Қамау, психиатриялық емханаға жатқызу. Өзбекстанда блогерлер қудаланып жатыр

Өзбекстан президенті Шавкатт Мирзияев

Өзбекстанда кемі үш адам президентті сынағаны үшін түрмеде отыр. Тағы бір адам психиатриялық клиникаға күштеп жатқызылған. Жазаға кесілген азаматтардың бәрі әлеуметтік желіге “Шавкат Мирзияевтің Өзбекстанды басқаруға қабілеті жетпейді” деп жазғаны үшін қудаланған.

Өзбекстанда президент Шавкат Мирзияевті сынағандар түрмеге немесе психиатриялық ауруханаға түсуі мүмкін.

Қазір кемі үш адам интернеттегі сыни пікірі үшін түрмеде отыр. Тағы бір азамат мәжбүрлі түрде психиатриялық ауруханаға жатқызылған. Ол өзінің ақыл-есі сау екенін айтады.

Жизақ облысының тұрғыны Уәлижан Калонов 2021 жылы түрмеге түспей тұрып, Youtube-та Өзбекстан президентінің саясатын көп сынайтын. 54 жастағы азаматтың Шыңжаңдағы геноцидке қарамастан, Қытаймен жылы қарым-қатынасын сақтап қалған үкіметке көңілі толмайтын.

Ол 2021 жылы наурызда Youtube-қа жариялаған шығарылымдарының бірінде халықты Мирзияевтің биліктен кетуін қолдап, дауыс беруге шақырған.

— Қолдарыңа қару алып, соғысыңдар деп жатқан жоқпын. Дауыс беру құқығын пайдаланайық. Елім мен балаларымның болашағын Мирзияевқа сеніп тапсыра алмаймын! — деген Калонов.

Биліктің сөзінше, Калоновты облыстық терроризм және экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстаған. Жизақ қалалық соты оны президентті қорлағаны және қоғамға қауіп төндіретін басқа да қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін айыпты деп тапқан.

Калоновқа қарсы істің жай-жапсары мен сот үкімі жарияланған жоқ. Кейін белсендіні психиатриялық ауруханаға ауыстырды. Орталық Азияның кей мемлекеттерінде биліктің сыншыларын әлі күнге осылай жазалайды.

Өзбекстанда президентті қорлау “қылмыс” саналады. Бұл бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

“ӨКІНБЕЙМІН”

Осы аптада белсендінің жақындары Азаттыққа қарашада Жизақ аудандық соты Калоновты күштеп емдеу мерзімін тағы үш айға ұзартқанын хабарлады.

Анонимді сұхбат берген туыстарының айтуынша, белсендінің ақыл-есі сау. Калонов кездесуге келген жақындарына дәрігерлер транквилизатор ішуге мәжбүрлеп жатқанын айтқан.

Қамалған блоггер Уәлижан Калонов.

Азаттықтың қолына тиген ресми құжаттың көшірмесінде дәрігерлердің “Калоновтың жағдайы түзелген жоқ, ол істеген ісіне әлі де өкінбейді” деген қорытындысы жазылған.

Самарқан облысында Instagram желісінде президентке тіл тигізген жас жігіт 2,5 жылға сотталды. 26 қазанда шыққан сот үкімінің көшірмесінде 19 жастағы Дильшод Искандаровтың Мирзияев пен оның отбасын балағаттағаны айтылады. Қаулыға сәйкес, Искандаров 2022 жылы Ресейде еңбек мигранты болып жүрген кезде жариялаған пікірін кейін өшіріп тастаған.

Дильшод 2023 жылы елге оралған соң, түрмеге жабылған. Ол сотта істеген ісіне өкінетінін, Мирзияевтің саясатына қарсы емесін айтқан.

Ферғана облысында 2 азамат “Қоқан метан газ” телеграм арнасында газ бен электр энергиясының тапшылығына шағынғаны үшін қамалды.

Сот құжаттарында 27 жастағы Үткірбек Собировтың президентті қорлағаны, оның саясатын сынап, Мирзияевті биліктен тайдыру керек дегені айтылады.

Дәл сол телеграм тобына осыған ұқсас мазмұндағы пікір жазған Ахрорбек Кучкоров 4 жылға үйқамаққа алынды.

Азаттық радиосы Өзбекстан президентінің кеңсесіне хабарласып, пікір алмақ болды. Бірақ президент әкімшілігінен жауап келмеді.

СЫН КӨТЕРЕ АЛМАЙТЫН БАСШЫ

Өзбекстанда шынайы оппозиция мен тәуелсіз ақпарат құралдары жоқ. Үкімет сөз бостандығын шектеп, билікке қарсы пікір айтқан азаматтарды қудалайды. Баспасөз құқығын қорғаушылар үкімет билікті сынаған журналистер мен блогерлерді түрмеге жауып, азаптайды дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Блогерлердің қара тізімін жасап жатыр". Өзбекстанда "жылымық кезеңі" аяқталды ма?

Тамызда блогер Әбдіқадір Мүмінов алаяқтық және ақша бопсалау айыбымен 7,5 жылға қамалды. Блогердің таныстары мен туыстары билік осылай Мирзияевтің туыстарының бизнесі туралы репортажы үшін кек қайтарып жатыр дейді.

Кейінгі жылдары Мирзияев уәде еткен реформаларын жүзеге асырмағаны үшін жиі сынға қалып жүр.

Мирзияев 2016 жылы билікке жаңа келгенде Өзбекстан ашық есік саясатына көшіп, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасын түзеді. Көбі жаңа президентті мақта өндірісіндегі мәжбүрлі еңбекке тоқтау салып, адам құқықтары жайына көңіл бөліп жатыр деп мақтады. Ол өзіне дейінгі президент Ислам Каримовтың тұсында қалыптасқан экстремистер тізімінен мыңдаған адамды шығарып, дін еркіндігін күшейтті.

Бірақ кейінгі жылдары билік баспасөз еркіндігін шектеп, үкіметті сынаған адамдарды қудалап, Қарақалпақстандағы наразылықты күшпен басты.

2023 жылы сәуірде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтіп, Мирзияев 2037 жылға дейін билікте қалу мүмкіндігіне ие болды. Президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарды. Мирзияевтің осыған дейінгі президент болған жылдары есепке алынбайтын болды.

Шілдеде Мирзияев батыс бақылаушылары бәсекесіз өтті деп бағалаған сайлауда жеңіске жетті.