Өзбек элитасының балалары Латвиядан үй алуға неге құмар?

Солдан оңға қарай: Гүлнара Каримова, Акбар Абдуллаев, Лола Каримованың суреттері.

Өзбекстан элитасының балалары Латвиядан жылжымайтын мүлік сатып алып, перзенттерінің сол жақта туғанын қалайды және парақорлық жолмен тапқан миллиондаған долларларын сақтау үшін Латвия банктерін пайдаланады.

1500 астам өзбек Латвияның дауға қалған «алтын виза» бағдарламасын пайдаланған, бұл визаны алуға қыруар қаржы керек болғандықтан, оның қызығын шектеулі топ өкілдері көріп отыр.

АҒАЙЫНДЫ ГАНИЕВТЕР

Facebook парақшасындағы суреттеріне қарағанда Өзбекстанның сыртқы сауда министрінің ұлы Азим Ганиев Ригада студент болған кезінде жаһанды жалпағынан басқан тәрізді. Балаң жүзді, қара көз студент достарымен бірге Еуропада тамақтанып, қыдырып жүрген суреттерін салған.

Ганиев Латвияның бизнес мектептерінің бірі Turiba University-де халықаралық туризм мамандығына оқыған. Бірақ ол оқуын сол беті бітірмеген, Turiba өкілдерінің Re:Baltica зерттеу ұйымы журналистеріне айтуынша, 2014 жылы ол оқудан шығып кеткен.

Азаттық тілшісі Ганиевтен Facebook арқылы «неге Риганы таңдадыңыз және ол жақтан неге кеттіңіз?» деп сұраған еді, бірақ жауап келмеді. Жаңартылған статусына қарап қазір оның Ташкентке оралғанын аңғаруға болады. Оның бауыры – Азиз Ганиев Балтық Халықаралық Академиясында (Baltic International Academy- BSA) «іскер басқарушы» мамандығын алу үшін Ригада оқып жатыр, бұл туралы BSA әкімшісі Re:Baltica ұйымына хабарлады.

Өзбекстан азаматтары студент алмасу бағдарламасы бойынша Латвияға келген шетелдік студенттер арасында саны жағынан 2-орында тұр. Олар - мұнда келген студенттердің 13,5 пайызы, яғни шамамен 900 студент. Латвия білім министрлігінің хабарлауынша, олардан тек Германия жастары ғана алда тұр.

Латвия білім беру бағдарламасын аймақта жақсы жарнамалап, танымал болды және Ұлыбритания сияқты елдермен салыстырғанда оқу бағасы мұнда әлдеқайда арзан. Оның сыртында, Латвия - Өзбекстанда елшілігі бар жалғыз Балтық мемлекеті.

Turiba ректорының орынбасары Имантс Бергстің айтуынша, студенттердің ЕО-ға кіру үшін виза алуына бұл - жақсы мүмкіндік. Латвияға қызығушылар тізімі ағайынды Ганиевтермен шектелмейді.

ЛАТВИЯНЫҢ ӨЗБЕКТЕРГЕ ІЛТИПАТЫНЫҢ СЫРЫ

1990-жылдардың ортасынан бері Латвия Өзбекстанмен дипломатиялық қарым-қатынасын жақсартып келеді. Дипломатиялық төлқұжаты барлар бұл елге визасыз барады. 2004 жылдан бері Uzbekistan Airways Ташкенттен Нью-Йоркке Рига арқылы ұшады, солайша Латвия бұл елдегі жалғыз трансатлантикалық авиамаршрут қызметіне қол жеткізді.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов. 2015 жыл.

Латвияның 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бергі бес президентінің үшеуі Өзбекстанға ресми сапармен келді, ал өзбек президенті Ислам Каримов Латвияға үш рет барды. Оның 2013 жылғы соңғы сапары кезінде өзбек құқық қорғаушылары бұл елдің дипломаттарынан «қазіргі заманның ең қатыгез диктаторларының біріне» Латвияның тәуелсіздік символы – Бостандық ескерткішіне гүл қойдырмауды сұрады.

Латвия белсенділер талабын қабылдамады, шамасы Өзбекстан мен НАТО арасындағы дәнекер рөлінен айрылғысы келмесе керек. Соның нәтижесінде НАТО әскерилері Өзбекстан арқылы Ауғанстанға өтті. Екі тарапты байланыстыратын басқа да салалар бар.

2010 жылы Латвия банктеріне қомақты қаржы салған немесе ірі сомаға жылжымайтын мүлік сатып алған адамдарға «алтын виза» ұсына бастады. Ол бойынша шетел азаматына Латвияда (Еуропа Одағын қоса алғанда) 5 жыл тұру мүмкіндігі беріледі. Қазір Өзбекстанның 1525 азаматы осы визаны алған. Иммиграция мәселелері жөніндегі кеңес статистикасы (PMLP) көрсеткендей, бұл жағынан Латвияда Өзбекстан алдында бұрынғы совет елдерінен Ресей мен Украина ғана тұр.

ГУЛНАРА КАРИМОВА

Басқа келушілер «алтын виза» иелері емес, бірақ резидент еместерге қызмет көрсететін банктермен ынтымақтасады. Мұндағы бірнеше банк ақшаның ізін жасыруға қатысты халықаралық дау-дамайға тартылды.

2008 жылғы қаржы дағдарысынан Латвияның ең ірі отандық банкі - Parex Banka қатты жапа шеккен кезде Гүлнара Каримова Латвияға бірнеше миллиондаған еуро (ЕО валютасы) депозиттерін сақтап қалу үшін барды.

Гүлнара Каримова. 2010 жыл.

Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова 2014 жылдан бері үйқамақта отыр, оған ірі халықаралық телекоммуникация компанияларынан жүздеген миллион доллар пара алды деген айып тағылды және ақшаның ізін жасырғанын Батыс елдерінің зерттеу қорлары анықтады. Өзбекстандағы қаржылық қылмыстарға да Каримованың қатысы бар.

АҚШ әділет министрлігіне берілген құжаттарда Каримованың парақорлықпен тапқан 446 миллион долларға жуық ақшаны Латвияның екі банкі - Aizkraukles Banka (қазір ABLV) мен Parex Banka-да (қазір Citadele деп аталды) сақтағаны көрсетілген. ABLV өкілдері тергеушілермен жұмыс істеп жатқанын айтып пікір білдіруден бас тартты.

Citadele сол кездегі заңға сай әрекет еткенін айтады. Шағымда 2004 және 2012 жылдар аралығында «Өзбекстанның жоғары лауазымды шенеунігінің жақын туысқаны» жалған компаниялардан 800 миллион доллардан астам пара алғаны айтылады.

Арыз түсірушілер 43 жасар Каримованы атамайды. Бұл оқиға Өзбекстан нарығына кірмек болған скандинавиялық және ресейлік телекоммуникация компанияларынан ақша бопсалауға байланысты басталған еді.

ЛОЛА КАРИМОВА МЕН АКБАР АБДУЛЛАЕВ

Лола Каримова (Тилляева) - Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың кіші қызы. Әпкесі сияқты емес, 37 жастағы Лоланы көпшілік біле бермейді. 2006 жылдың жазында ол екінші баласын Ригада босанды. Оның жағдайын тегі ауғандық кәсіпкер, ұзақ уақыт бойы Латвияда тұрып, азаматтық алған Гулам Гулами жасап берді.

Лола Каримова-Тилляева. Мартинс Упитис салған сурет.

Лола Каримова-Тилляева босанар алдында Юрмаладағы жаңа үйінің қасындағы теңіз жағалауында тұрған, Балтық теңізінің шипажайлы қаласында байыған адамдарға арналған балалар алаңы бар. Жерді тіркеу кітабына сүйенсек, үй Гуламидің әйелі Валентинаның атына, 2 миллион еуроға сатып алынған.

Каримова-Тилляеваның отбасы Hummer және BMW жол талғамайтын көлігімен жүреді, оларға ТТ (Тимур Тилляев деген күйеуінің аты-жөні) және 1LK деген тақта ілінген. 2006 жылдың жазында Каримова-Тилляева және оның отбасы Латвиядан кетті. Оның заңгері «Латвияда Каримова-Тилляеваның ешқандай іскерлік мүддесі жоқ екенін» айтады.

Бизнес тіркеу деректері бойынша, оның ері Euro West Invest деген компания құрған, бірақ ол жұмыс істемеген. Гүлнара мен Лоланың бөлесі Акбар Абдуллаев Латвияға Каримова-Тилляевамен қатар келді, оған жақын жерден қысы-жазы көк желекке бөленіп тұратын үлкен ауласы бар үй сатып алынды. Латвиядағы жерді тіркеу дерегі бойынша, сол кезде 23 жастағы Абдуллаев хауызымен қонақүйі бар үйге 1,4 миллион еуро төлеген.

Акбар Абдуллаевтың Юрмаладағы (Латвия) үйі.

Бір кездері Каримовтың мұрагері саналған Абдуллаевты Латвия тез баурап алды. Ол 200 мың еуроға Bentley көлігін сатып алды, 2011 жылы тіркеген кезде бұл көлік елдегі ең қымбат автомобиль саналды. Бір жылдан соң ол Даугава өзеніне жақын жердегі Риганың қымбат ауданынан пәтер сатып алды.

Ол пәтерден Латвияның көрнекті Ескі қаласы көрінеді. Бұл ақпараттар Жер кадастры кітабынан алынды. Абдуллаев пәтерін 2000-жылдардың ортасында кем дегенде 18 миллион еуроға сатып алынған екі қонақүйді басқаратын кеңсеге айналдырды.

Аталған қонақүйді ол Гулами отбасымен бірге алған, кейін ол тұтастай Гуламидің қармағына өтті.

Бұл оқиғаның мән-жайына үңілген сайын детектив роман оқығандай боласыз, заңгерлер шайқасы; алдап-арбау, ұрып-соғу туралы айыптаулар; судьяны сатып алу; адам өлтіруге әрекет жасау; офшорға қатысты күмәнді сот шешімі; тағы басқа шым-шытырық оқиғалар.

Қазір Юрмаладағы Абдуллаевтың үйін арамшөп басқан. 2015 жылы президенттік сайлауға дауыс беріп жатқанда Абдуллаев Ферғана алқабында ұйымдасқан қылмыстық топты басқарды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

ТИМУР КЕРИМОВ

Латвия арқылы ЕО-да тұру ықтиярхатын алғандардың бірі – Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Кодировтың күйеубаласы Тимур Керимов.

15 жыл бас прокурор қызметін атқарған Кодиров 2015 жылдың сәуірінде қызметтен алынып, осы елдің конституциялық сотындағы қызметке тағайындалды.

Латвия жер кадастрі деректері бойынша, Керимов 2010 жылы Рига орталығынан пәтер алған және ITIR Solutions пен IVT Solid Energy деген екі компания тіркеген, бірақ бұл компаниялар жұмыс істемеген. IVT Solid Energy 2013 жылы құрылып, бірнеше айдан соң кипрлік компанияға сатылған.

Uzbekistan Airways компаниясының ұшағы.

Керимов бірнеше жыл бойы Ригадағы Uzbekistan Airways аймақтық кеңсесін басқарды. Re:Baltica өкілдері оны сол жерден табуға тырысты, бірақ кеңседегі жалғыз қызметкер оның көрінбегеніне бір жыл болғанын айтты.

Латвиядағы Өзбекстан елшілігі кездесу туралы өтінішке жауап бермеді және Re:Baltica жіберген сауалдарды да елеусіз қалдырды. Латвиядағы өзбек қауымдастығының бірнеше өкілі Re:Baltica ұйымымен сөйлесуден бас тартты.

Инга Спрингенің мақаласы ағылшын тілінен аударылды. Мақаланы әзірлеуге Азаттықтың Өзбек қызметі де қатысты.