеуге бейілді

АҚШ президенті Барак Обама мен Қытай президенті Ху Цзиньтао. Бейжің, 17 қараша 2009 жыл.

Бейжіңде кездескен Қытай президенті Ху Цзиньтао мен АҚШ президенті Барак Обама әлемнің ең өзекті мәселелерін шешуде бірлесе жұмыс істеуге келісті. Дегенмен экономика және адам құқықтары мәселесіне қатысты біршама пікірқайшылықтары қалып отыр.

Қытай мен АҚШ президенттері сейсенбі күні Бейжіңдегі келіссөздерінен кейін екі ел арасындағы байланыстарды нығайту бағытында бірлесе жұмыс атқарамыз деп уәделесті.

Сонымен қатар олар бірқатар мәселелерге байланысты пікірқайшылықтардың бар екенін атап өтті.

Ху Цзиньтао мен Барак Обама кездесулерінен кейін бірлескен баспасөз маслихатын өткізді, бірақ журналистердің сұрақ қоюларына мұрсат берілмеді.

Обаманың мәлімдеуінше, АҚШ пен Қытай ядролық бағдарламасының ашық екенін әрі бейбіт мақсатта дамытылып жатқандығын Иран дәлелдеп көрсетуі тиіс деп келіскен.

«Біз Иран халықаралық қауымдастыққа өз бағдарламасының ашық екенін және бейбіт мақсатта дамытылып жатқандығын көрсетуі тиіс деп келістік. Осы мәселеге байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері ортақ пікірде. Иранның қазір бейбітшіл ниеттерін көрсетуіне мүмкіндігі бар, бірақ ол бұл мүмкіндікті пайдаланбаса, оның салдары болады», - деді Обама.

Ал Ху Цзиньтао болса бұл мәселе диалог пен келіссөздер арқылы шешілуі тиіс деп атап көрсетті.

Қытай президенті Ху Цзиньтао мен АҚШ президенті Барак Обама. Бейжің, 16 қараша 2009 жыл.


Солтүстік Корея мәселесін көтерген Қытай мен АҚШ президенттері Пхеньянды өзінің ядролық бағдарламасына қатысты тоқтап қалған келіссөздерге оралуға шақыруға келіскендерін айтты.

«Біз екеуіміз Солтүстік Кореяның ядролық мәселесін шешуде диалог пен кеңесулер өткізілуі тиіс деп келістік. Мұндай әдісті пайдалану Қытай мен АҚШ-тың және осы мәселеге қатысты басқа да елдердің мүдделеріне жатады. Солтүстік Шығыс Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін екі жақ басқалармен бірлесе жұмыс істеу арқылы Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздану үдерісін жалғастырады», - деді Ху Цзиньтао.

Обаманың мәлімдеуінше, Қытай президентімен кездесу барысында сондай-ақ Пәкістан мен Ауғанстан мәселелері де талқыланған.

«Президент Ху Цзиньтао екеуіміз Ауғанстан мен Пәкістандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың болуына мүдделі екенімізді талқыладық. Ешбір елді лаңкестік үшін базаға айналдыруға болмайды. Біз осы мақсатқа жету үшін ынтымақтасуға және бүкіл Оңтүстік Азияда тұрақты байланыстар орнату мақсатында жұмыс істеуге келістік», - деді Обама.

Сонымен қатар ғаламдық ауа-райының өзгеруі мәселесін көтерген АҚШ пен Қытай жетекшілері алдағы айда Копенгагенде өтетін халықаралық конференцияда осы проблемаға байланысты жан-жақты келісім жасалатындығына үміт білдірді.

«Біз ғаламдық ауы-райының жылынуына қатысты мәселелер мен энергетика және қоршаған ортаны қорғау проблемаларында ынтымақтастығымызды нығайтуға келістік», - деді Ху Цзиньтао.

Қытай мен АҚШ президенттері екі ел арасындағы байланыстарды нығайту бағытында бірлесе жұмыс атқаруға келіскенімен, бұл екі ел арасында бірқатар мәселелер бойынша пікірқайшылықтар қалып отыр.

Ху Цзиньтао ғаламдық экономиканы қайта дамыту мәселесіне қатысты екі ел экономикалық кеңесулерін жалғастыруы тиіс деп атап көрсетті.

Өз кезегінде Обама Тибет мәселесін көтеріп, Бейжің мен Тибеттің қуғындағы рухани көсемі Далай Ламаның өкілдері арасында диалогты тезірек бастауға шақырды. Қытай Далай Ламаны Тибетті Қытайдан бөліп алғысы келеді деп айыптайды, бірақ бұл айыптауларды Тибеттің рухани көсемі мойындамай отыр.

Ху Цзиньтаоның айтуынша, екі жақ адам құқықтары мен діни бостандық мәселесіне қатысты келіссөздер өткізбек. Бірақ ол Қытай тең әріптестік пен өзара құрмет негізінде әрі бір-бірінің ішкі істеріне араласпау бағытында әрекет етеді атап көрсетті.

Сонымен Барак Обаманың Азияға сапары жалғасуда. Қытайдан кейін ол Оңтүстік Кореяға барады.