Үздік дәрігерлерді шет өңірлерге жібермек

Өзбекстан аймақтарындағы ауруханаларды басқаруға баратын ташкенттік білікті дәрігерлер тізімі.

Биыл шілденің 16-сы күні Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігінде өткен жиында премьер-министр Абдулла Арипов жақында Ташкенттегі республикалық емханалардың жетекшілері облыстық ауруханалардың бас дәрігері ретінде аймақтарға жіберілетінін мәлімдеген еді.

ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛҒАН БАС ДӘРІГЕРЛЕР

Мамандандырылған республикалық медициналық орталықтардың бірінде істейтін 32 жастағы аты-жөнін жариялағысы келмеген онколог денсаулық сақтау министрлігінің сол жиынына қатысқан. Оның айтуынша, «облыстық емханалардың ондаған тәжірибелі бас дәрігерлері қызметтерінен волюнтаристік жолмен, әділетсіз босатылған».

- Премьер-министрден облыстық емханалардың бас дәрігерлерінің ары қарайғы тағдыры туралы сұрадым, ол «қалаған жерлеріне барып жұмыс істесін» деді. Облыстық емханалардың көптеген бас дәрігерлерімен таныспын, олар өте тәжірибелі мамандар. Мансаптарының осылай аяқталғаны өте жаман, - дейді Азаттықтың Өзбек қызметіне сұхбат берген онколог.

ТАЛҚЫЛАНБАЙТЫН ШЕШІМ

Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкері Азаттықтың Өзбек қызметі (бұдан ары - Азаттық) тілшісімен әңгімелескенде «облыстық емханаларға баратын жоғары білікті астаналық мамандардың тізімі дайын» екенін айтты.

Тізім 34 бет. Денсаулық сақтау министрлігі қызметкері Азаттыққа тізімнің алғашқы үш бетін жіберді, онда профессорлық лауазымы бар, республикалық маңызды орталықтардағы жоғары білікті 52 маманның облыстық емханаларға бас дәрігер болып баратыны көрсетілген.

Мәселен, әлгі тізімге қарағанда, Республикалық онкология және радиология мамандандырылған ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығының химиотерапия бөлімінің жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Данияр Пулатов Хорезм облыстық онкология диспансерін басқаруға барады.

ДӘРІГЕРЛЕР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Тағайындау тізімімен танысқан соң Азаттық тілшісі Қарақалпақстанға жіберілгелі жатқан ташкенттік дәрігерлердің бірімен сөйлесті.

Аты-жөнін айтпауды сұраған дәрігер - онкология саласында сирек кездесетін жоғары білікті маман. Ол Ташкенттегі республикалық медициналық орталықтардың бірінде бөлім басшысы болып істейді. Маман өзінің жаңа қызметін «жер аудару» деп санайды.

Біріншіден, олар адам емдеуден алшақтап, шенеунікке айналады. Жоғары білікті медициналық қызметкер прораб, ауылшаруашылық жұмысшысының ісімен айналысуға мәжбүр болады, бағыныштыларын мақта жинауға жібереді және басқа да облыстық аурухананың шаруашылық істерімен шұғылданады, ақырында ол кәсіби дағдысын жоғалтады.

- Президенттің де, премьер-министрдің де медициналық қызметкерлермен өткізген кездесуіне қатыстым. Бірнеше жыл бойы республикалық деңгейдегі медициналық орталықтарда біліктілігін жетілдіріп, өз ісінің кәсіби маманына айналған қызметкерлерді алыс облыстарға жіберудің зияны болады. Біріншіден, олар адам емдеуден алшақтап, шенеунікке айналады. Жоғары білікті медициналық қызметкер прораб, ауылшаруашылық жұмысшысының ісімен айналысуға мәжбүр болады, бағыныштыларын мақта жинауға жібереді және басқа да облыстық аурухананың шаруашылық істерімен шұғылданады, ақырында ол кәсіби дағдысын жоғалтады. Ташкенттен кетіп, отбасыммен Қарақалпақстанға баратыным мені де күйзелтіп отыр, - деді әңгімелесуші.

ПАТРИОТ БОЛУҒА АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ

Азаттық тілшісіне Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі қызметкерінің айтуынша, «алыс аудандарға барудан бас тартқан ташкенттік дәрігерлер астана жағдайына үйренген, олар патриот екендерін көрсетпей отыр».

- Сондықтан облысқа жібермес бұрын олармен сөйлесеміз. Тренинг өткізу де жоспарда бар. Оларға жеңілдіктер жасауға тырысамыз, - деді шенеунік.

... ташкенттік дәрігерлер астана жағдайына үйренген, олар патриот екендерін көрсетпей отыр.

Ферғаналық құқық қорғаушы Абдусалом Ергашевтің айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі жобасы аясында Ферғанада тренинг өткізген топ маусымның 21-і күні жедел Ташкентке аттанған. Ергашевтің сөзінше, оларды жақында облыстық емханаларды басқаратын ташкенттік дәрігерлерге тренинг өткізуге алып кеткен.

Ферғана облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерінің айтуынша, шілденің 22-сі күні Ферғана облысындағы орталық ауруханалардың 13 бас дәрігерлері Ташкентке шақырылған. Ол облыстық емхана дәрігерлері астанаға жаңа басшыларға өкілеттіктерін өткізіп беру туралы арнайы бұйрықтан соң кеткенін айтады. Азаттық тілшісі Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігімен бірнеше рет хабарласуға тырысты, бірақ ол әрекетінен нәтиже шықпады.