Өзбекстан ішкі істер министрлігіне (ІІМ) қарасты көші-қон және азаматтықты рәсімдеу басқармасының дерегінше, азаматтардың ескі үлгідегі төлқұжаттары 2016 жылдың 1 қаңтарынан бері шетелде мүлде жарамсыз деп танылады. Өзбекстанның шетелде жүрген азаматтарына «ескі» төлқұжатты елге оралу үшін ғана пайдалануға рұқсат етілген.
– Бұл тәртіп Өзбекстанның халықаралық азаматтық авиация ұйымына мүше болуына байланысты туған жағдайды реттеу үшін енгізілді. Өйткені жаңа үлгідегі төлқұжатты белгіленген мерзімде алып үлгермеген әрі сыртта жүрген азаматтар өте көп. Оларға ескі үлгідегі төлқұжатымен елге оралуға 12 ақпаннан бастап рұқсат етілді, - деді басқарма маманы Озодликке (Азаттықтың Өзбек қызметі).
Оның айтуынша, бұл тәртіп қолында жарамдылық мерзімі әлі бітпеген биометрикалық емес төлқұжаты бар азаматтарға қатысты ғана қолданылады.
– Егер Өзбекстан азаматының биометрикалық емес төлқұжатының жарамдылық мерзімі әлі бітпесе, оны елге оралу үшін пайдалануына болады. Ол ескі паспортын Өзбекстанға үшінші ел арқылы транзитпен оралу үшін де пайдалана алады. Бұл өзгерістер жайлы әлем елдерінің бәріне хабарланды, - дейді Өзбекстан ІІМ көші-қон және азаматтықты рәсімдеу басқармасы маманы.
Оның айтуынша, шетелде жүрген Өзбекстан азаматы ескі үлгідегі төлқұжатын өзге мақсатта пайдалана алмайды.
– Шетелде Өзбекстан азаматтарының ескі паспорттары жарамдылық мерзімі өтіп кеткен құжат деп саналады. Биылғы 1 қаңтардан бері оларды елге оралудан өзге мақсатта пайдалану мүмкін емес. Ескі үлгідегі паспорт Өзбекстанның өз ішінде ғана 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін жарамды болып есептеледі. Оған дейін азаматтар өз төлқұжаттарын биометрикалық паспортқа ауыстыруы тиіс, - дейді басқарма маманы.
12 ақпанда Өзбекстан сыртқы істер министрлігі шетелде жүрген азаматтарға ескі үлгідегі төлқұжатымен елге оралуға рұқсат еткеннен кейін өзге елдердегі Өзбекстан елшіліктері жанындағы «Елге оралу сертификатын» алу үшін жиналғандардың ұзақ-сонар кезектері жоғалды.
Бірақ өзбекстандық мигранттардың көбі «Сертификат» беруді тоқтату ескі үлгідегі төлқұжатты түрлі мақсатта пайдалануға құқық береді деп ойлайды. Мысалы, Азаттықтың Өзбек қызметіне Ресейдегі өзбекстандық еңбек мигранттарынан «Ресейдің мемлекеттік органдары жұмысқа тұруға рұқсат беретін патент немесе өзге құжаттар рәсімдеу үшін төлқұжаттарымызды қабылдамайды» деген шағымдар түсіп жатыр.
Ал Өзбекстан ІІМ көші-қон және азаматтықты рәсімдеу басқармасы маманы Азаттыққа «өзбекстандық мигранттардың бұл шағымы орынсыз» деп мәлімдейді.
Азаттыққа белгілі болғандай, биометрикалық емес төлқұжатқа қатысты енгізілген өзгерістен толық хабары жоқ өзбекстандық еңбек мигранттарының көбі қиын жағдайға тап болған.
Азаттыққа өзбекстандық еңбек мигранттарын елге биылғы жылдың 1-шілдесіне дейін оралуға шақырып жүрген «қамқоршылар» бар екені белгілі болды. Азаттық тілшілеріне Мәскеудегі «Мигранттар үйі» ұйымы жетекшісі Александр Калининнің әлеуметтік желіде жарияланған видеоролигін табудың сәті түсті. Ол видеоүндеуінде Өзбекстанға 1 шілдеге дейін оралмаса, өзбекстандық еңбек мигранты азаматтығынан айырылуы мүмкін деп мәлімдейді.
Бірақ Өзбекстан ІІМ көші-қон және азаматтықты рәсімдеу басқармасы маманы шетелдегі еңбек мигранттары биылғы 1 шілдеге дейін елге оралсын деген ешқандай нұсқау жоғын айтады. Оның сөзінше, өзге елдерде жарамдылық мерзімі өтпеген ескі үлгідегі төлқұжатпен жүрген Өзбекстан азаматтары елге 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін орала алады.
Озодлик тілшісі «Мигранттар үйі» ұйымы жетекшісі Александр Калининге телефон соғып, негізсіз ақпаратты қандай себеппен таратып жүргенін түсіндіруін сұрады. Бірақ Калинин мырза сұраққа қатысты комментарий беруден бас тартты.
Ертеректе Өзбекстан билігі 2011 жылы басталған азаматтарды биометрикалық төлқұжатқа көшіру процесі 2015 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс деп хабарлаған.
Бірақ өзбекстандықтардың көбі ескі үлгідегі паспортын биометрикалық төлқұжатқа ауыстырып үлгермегендіктен, билік төлқұжатты ауыстыру мерзімін 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін созуға мәжбүр болған.