Әлия Назарбаеваның фильмі Нью-Йоркте көрсетілді

«Пробуждение» фильміндегі Әлия Назарбаева.

Осы аптада басталған Еуразиялық кинофестиваль Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "табиғатты қорғаудағы рөлін" насихаттайтын фильммен ашылды.
Нью-Йорктегі Еуразиялық кинофестиваль мамырдың 20-сы күні «табиғатты сақтап, дамыту жолы» туралы баяндайтын «Пробуждение» атты фильмнен басталды. Бұл фильм – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлияның қолынан шыққан дүние.

2012 жылы шыққан деректі фильмнің трейлерінде (45 секундтық жарнама) тау сілемдерінің бер жағында тұрған Әлия Назарбаеваның мұңды бейнесі көрсетілген. Фильмнің басты идеясы – президент Назарбаевтың 2010 жылғы бастамасы – Астанадағы «Жасыл көпір» бағдарламасын насихаттау.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамыр мерекесінде қызы Әлиямен бірге Алматыға келді. 2012 жыл.

Фильмнің ресми синопсисінің баяндауынша, түсірушілердің мақсаты – ауызсу мен азық-түлік жетіспеушілігі, қоршаған ортаның ластануы, халықтың тығыз қоныстануы, кедейшілік пен климат өзгерісі сияқты ғаламдық мәселелерді көтеру.

Ал туындының ішінде Әлия Назарбаева «әкесінің идеясын таратушы, мирасқоры» екені айтылып, мұнайға бай Қазақстандағы экологиялық қозғалысқа жауапты екені баяндалады.

Кинофестивальді ұйымдастырушылардың бірі Қазақстанда туған, Нью-Йоркте тұратын продюсер, режиссер Юлия Тихонова аталған фильмнің маңыздылығы зор деп санайды.

- «Пробуждение» атты деректі фильм байқауға соңғылардың бірі болып түсті. Бұл фильм фестивальді ашатын жақсы дүние деп шештік. Экология тақырыбы - дүние жүзі бойынша өте өзекті, - деді ол Азаттық тілшісіне.

«Жасыл көпір» халықаралық бағдарламасы туралы Қазақстан 2011 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясында мәлімдеген еді. Бағдарлама мемлекет пен жеке секторды, ұйымдарды табиғатты қорғауға шақырады. Мақсаты – «жасыл әлемді» дамытатын бизнес серіктестікті қолдап, оны дамытатын технология мен инвестицияларға жол ашу.

Бұл бастаманы 2010 жылы БҰҰ Азия-Тынық мұхит конференциясына жиналған көптеген мемлекеттердің өкілдері қолдап, 2011 жылы БҰҰ-ның тұрақты дамуға арналған «Рио+20» баспасөз мәслихатында қонақтарға таныстырылды.

Бірақ бағдарламаның іс жүзінде қалай орындалатыны әлі күнге түсініксіз. Фильм «өркениет жетістіктерінен бас тартып, Алматы қаласының маңына орналасқан 20 отбасыны» үлгі ретінде көрсетеді.

БИЗНЕСМЕН ӘРІ ТАБИҒАТ ЖАНАШЫРЫНЫҢ ЖАҢА ҚАДАМЫ

«Пробуждение» Әлия Назарбаеваның кинодағы алғашқы қадамы тәрізді. Оны білетін жұрт Египетке барған сапарынан соң әсерленіп, Алматыда LUXOR курортын ашқанынан, Damiani атты италиялық зергерлік бұйымдары желісімен ынтымақтасып жұмыс істейтінінен хабардар.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия. Алматы, 1 мамыр 2012 жыл.

Әлия Назарбаеваның өмірбаянын оқысаңыз, Almatypharm корпорациясының президенті және Caspian Industries LTD-ның бас директоры, «Элитстрой» басқарма кеңесінің төрағасы екенін білесіз.

Әлия Назарбаеваның 1998 жылы сол кездегі Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың үлкен ұлы Айдар Ақаевқа тұрмысқа шығып, аз уақыт бірге тұрғаны да ел есінде қалды. Олардың некесі кезінде Орталық Азия билеушілері отбасының күш біріктіруі ретінде сипатталған.

Еуразиялық кинофестиваль бұған дейін бір рет, 2010 жылы өтті. Сайтта жазылған дерекке қарағанда, шараның мақсаты – АҚШ пен Еуразия елдері арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамыту.

Іс-шараның ұйымдастырушысы Хакки Субентекин алдағы уақытта кинофестивальді АҚШ-тың басқа да қалаларында өткізуді жоспарлап отыр.

- Америкалықтарға Еуразия елдерінің мәдениеті мен дәстүрін кино арқылы танытқымыз келеді. Орталық Азия мен АҚШ арасындағы мәдени көпірге айналмақ ойымыз бар, - деді режиссер әрі продюсер Хакки Субентекин Азаттық тілшісіне.

Ол St. Francis колледжінің түлегі екен, кинофестиваль да осы оқу орнының ғимаратында өтіп жатыр.

Осы аптада Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Болгария және Польшадан келген 21 фильм көрсетіледі. Туындылар жалғыздық, сырқат, көшпенді өмір, отбасы сияқты әртүрлі тақырыптарға арналған.

Фестивальге Қазақстанның атынан "Теңіз қасқыры" (режиссері Алмас Бектібаев), "Әке" (режиссері Алдияр Байрахымов), "Женя" (режиссері Жанана Рахымбердиева), "Аққыз" (режиссері Жаңабек Жетіру) тәрізді бірнеше фильм қатыспақ.

Шетелдік фильмдердің арасында 2012 жылы ТМД пен Балтық елдері арасында өтетін «Киношок» фестивалінде гран-при ұтып алған «Parizod» атты өзбек фильмі де бар.

«Пробуждение» фильмін мына жерден көруге болады:
http://www.youtube.com/embed/Od_vK61U7cw

Материалды әзірлеуге Динара Әлімжан қатысты.