Өзбекстанда қамауда жатқан қазақстандық туристер тобындағы балаларды Ташкент тек сенбі күні босатуға уәде беріп отыр. Ал ересек туристердің елге қашан қайтатыны әлі белгісіз.
Қазақстанның Өзбекстандағы уақытша сенімді өкілі Уәлихан Төрехановтың айтуынша, қазақстандық туристердің ішіндегі кәмелетке толмаған сегіз баланы өзбек билігі елге сенбі күні қайтарады.
«ӨЗБЕК БИЛІГІ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЖАСАДЫ»
Оның айтуынша, балалардың үстінен салынған айыппұл алынып тасталған. Бұл турасында ол жұма күні Тengrinews.kz агенттігіне хабарлаған.
- Ертең құжаттары дайын болысымен Астана уақытымен сағат он бірлер шамасында балаларды үйлеріне қайтаруды жоспарлап отырмыз, - дейді Уәлихан Төреханов.
Оның айтуынша, қамауда жатқан кезде балаларға өзбек полициясы барлық қажетті жағдайды жасаған. Ал бейсенбі күні оларға аналарымен кездесуіне мүмкіндік берген.
Өзбек жағы, әрине, оны олар жергілікті қойшылардың бірінен ұрлап алған деп ойлап қалған. Десе де, оларға тағылған екі айыпқа тағы да үшінші айыпты үстеп қойған жоқ.
- Балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Оларға ешқандай медициналық көмек қажет еместігіне және қажетті жағдай жасалғанына көзі жеткеннен кейін ата-аналары оларды үйіне қайтуын күтіп отыр, - дейді Уәлихан Төреханов.
Уәлихан Төрехановтың айтуынша, өзбек билігі көптеген мәселелер бойынша Қазақстанға ыңғайлы тұрғыда қадам жасап отыр.
- Олар (өзбек билігі - Азаттық) тіпті туристеріміздің қайдан алғаны белгісіз, қой етімен шекараны кесіп өткеніне де назар аударған жоқ. Өзбек жағы, әрине, оны олар жергілікті қойшылардың бірінен ұрлап алған деп ойлап қалған. Десе де, оларға тағылған екі айыпқа тағы да үшінші айыпты үстеп қойған жоқ, - дейді Уәлихан Төреханов.
Оның айтуынша, туристердің арасында қант диабетімен ауыратын Марс Садықовқа қажетті дәрі-дәрмек жеткізілген. Ол сөз арасында бұл азаматтардың тек айыппұлмен құтылатындығына үміттеніп отырғанын айтып өткен.
РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕ
Ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі болса Өзбекстан үкіметінен арнайы түсініктеме сұрап отыр. Олар бейсенбі күні кешкісін Өзбекстанның сыртқы істер министрлігіне вербальды нота жолдаған. Онда қазақ билігі өз елінің азаматтарына қатысты көрші мемлекеттің халықаралық келісім шарттарын орындамағаны турасында баяндайды.
«1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена Конвенциясының 36 бабының 1 тармағына сәйкес, мемлекеттің құзыретті органдарымен ұсталған, қамауға алынған, қайтыс болған және басқа да форс-мажорлық жағдайға қамауға түскен шетелдік азаматтар туралы ақпарат шұғыл түрде сол мемлекеттің диломатиялық мекемесіне жолдануы тиіс. Осыған орай, ҚР СІМ «аталған факт Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында мәңгілік достық туралы Келісімге сәйкес орнаған достық қарым-қатынастарға сай келмейді» деп жазылған құжатта.
Жұма күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров әзірге, өзбек тарапынан жауап келмегенін айтты. Ол бұл күні сонымен қатар Ташкентте жүрген үш туристің әйелдері күйеулерімен кездесетіндігін хабарлады.
Жұма күні Ташкент облысында ересектер қамауда жатқан Реабилитация орталығына хабарласқанымызда ондағы қызметкер ешқандай сұраққа жауап бермейтінін айтты. Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы шекара қызметі өкілдері де түсініктеме беруден бас тартты.
ШЕКАРАНЫ КІМ КЕСІП ӨТКЕНІ БЕЛГІСІЗ
Өзбек полициясы бұл азаматтарды «шекараны заңсыз кесті» және «елге заңсыз қару кіргізді» деп айыптап отырса, олардың таныстары бұған сенімсіздік танытады.
Қамауда жатқан альпинист, әрі жеке кәсіпкер Ербол Оразалиннің досы, Шымкент тұрғыны Алексей Гончаров «қазақ туристерінің нақты қай жерде ұсталғаны белгісіз болғандықтан» бұл жерде кімнің кінәлі екендігін анық айту қиын екенін айтады. Ол тіпті "өзбек шекарашылары шекараны өздері қиып өтуі ғажап емес" дейді.
Гончаров тегіс оқпанды мылтықпен ұсталған Ербол Оразалиннің бұрыннан аңшы екенін айтады.
Өзбек шекарашылары шекараны өздері қиып өтуі ғажап емес.
- Ербол Оразалинде қаруға қатысты барлық рұқсат қағаздар бар. Егер шынын айтатын болсақ, ол жыл сайын сол маңға барған кезде үнемі тау ешкісінің біреуін атып алатын. Таза ет жеу үшін. Бізде ондай ешкілер көп, - дейді ол.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы табиғаты әсем аймақтардың бірі - Майданталға шығамыз деп жоспарлаған 12 адамнан құралған қазақстандық саяхатшылар тобы шілденің 20-ы таудан түсулері керек еді. Бірақ олар хабар-ошарсыз кеткен болатын.
Оларды Өзбекстан шекарашыларының шілденің 14-інен бері ұстап отырғаны тек сәрсенбі шілденің 28-і күні анықталған.
12 туристің сегізі - кәмелетке толмаған жасөспірім, төртеуі – ересек азаматтар. Олардың үшеуінің аты-жөні белгілі. Бұлар - альпинизм бойынша спорт шебері Ербол Оразалин, альпинист Марс Садықов және бокс тренері Хардын Файзуллин.