Шаппай бәйге алатын Мирзияев және басқалар. Өзбекстандағы сайлаудан шынайы бәсеке байқалмайды

Өзбекстанды 2016 жылдың қыркүйегінен бері басқарып отырған Шавкат Мирзияев Конституцияға өзгерістер енгізген соң осыған дейінгі билікте болған жылдарын есептен шығарып, тағы екі мерзім президент болып сайлану мүмкіндігіне ие болды.

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев 9 шілдеде өтетін президент сайлауында өзіне сын айтпайтын, бұйығы үш кандидатты жеңуге дайындалып жатыр. Оған шынайы бәсекелес болғысы келген саясаткердің сайлау процесінен шеттетілуі бұл елде режимнің реформалар туралы уәдесі құр сөз болып қалғанын көрсетеді.

9 шілдеде ел президентін сайлағалы отырған Өзбекстанда кім жеңіске жететіні әлден белгілі.

Билікте отырғанына он жылға таяған Шавкат Мирзияев әуелде реформалар жариялап, өзгерістер жасауға бейілді екенін ашық көрсетуге тырысатын. Сарапшылар Өзбекстан басшысы кейінгі жылдары үйреншікті, репрессивті шынайылыққа қайта көшті дейді.

Бір кезде университет ректоры болған, кейін режимнің қарсыласына айналған Қыдырназар Аллақұлов бұрын-соңды сайлауға қатысып көрмеген. Билік оның партиясын тіркемей, белсенділігі үшін бірнеше рет қудалаған.

Өзбекстанда жаңадан қабылданған конституциялық өзгерістерге сәйкес, президенттің өкілет мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзарған. Аллақұлов пен оның жақтастарының мемлекетпен тіресі Мирзияевтің жұрт мақтаған "жылымық" саясаты шектеулі екенін көрсетеді.

Бұрын университет ректоры болған Қыдырназар Аллақұлов кейін режимнің қарсыласына айналған.

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 32 жылда саяси алаңда бәсеке болған жоқ, – деді 67 жастағы Аллақұлов дауыс беруден бірнеше күн бұрын Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.

Осыдан кейін Өзбекстанның әділет министрлігі Аллақұловтың партиясын тіркемей қойды.

– Олар мұны қаламайды. Әділдік болғанын, заң үстемдік құрғанын қаламайды, – деді Аллақұлов.

ЛАС ӘДІСТЕР

Қазіргі президент әрі президенттікке кандидат Шавкат Мирзияевтің осы жолғы сайлаудағы бәсекелестері Өзбекстанда сайлауалды науқан басталған 10 мамырдан бері билікке қарсы бірде-бір мәлімдеме жасаған жоқ.

Ресми тіркелген президенттікке кандидаттар қатарында Мирзияевтен басқа, бұрынғы білім министрі, орман шаруашылығы саласының бұрынғы шенеунігі, көп жыл парламент сенатындағы биліктің айтқанын екі етпейтін депутат болып, жақында өкілеті аяқталған бұрынғы судья бар.

2 шілдеде мемлекеттік арналар ел президентін сайлау қарсаңдағы екі пікірсайыстың екіншісін көрсетті. Дебатқа не Мирзияев, не оның "бәсекелестері" қатысқан жоқ. Кандидаттар пікірсайысқа сенімді өкілдерін жіберумен шектелді.

Билік тағайындаған кандидаттардың өкілдері арасында қызық әрі тартысты талқы өткен жоқ.

Сайлауға түсіп жатқан үш кандидат сияқты Қыдырназар Аллақұлов та бұрын мемлекеттік қызметте істеген. Бірақ қазір оның билікке келуінен гөрі түрмеге түсу ықтималдығы жоғары.

Маусым айында Ферғана қаласында "Шындық, прогресс, бірлік" деп аталатын партиясын тіркеуге қол жинап жүрген Аллақұлов пен оның жақтастарына белгісіз адамдар шабуыл жасаған.

Төбелес полиция бөлімшесінде аяқталған. Аллақұловтың айтуынша, ол жақта азаматтық киім киген полицейлер оның өзіне, ұлына және немересіне тиіскен.

– Мәрмәр еденге жатқызып, аяғымызды қайырып, жанды жерлерімізден ұрды. Тұншықтырып, жыныс мүшелерімізге тиісті, – дейді Аллақұлов.

Ол Азаттық тілшісіне денесіндегі көгерген жерлер мен ұлының ішіндегі тігілген жарақат ізінің суретін жіберді. Көшеде белгісіз адамдардан таяқ жеп, полиция бөлімшесіне түскеніне қарамастан, қазір Аллақұловтың үстінен "полиция қызметкерлерін ұрды" деген айыппен іс қозғалған. Бұл туралы Ферғана полициясының баспасөз құралдарына таратқан хабарламасынан белгілі болды.

– Партиямыздың жұмысына кедергі келтіру үшін лас әдістер қолданып отыр. Осы жолы ашық зорлық көрсетті. Мамырда Әндіжанда бір топ әйел тап берген. Олар тазалыққа жауапты қызметкерлердің киімін киіп алғанымен, шын мәнінде полицейлер болып шықты.

7 маусымда Ферғана қаласында болған жағдай Аллақұлов үшін 2021 ақпанда тіркелмеген партиясының съезін өткізбек болғаннан кейінгі ең үлкен үркіту шарасы болса керек. Ол кезде Аллақұлов жылдың аяғында өтетін президент сайлауына қатысуға ниет білдірген (Өзбекстанда президенттікке үміткерді тіркелген партия немесе қауымдастық қана ұсына алады).

Өзбекстан президентін сайлау күні. Ташкент, 24 қазан, 2021 жыл.

Әлгі сөзінен кейін Аллақұловтың Ташкенттегі үйін полиция қоршап, оны 5 сағаттық жердегі Әндіжан қаласына жеткізген. Полиция бөлімшесінде Аллақұловқа қарсы жеке тұлға арыз берген.

Белсендінің сөзінше, ол кезде де полиция отбасына күш көрсеткен.

– Үйіме жақын маңға 15 камера қойылған. Оң жағымнан да, сол жағымнан да камераға түсіреді. Басқа белсенділердің жағдайы да осыған ұқсас, – дейді ол.

АЗАЙҒАН СЕНІМ МЕН ТЕРЕҢДЕЙ ТҮСКЕН ДЕПРЕССИЯ

Шавкат Мирзияев 2016 жылы Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғанға дейін 13 жыл бойы премьер-министр болған. Елде саяси плюрализмнің жоқтығы – сол кезден қалған репрессивті саясаттың көрінісі.

Шавкат Мирзияев елдің бірінші президенті Ислам Каримовті жерлеу рәсімінде.

Диктатор өмірден өткеннен кейін елде 2019 жылы тіркелген "Өзбекстанның экологиялық партиясы" деп аталатын бір ғана жаңа партия пайда болды. Алдағы президент сайлауына бұрын орман шаруашылығында істеген Әбдішүкір Хамзаевты ұсынған бұл партияны билікке қарсы күш деп айту қиын.

Аллақұлов өзі құрғысы келген партияны тіркеуді сұрап қол қойған адамдар билік тарапынан қысымға ұшырап жатқанын айтты.

2021 жылы Әділет министрлігі Аллақұловтың партиясын тіркемей қойғанда жиналған 20 мың қолдың жартысы жарамсыз деген сылтау айтқан.

Биыл министрлік 1439 қолды ғана мойындап отыр. Мирзияев конституциялық реформа арқасында осыған дейінгі билікте болған жылдарын есептен шығарып, тағы екі мерзім президент болу мүмкіндігіне ие болды. Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі идея – Жаңа Өзбекстан құру.

Мирзияев мақта алқабындағы мәжбүрлі еңбекті жойып, Өзбекстанды туризм мен инвестицияға ашық елге айналдырып, ақпарат құралдарына аздаған еркіндік берді.

Мирзияев билікке келген жылдары да біраз қиындықтар болған. Бірақ билік былтыр Өзбекстанның автономиялы өңірі – Қарақалпақстандағы наразылықты күшпен басып, қантөгіске жол бергеннен кейін президенттің әлгіндей ұранына сенім азайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Нөкісте халықты атуға бұйрық бергендер жазасыз қалды"

Өткен аптада Каримовтан кейін басталған "жылымық" кезінде біраз еркіндік алып, дамыған Gazeta.uz басылымы Нөкістегі қырғынның бір жылдығына орай жариялған материалын сайтынан өшіріп тастады.

Мақалада Нөкіс оқиғасы "алдын алуға болатын қайғылы жағдай еді" деп сипатталған. Қантөгісті зерттеу тапсырылған мемлекеттік комиссия есеп бермегені айтылды. Басылым наразылық кезінде мемлекет көрсеткендей 21 адам емес, одан да көп кісі қаза тапқан деп топшылайды.

Қарақалпақстан республикасының автономиялық мәртебесін өзгертуге қарсылық білдіріп шеруге шыққан халық. Нөкіс, 3 шілде, 2022 жыл.

Бейбітшілік үшін Карнеги қорының мамырда жарияланған материалында саясаттанушы Рафаэль Саттаров Нөкіс оқиғасын Мирзияев билігі тұсындағы "ең үлкен саяси дағдарыс" деп атады.

– Қазір Мирзияев өзі айтқан өзгерістерге ұмтылыс елдегі бар билікті қолына шоғырландыруға кедергі келтіретінін түсініп отыр, – дейді сарапшы.

Аллақұловтың айтуынша, Мирзияев билікке жаңа келгенде өзбек халқы болашақтан көп үміт күткен. "Бірақ қазіргі заңсыз диктатура қоғамды терең депрессияға түсірді", – дейді ол.

Оның билікке сенбеуінің өз себебі бар.

2004 жылы Мирзияев премьер-министр болып тұрғанда Аллақұлов Ауғанстан шекарасына жақын Термез қаласындағы университеттің ректоры қызметінен кетті.

Кейін белсендіні қаралау науқаны жүріп, қылмыстық іс қозғалды. Аллақұлов өзін жұмыстан шығару мәселесі бойынша БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым берді.

2017 жылы, Мирзияев билікке келгеніне жыл толғанда, БҰҰ комитеті Аллақұловтың талабы орынды деген шешім шығарған. Бірақ ол бұрынғы қызметіне орала алмады.

– Біздің жүйеде көп адам ректор қызметін табысты көреді. Көп жемқорлық схемасы ректор кабинеті арқылы өтеді. Ректор болғанымда, пара алуға мүмкіндік қалдырмадым. Не үйрендім? Әділетсіздікке қарсы жалғыз күресу мүмкін емесін түсіндім. Елде заң үстемдігімен өмір сүргісі келетін адамдар, әсіресе, жастар көп, – деді Аллақұлов.

Хельсинки комитетінің Орталық Азиядағы өңірлік өкілі Мариус Фоссум сайлаудағы басты фаворит сын-пікірден құтылғанша, Аллақұловтың саяси карьерасына қауіп төніп тұр дейді.

– [Аллақұлов] саяси жоспарын айтып, президентті ашық бәсекеге шақырды, енді соның нәтижесін көріп отырмыз. Президент пен оның отбасына тимеңдер. Бұл – Өзбекстандағы әлі де болса тыйым салынған тақырыптардың бірі, – деді Фоссум.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Автономиялардағы азаматтық қоғам – Тәжікстан мен Өзбекстандағы қуғын-сүргіннің негізгі нысанасыОрталық Азияда қан көп төгілген жыл. Династиялық билік, баламасыз сайлау, өзгермейтін риторика"Әлемге ашық" Өзбекстанда саяси өзгеріске орын бар ма?"Парламент құзыретін де тартып алмақ". Өзбекстандағы референдумның негізгі мақсаты Мирзияев билігін ұзарту ма?Өзбекстан Мирзияев билігін ұзартуға қалай дайындалып жатыр?