Маусымның 6-сында өзбекстандық БАҚ Азимовтің қызметінен кетірілгені туралы ақпарат жариялады. Бұл кадрлік өзгеріс бұрынғы премьер-министр Шавкат Мирзияев президент болып сайланған соң алты ай өткенде жүзеге асты. Былтырғы қыркүйек айында елді ширек ғасырдан астам билеген Ислам Каримовтің дүние салғаны жариялана сала оның орнын басуға лайық кандидатуралар туралы көп талқылау болған. Мирзияев пен Азимов "мұрагерлер" ретінде және Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Рустам Иноятов "ықпалды тұлға" ретінде сипатталған.
Каримов дүние салған қыркүйектен президент сайлауы өткен желтоқсанның 4-іне дейін бұл үш адам да өз қызметтерінде қалып, Өзбекстанда "саяси тұрақтылық" бар екенін танытып баққан.
Желтоқсанның 14-інде Мирзияев президент қызметіне кірісіп, келесі күні-ақ Азимовті қаржы министрі қызметінен босатқан. Бірақ Азимов макроэкономикалық даму, құрылымдық реформа, шетелдік инвестиция, білім беру мен ғылым салаларына жауапты вице-премьер лауазымын сақтап қалған еді.
Биылғы қаңтарда Мирзияев Азимовті Өзбекстандағы банк төлем жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуіне қатысты сөккен. Ел тұрғындарына айлықтары, зейнетақылары және басқа да төлемақылар банк есеп-шоты арқылы аударылады. Мемлекеттік БАҚ бұл жүйенің кінәраты көп екенін, егде адамдардың жиі шағымданатынын хабарлаған. Өзбекстанның оңтүстігіндегі Денау қаласында наразылық акциясы өткен. Қоғамдық наразылық шараларына тыйым салынған елде мұндай митингінің өте қалуы да Азимовтің күні санаулы екенін байқатқан.
Мамырдың 29-ында өткен үкіметтің инвестиция бойынша отырысында Мирзияев елдегі "тиімсіз банк жүйесі мен банктерді" сынап, Түркиядан тартылады деп уәде етілген екі миллиард доллар қаржының қайда кеткенін шүйліге сұраған. Бұл ахуалға қатысты кінәні Мирзияев Азимовке аударған.
"Егер Азимов бұл мәселелерді Ташкентте отырып басынан аяғына дейін қадағаласа, ештеңе болмас еді" деген Мирзияев.
Президенттің сөзінен қала бюрократтарына деген жеккөрініш сезілген. Мирзияев премьер кезінде аймақтарды жиі аралайтын, фабрикалар мен фермаларға бас сұғып тұратын жетекші образын сомдаған.
Үкімет отырысынан соң Азимов Өзбекстанның қаржы қиындықтарына қатысты сөз ести беруден шаршағанын айтып, өз еркімен қызметінен кетуді өтінгені хабарланған. Жергілікті gazeta.uz вебсайтының жазуынша, Азимов экспорт және импорт сақтандырумен айналысатын "УзбекИнвест" мемлекеттік компаниясының басшысы болып тағайындалған.
Ұлттық банкті ұзақ басқарған Файзулла Мулладжонов мамырдың 23-інде дүние салған соң бұл қызмет бос тұр. Бірақ Мирзияевтің Азимовті Ұлттық банкке төраға ететін түрі жоқ.
Азимов 1998 жылдан бері Өзбекстан үкіметіндегі қаржы саласында қызмет атқарып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Азимов Ташкенттің атынан Еуропадағы қайта құру мен даму банкімен келіссөз жүргізген еді. Оның орнына жаңа қаржы министрі болып Джамшид Кучкаров тағайындалды.
(Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды)