Кеше түстен кейін Ташкенттегі бірсыпыра жанармай бекеттері бензин жоқтықтан жабылып қалды.
- Бензин жоқ болған соң жабылдық. Бензинді аз мөлшерде бергендіктен жетпей жатыр. Егер таңертең келсеңіз, алуыңыз мүмкін, - деді «Башлык» махалласындағы жанармай құю бекеті қызметкері Азаттықтың Өзбек қызметімен тілшісіне телефонмен сөйлескен кезде.
Ташкенттік көлік жүргізушілер бензин тапшылығына "ортада делдал болып жүргендердің себепші" екенін айтады.
- Таңертең жанармай құю бекеттерінде әр жүргізушіге 10 литр бензин сатылады. Бірақ оны делдалдар сатып алғандықтан басқаларға ештеңе қалмай отыр, - деді ташкенттік жүргізушілердің бірі Азаттыққа.
Азаттықтың Өзбек қызметінің дерек көзіне сілтей отырып хабарлауынша, бензинге кезекте тұрғандардың көпшілігі - делдалдар.
«Узнефтмахсулот» компаниясы өкілдері мен өзбек билігі Ташкенттегі бензин тапшылығының себебін жанармайды аса көп мөлшерде сатып алып, кейін жүргізушілерге сатып отырған делдалдардан іздейді. Осы компанияның аты-жөнін көрсетпеуді сұраған қызметкерлерінің бірі Азаттыққа Ташкентте бензиннің жеткілікті екенін айтты.
- Бензин жуық арада қымбаттап кетуі мүмкін деген дақпырт тарағалы жұрт жанармайды көптеп сатып ала бастады. Сол себепті жанармай құю бекеттерінде бензин тапшылығы байқалады. Шындығына келгенде бензин Ташкентке қажет мөлшерден әлдеқайда артық бөлінеді, - деді «Узнефтмахсулот» компаниясының өкілі.
Әлеуметтік желілерде өзбек астанасындағы басқа да жанармай құю стансаларындағы ұзын-сонар көлік кезегі түсірілген видеолар тарап жатыр.
Бұған дейін Ташкентте бір литрі 2050 сом ( 34 АҚШ центі) болған Аи-91 маркалы бензині 3700 сомға (61 АҚШ центі шамасында) сатыла бастағаны хабарланған.
Соңғы жылдары Өзбекстанда күз кезінде жанармайдың жетіспеушілігі әдеттегі жайтқа айналған.
- Бұл - күн сайын болып тұратын жайт. Бірақ бүгін бұрын-соңды болмаған кезек байқалады. Барлық жанармай бекеттерінде көп кезек бар. Соның салдарынан қала көшелерінде көлік кептелісі көбейді. UzGazOil өкілі бензиннің бәріне жететінін айтты, бірақ оның жетіп жатқан ештемесі жоқ, - дейді Ташкенттегі көлік жүргізушілердің бірі.
Өзбекстанда мұнайдың ірі қоры болса да, елдің табиғи ресурстары ішкі қажеттілікті қамтамасыз ететіндей көлемдегі бензин өндіруге жетпейді.
Сарапшылардың есебінше, Өзбекстан тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру үшін жыл сайын шетелден 4 миллион тонна бензин сатып алуға мәжбүр болады. Елге сырттан бензин әкелу құқығын тек «Узнефтмахсулот» компаниясы иеленген. Өзбекстанда жеке меншік кәсіпорындарға бензин сатуға рұқсат етілмеген.
Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласын аударған - Сәния Тойкен.