Батыс Қазақстан облысындағы төтенше жағдай: Ресей су жібергеннен кейін қауіп күшейе түсті

Батыс Қазақстан облысындағы Шаған өзені арнасынан асып, су жайылды. Орал қаласы, 1 сәуір, 2024 жыл.

Қазақстанда биыл көктемде тасқын қаупі төніп, төтенше жағдай режимін жариялаған алғашқы аймақ – Батыс Қазақстан облысы. Орал қаласы маңындағы ауылдар мен саяжай алабының халқы қауіпті аймақтан көшірілді. Адамдар тек құжаттары мен азын-аулақ киімін ғана алып үлгерген. Ал үйлері түгелдей дерлік су астында қалды. Бірақ таяу арада су деңгейі тағы көтерілуі мүмкін. Өйткені Ресей Орынбор облысындағы Ирикла (Ирекле) су қоймасынан артық суды ағыза бастаған.

ЭВАКУАЦИЯ

Орал қаласы Деркөл ауылындағы "Орал" спорт орталығында ешқандай іс-шара өтпегеніне бір аптаға жуықтады. Аймақта су тасығалы бері бұл орталық эвакуация пунктіне айналған.

Залдың ортасына қатар-қатар етіп қойылған жиналмалы төсектердің әрқайсының үстінен ұқыптап жиналған көрпе-жастық, жайма мен жамылғы көзге түседі. Бұрыштағы үстелдердің үстінде ауыз су да бар. Залдың жартысына спорт матрастары төселген. Ол жерде балаларға ойын алаңына ыңғайлап жасаған секілді.

Арман Мұқанов

Арман Мұқанов – спорт орталығын паналап отырғандардың бірі. Бес баланың әкесі Арман Үміткер саяжайында тұрады. Саяжай маңындағы Деркөл өзені арнасынан тасып, үйі жартылай су астында қалған соң Арман үш күн бұрын осы орталыққа уақытша орналасқан.

– Міне, өзіммен сөмкемді ғана алып үлгердім. Ішінде құжаттарым мен азын-аулақ киімім бар. Заттарымызды да жинап үлгермедік. Үйімізді су басады деп ойлаған жоқпыз, – дейді Арман. – Жер алып, үй салып бастағанда, ол жерде 2011 жылы су тасып, жұртты әбігерге салғанын айтқан. Бірақ одан кейін тасқын болмапты. Тіпті, былтыр да адамдарды эвакуациялаған. Бірақ ол кезде үйлерді су алмаған еді.

Арман Мұқанов жергілікті билік өкілдеріне ризашылық білдірді. Ғимарат іші құрғақ, жылы және күніне үш мезгіл тамақ береді. Орталықты паналаған адамдардың ас-ауқатын Орал қоғамдық тамақтандыру орындарының бірі дайындап отыр. Қазір ораза кезінде ауыз бекіткендердің де жағдайын жасаған дейді Арман.

Деркөл ауылындағы эвакуация орталығын паналап отырған адамдар. БҚО, Орал, 1 сәуір, 2024 жыл.

Севиля Құспанова эвакуация пунктіне Ягодка саяжайынан келіпті. Бір кездері саяжай болған жерді қазір адамдар тұрақты мекенге айналдырған. Ягодкада үйлер ойпаң жерде орналасқандықтан тасқын тұтқиылдан болды дейді Севиля.

– Бізге "эвакуация болады, жиналыңыздар" деп алдын ала ескертті. Бірақ бұрындары да солай көшіретін. Бұл жолы мұнша қауіпті болады деп ойламадық. Көршімнің ауласын су алғанын көрдім. Тек сонда ғана ол жерден кету керегін түсіндім, – дейді Севиля.

Эвакуация пунктіндегі өзге адамдар секілді Севиля да құжаттары мен біраз киімін ғана алыпты. Қазір үйін толық су басып қалған.

Севиля Құспанова

Севиля орталыққа жиналған өзі секілді адамдармен бірге ертеңгі күніміз қалай болар екен деп уайымдайды.

– Мұндағылар бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Басқа түскен ауыртпалық әркімнің жанын жеп жатқанын түсініп, жылап та аламыз, – дейді Севиля.

Деркөлдегі эвакуация пункті әзірге 200 адамға шақталған. Бірақ жатын орын санын көбейтуге тура келетін сияқты. Әкімдіктегілер "тасқын күшеюі мүмкін" деп отыр.

ЖОҒАРЫ ЖАҚТАН СУ ЖІБЕРІП ЖАТЫР

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев 1 сәуірде облыс аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялады. Тасыған судың қарқыны күннен-күнге күшейіп барады. Өңірдегі барлық су қоймасына қауіп төніп отыр. Жайық өзеніне көршілес Ресейдің Орынбор облысындағы Иракла (Ирекле) су қоймасынан артық суды ағыза бастауы жағдайды одан әрі ушықтырып барады.

"Бастауын Ресей Федерациясы аумағынан алатын бес трансшекаралық өзен суының деңгейі көтеріліп келеді. Соның салдарынан Жаңақала мен Қазталов аударындағы Қараөзен мен Сарыөзенде (БҚО аумағындағы – авт.) су деңгейі көтеріледі. Шаған мен Деркөлге де қауіп төнді. Жайық өзенінің деңгейі көтерілді", – деп жазылған 2 сәуірде БҚО әкімдігі ТЖ режимі енгізілгені жөнінде таратқан баспасөз хабарламасында.

Батыс Қазақстан облысының Сырым, Қаратөбе, Бөрілі мен Теректі сияқты кей аудандары мен облыс орталығы Оралда төтенше жағдай бұдан бір апта бұрын жарияланған. Кейінірек қала маңындағы саяжайлар халқын көшіре бастады.

Батыс Қазақстан облысындағы Шаған өзені арнасынан асып, су жайылды. Орал қаласы, 1 сәуір, 2024 жыл. Азаттыққа қала тұрғындары берген фото.

Шыңғырлау, Жақсыбай, Өлеңті, Бұлдырты өзендері тасығаннан кейін Батыс Қазақстан облысының төрт ауданына қарасты тоғыз ауылды толығымен су алды. Жергілікті биліктің есебінше, 515 тұрғын үй зардап шеккен. Қала маңындағы Подстепное мен Теректі ауылдарындағы үйлерді де су басып қалды.

Қазір билік қауіпті аймақтан 4525 адамды (оның 1700-і – балалар) көшірді. ТЖМ қызметкерлері мен еріктілер малды аман алып қалуға тырысып жатыр. Жергілікті әкімдіктер 1425-ке жуық ірі қара, 2004 бас ұсақ мал және 33 бас жылқы қауіпсіз жерге шығарылды деп отыр.

СӨГІС ПЕН БЕЛСЕНДІЛІК

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев облыс орталығы маңындағы тасқынға байланысты Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановқа 27 наурызда сөгіс жариялады. Үш күннен соң президент Қасым Жомарт Тоқаев Нариман Төреғалиевтің өзіне "қызмет міндетіне сай емессің" деп ескерту жасады.

Мұндай сөгіс-ескертулер әкімдердің жұмысына қаншалықты қамшы болғаны белгісіз. Есесіне, тасқын қаупі күшейіп бара жатқаны айқын байқалып отыр. Туған өңіріне барған мәжіліс депутаты Абзал Құспан да қазіргі жағдайды көрді. Ол Оралдағы Шаған өзенінің жағасында тұрып, облыс орталығын кесіп өтетін үш өзенде мұз сеңі қатып тұрғанын айтып берді. Депутат Ирикла су қоймасынан жіберілген су қалаға демде жетеді, сол кезде өңірдегі басты өзен – Жайықтың деңгейі қаншалықты көтерілетіні белгілі болады дейді.

Деркөл ауылындағы эвакуация орталығындағы адамдар. БҚО, Орал қаласы, 1 сәуір, 2024 жыл.

Ресейлік "Урал 56" басылымы жергілікті билік Ирикла су қоймасына "өте көп келіп жатқан" артық суды ағызу туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

"Ирикла су қоймасынан ағып шығатын судың көлемі секундына 90 текше метрден 390 текше метрге дейін көбейтілді", – деп жазды басылым.

Ирикла су қоймасы басқармасының сайтында 1 сәуір күні 90 мың текше метр су жіберілгені айтылған.

"Қазгидромет" мекемесінің 2 сәуірге қараған түндегі мәліметіне сүйенсек, Жайық өзенінің екі бекетінде (Январцево мен Орал ауылында) су деңгейі 141 және 117 сантиметрге артып, бір метрден артық көтерілген. Гидролог мамандардың күндізгі өлшемі су деңгейі одан ары көтеріліп бара жатқанын көрсеткен.

Қазір Қазақстанның бес облысында тасқын салдарынан жағдай ушығып отыр. "Қазгидромет" өңірдегі әкімдіктерге тасқын қаупі барын алдын ала ескерткенін айтады.

"БҚО, ШҚО, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды мен Абай облыстарында су тасқыны болатыны жайлы былтырғы желтоқсан айынан дабыл қаға бастадық. Бұл ақпарат әкімдіктерге де жіберілді. "Қазгидромет" қолынан келгенше болжам жасап, тиісті ақпаратты берді", – деді "Қазгидромет" РМК-ның бас директоры Данара Әлімбаева.

Ал Арман мен эвакуация пунктін паналап отырған басқа да адамдарды өздеріне нақты қандай көмек болады деген сауал мазалайды. Осының алдында президент Тоқаев елде болып жатқан тасқыннан жапа шеккен адамдарға жедел көмек көрсетуді тапсырған. Арман бұл туралы жергілікті шенеуніктерден сұрастырып та көрді. Бірақ әзірге ешқандай нақты бағдарлама жоқ.

– Техникаларымыз жарамсыз болып қалды, жиһаздар да бүлінді. Еден жарылып кетті. Бәрін ауыстыруға тура келеді. Үйді құрғату қажет. Бұрын-соңды ешқашан мұндай тасқын болмаған. Тіпті, не істерімді де білмей отырмын, – дейді Арман уайымдап.

Саяжай алабында тұратын басқа адамдармен бірге Арман да су басқан үйін күнде барып көреді. Ол су кірген үйдегі іске жарайтын азын-аулақ заттарды суық қолдылар ұрлап кете ме деп қорқады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Көктемде су көп, жазда су жоқ. Қазақстанды тасқын мен қуаңшылықтан құтқаратын технология бар ма?Жылда болатын тасқынның кезекті әлегі. Елден кешірім сұраған билік бизнеске алақан жайдыҚазақстанның он облысын су басты. Дайындық "шартты түрде" болғанын премьер де мойындады