"Блогерлердің қара тізімін жасап жатыр". Өзбекстанда "жылымық кезеңі" аяқталды ма?

Президент Шавкат Мирзияев (ортада) Самарқанда журналистер және блогерлермен суретке түсіп тұр. Тамыз 2019 жыл.

Шавкат Мирзияев билікке келгенде басталған “жылымық” кезінде мыңдаған оқырманы бар, халыққа сөзі өтімді ондаған блогер пайда болды. Енді билік оларды өзіне қауіп көріп отыр. Сарапшылар мемлекет блогерлерді “қара тізімге” енгізе бастағанын айтады.

5 тамызда Өзбекстандағы жетекші жаңалықтар сайтының басшылары бұқаралық ақпарат және коммуникация агенттігіне шақырылды. Онда жақында ұсталған танымал блогердің ісі бойынша брифинг өтті.

Қысқаша қайырғанда, брифингте блогердің ұсталуы "нақты айғақтарға негізделген, сондықтан бұл сөз бостандығы шектелгенін білдірмейді" деген ой айтылды.

Жиынға қатысқан редакторлардың бірінің айтуынша, президент әкімшілігіне қарайтын ведомство қызметкерлері журналистерге жәбірленушілерден мыңдаған доллар ақша талап етті делінген блогер Олимжон Хайдаровтың видеосын көрсеткен.

Аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген редактор шенеуніктер өздерін ақтап алу үшін полициядан алынған тағы бірнеше видео көрсеткенін айтты.

Полицияның блогер Олимжон Хайдаровты ұстаған сәті.

29 шілдеде Азаттықтың Өзбек қызметі блогердің ағасы Салимжон Хайдаровпен сөйлесті. Оның айтуынша, інісі телефонда Ферғана облысының құқық қорғау органдары өзіне қарсы істі қолдан ұйымдастырып, жала жауып отырғанын айтқан.

— Кеше інім хабарласты. Бір минут ғана сөйлестік. “Маған жала жауып отыр. Досыммен сөйлесіп тұрғанымда келіп, қолымды қайырып, ақшаны алуға мәжбүрледі” деді, — дейді Салимжон Хайдаров.

Олимжон ағасына осыны ғана айтып үлгерген. Кейін адвокат блогердің өзін заңсыз ұстауға қарсы аштық жариялайтынын хабарлады.

ЖЫЛЫМЫҚ АЯҚТАЛДЫ МА?

Telegram мен Facebook-те 35000 оқырманы бар Олимжон Хайдаров бұрыннан биліктің қырына ілігіп жүрген.

Желтоқсанда блогерге “жалған ақпарат таратқаны үшін” 2 мың доллар айыппұл салынған. Бұған оның газ тапшылығынан қызметі тоқтап қалған Ферғанадағы зауыт жұмысшыларының наразылығын түсіруі себеп болған.

Берлиндегі “Адам құқықтары жөніндегі Өзбек форумы” үкіметтік емес ұйымы маусымда жариялаған “Өзбекстан: президенттің орындалмаған уәделері журналистер мен блогерлерге қауіп төндіріп отыр” деген есебінде 10 түрлі іске тоқталған. Оның ішінде Олимжон Хайдаровтың да ісі бар.

Баяндама авторлары 2016 жылы Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін сөз бостандығы саласында біраз оң өзгерістер болғанын мойындап, кейінгі екі жылда пікір білдіру, бейбіт жиын өткізу еркіндігі шектеле бастағанына назар аударады.

2021 жылы президентке тіл тигізген адамды бес жылға дейін бас бостандығынан айыратын заңнамалық өзгеріс енгізіліп, жаппай тәртіпсіздікке шақыру бабы бойынша жаза қатаңдады.

Валиджон Калонов — президентке тіл тигізгендерге қолданылатын бап бойынша жауапқа тартылған бірінші блогер. Ол жылдар бойы Мирзияевті сынап келген, 2021 жылы тіпті президенттің қайта сайлануына жол бермеу үшін наразылыққа шығуға шақырған.

Калоновтың ісін қараған судья блогердің психикалық жағдайы ауыр деп тапқан. 2021 жылы желтоқсанда өткен соттан бері Валиджон Жизақ облысындағы қатаң режимдегі психиатриялық ауруханада жатыр.

Өзбек блогерлеріне қарсы ең жиі қолданылатын баптардың бірі — ақша бопсалау.

Өзбек форумының директоры Умида Ниязова бұл кездейсоқ емес дейді.

— Белсенділер мен блогерлерге көбіне ақша бопсалау бабы бойынша айып тағылады. Сонда істе саяси астар жоқтай көрінеді, халық мұны кәдімгі қылмыстық іс деп қабылдайды. Екіншіден, ақша бопсалау бабы бойынша істерді қолдан құрастыру оңай. Заттай айғақтар қажет емес. Біреу блогер не белсендінің үстінен арыз жазса жеткілікті, — дейді Ниязова.

АЗАПТАУ КЕЗІНДЕ БІРНЕШЕ РЕТ ЕСІНЕН ТАНЫП ҚАЛҒАН

2021 жылы мамырда Youtube-та жемқорлыққа қарсы күресіп жүрген Отабек Сатторий алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл Өзбекстандағы сөз бостандығына ауыр соққы болды.

Өзбек блогері Отабек Саттори

Сатторийдің үйіне 20 полиция қызметкері басып кіріп, блогерді күшпен алып кеткен. Ұсталған азаматтың әкесі Абдуманон Сатторий ақпарат құралдарына берген сұхбатында ұлы Мирзияевтің сөзіне еріп, шенеуніктерді сынай бастағанын айтқан. Өзбекстан президенті журналистер мен блогерлерді биліктің кемшілігін әшкерелеуге шақырып, оларды қолдауға уәде берген еді.

Прокуратура Сатторий "әлеуметтік желідегі парақшасын жергілікті кәсіпкерлерді қаралауға пайдаланып, жала жауып, ақша бопсалаған" деп мәлімдеді.

Бұл тенденция әлі де жалғасып келеді.

Осы айдың басында Youtube-та 250 мың жазылушысы бар Koz’gu арнасының иесі Әбдіқадір Момынов 7 жыл 3 айға түрмеге жабылды. Үкіметті сынаушы блогерге ірі көлемде ақша бопсалау, ауыр салдармен аяқталған жеке өмірге қол сұғу баптары бойынша айып тағылды.

Блогер Әбдіқадір Момынов сот залында. Ташкент, 23 шілде 2023 жыл.

16 тамызда Момыновтың анасы Сахобат Абдуллаева ұлы азапталғанын айтты. Ташкент түрмесіндегі ұлын көруге барған ол ұсталар күні ұлына бір топ адам шабуыл жасап, аяқ-қолын байлап, белгісіз көлікке салып әкеткенін естіген.

— Азаптау кезінде бірнеше рет есінен танып қалған. Қабырғасы сынған, түрмеде тамағына белгісіз дәрі қосып берген, — дейді тұтқынның анасы.

Ішкі істер министрлігі бұл мәлімдемеге қатысты бірден пікір білдірген жоқ.

Мирзияев өзіне дейінгі президент Ислам Каримовтың тұсында көп қолданылған азаптауға қарсы екенін айтқан. Тіпті, сотқа азаптау көмегімен алынған айғақтарды негізге алуға тыйым салатын жарлық та шығарған.

Соған қарамастан мемлекет биліктің елдегі және шетелдегі сыншыларын қудалап отыр.

Өткен аптада ішкі істер министрлігі Түркияда жүрген блогер Санжар Икрамовты тұтқындауға ордер шығарды. Оның Youtube-тағы саяси арнасына 200 мың адам жазылған. Оған 2011 жылғы іс бойынша ақша бопсалады деген айып тағылып отыр.

"ҚАРА ТІЗІМ"

Бұл істердің саяси астары бар деген күдікке қарамастан, өзбек блогосферасының да өз кемшіліктері бар.

Соңғы кезде ұсталған блогерлердің ісіне қатысы пікір берген медиасарапшы Хайролла Қылышев тәуелсіз блогерлер мен журналистер көбіне бір-біріне қарсы қоғам қайраткерлері арасындағы саяси интригаларға қосылып кетеді дейді.

Киличев бұл мәселені шешу үшін блогерлер бірігуі керек деп есептейді. Сарапшы блогерлерді қорғау үшін құқықтық кеңестер дайындаған.

— Өкінішке қарай, әлеуметтік желідегі белсенділер арасында бірлік жоқ, — дейді Қылышев.

Сарапшы Өзбекстанда сөз бостандығы шектелуі мүмкін, билік блогерлердің қара тізімін жасап жатыр деп қауіптенеді.

— Блогер белсенді болған сайын, қоғамға қауіпті деп ойлайды.

Өзбек блогерлерінің көбінің тұрақты табысы жоқ.

Youtube-тағы 500 мың оқырманы бар Sirojiddin Media арнасының авторы Сирожидин Әділов өзбек блогерлер 2021 жылға дейін монетизациядан ақша тауып келгенін айтты.

2021 жылдың сәуірінен бастап монетизация тоқтап қалған. Кей бақылаушылардың пікірінше, бұған Youtube-тың Өзбекстаннан өкілдігін ашудан бас тартуы себеп болған.

— Қазір блогерлер жарнама сұрап келген адамдардан ақша алады. Яғни, біржақты жұмыс істейді. Бұрын YouTube арнасы барлар жақсы ақша табатын. Қазір блогерлер тиын-тебенге жұмыс істейді, — дейді Әділов.

Мирзияевтің билігі тұсында Өзбекстанның медиакеңістігін байытып, жаңа дүниелер әкелген тұлғалар ойыннан шығып жатыр.

Азаттықтың Өзбек қызметінің дерегінше, кейінгі айларда он шақты өзбек блогер қысым мен қоқан-лоқы салдарынан қызметін тоқтатқан.