"Хорасан уәлаяты" – "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының бөлімшесі. Олар 26 тамызда Кабул әуежайындағы жарылысты ғана емес, ауған азаматтарына қарсы ең ірі шабуылдарды да ұйымдастырған. Мәселен, 2020 жылы Кабулдағы перзентханаға шабуыл жасап, 16 әйел, екі бала мен жеті азаматты өлтірген. Бұл топ өздері күпір санайтын, Ауғанстандағы саны аз шиит хазарилеге де жиі шабуылдайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кабул әуежайы маңындағы "бірнеше жойқын жарылыстан" 170 адам қаза таптыӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚАУІПТІ ТОП
"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына кіретін "Хорасан" тобы 2015 жылы құрылған. Оған көбіне Ауғанстан мен Пәкістан азаматтары, "Талибан" қашқындары кіреді. Топ Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Орталық Азия жерін қамтыған ежелгі аймақ атымен аталған. Аз уақыттың ішінде жауыздығымен танылған топ аймақтағы басқа да қозғалыс мүшелерін, әсіресе, "Өзбекстан ислам қозғалысы" өкілдерін өзіне тартқан.
2016 жылы қаңтарда АҚШ мемлекеттік департаменті "Хорасан" тобын "шетелдік лаңкестік ұйым" деп таныды. Құрылғанына үш жыл болғанда "Хорасан" тобы Экономика және бейбітшілік институтының жаһандық лаңкестік индексінде әлемдегі ең қауіпті төрт топтың қатарына кірді.
АҚШ "Хорасан" тобына қарсы көп жыл бойы әскери науқан жүргізіп, бірнеше басшысының көзін жойды. 2017 жылы АҚШ әскері "Хорасан уәлаятының" Ауғанстанның шығысындағы кешеніне бомба тастады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кабул тәліптер қолында, Қазақстан неге дайын болуы керек?АҚШ ресми өкілдерінің сөзінше, "Хорасан" тобының 3 мыңнан астам мүшесі бар. БҰҰ-ның маусым айында жариялаған баяндамасында осы топтың Ауғанстанның Кунар және Нангархар уәлаяттарында шамамен 1500-2200 содыры бары айтылады.
Баяндама авторлары топ мүшелері бөлініп, мемлекеттің әр бұрышына шашырап кетуге мәжбүр болған дейді.
"ХОРАСАННЫҢ" ҚАЙТА КҮШ АЛУЫ
Жуырда АҚШ лауазымды тұлғалары мен басқа да сарапшылар "Хорасан" тобы Ауғанстандағы орнын нығайту үшін елде тұрақсыздық орнатуы мүмкін деп ескерткен. 26 маусымда АҚШ президенті Джо Байден мен оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан "Хорасан" тобынан үлкен қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді.
Кейінгі айларда "Хорасан" тобы жерінен айырылып, бірқатар проблемаға тап болғаны хабарланды. Террорлық ұйымдарды зерттеушілер "Хорасан" бір жыл бойы қайта күшейе бастағанын байқаған.
БҰҰ 2020 жылы маусымда жариялаған баяндамасында "Хорасан" тобының Шахаб әл-Мухажир есімді жаңа лидердің тұсында "белсенді әрі қауіпті" екенін, "Талибаннан" қашқан содырлар мен басқа да адамдарды қатарына қосуға тырысып жатқанын жазған.
– Биыл маусым айында былтырғы осы уақытпен салыстырғанда топ 19 есе көп шабуыл жасаған, – деді Азаттық радиосына Халықаралық радикализмді зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Чарли Уинтер. – Қауіпсіздік әлсіреп, басшылық өзгергендіктен, мақсат қою параметрі кеңейгендіктен олар осылай істей алды.
Уинтер "Талибан" қозғалысының Кабулды соғыссыз алуы "Хорасан" тобының 26 тамыздағы жарылысқа алып келген жаңа кезеңіне бастау болғанын айтады.
– Кабул тәліптердің бақылауына өткенде, ["Хорасан"] осы шабуылды жоспарлау үшін ештеңе істемеген, – дейді сарапшы.
Ауғанстан мен Пәкістандағы жиһад топтары жөніндегі сарапшы Абдул Сайед 2020 жылғы ақпанда Twitter-де "Хорасан" тобының "жаңа түрге" көшіп, одан да қауіпті болатыны туралы бірнеше жазба жариялады.
"Біріншіден, ["Хорасан"] АҚШ-Талибан келісімінен кейін АҚШ әскері елден кеткен соң Кабулды тәліптер басып алатынын күтіп, ұзақ соғысты жоспарлады. Нангахар мен Кунарда олардың жаңа науқан үшін адам жинап жатқанын көрдім" деп жазды Сайед Twitter-де Кабул әуежайы маңындағы жарылыстан соң.
Оның сөзінше, 2020 жылы "Хорасан" тобының лидері Шахаб әл-Мужахир "Талибанға", Ауғанстан үкіметіне қарсы террор науқанын бастағанын жарялаған.
"ХОРАСАН" – ТӘЛІПТЕРДІҢ ЖАУЫ
Сарапшы Чарли Уинтер Кабул әуежайы маңындағы жанкештінің мақсаты тәліптер өздері уәде еткен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтынын көрсету болған дейді. Жарылыс салдарынан 100-ден астам адам, оның ішінде 13 АҚШ сарбазы қаза тапты. Оның пікірінше, топ АҚШ-ты Ауғанстандағы әрекетін кеңейтуге итермелеуге тырысады.
– Стратегиялық тұрғыда топ "Талибанға" да, Ауғанстан азаматтары мен АҚШ әскери қызметкерлеріне де бағытталып, оларды өлтірді. "Талибан" Ауғанстандағы билігін нығайтуға тырысып жатқанда ["Хорасан"] олардың жолын кесу үшін бәрін істейді, – дейді Уинтер.
Ол мұндай шабуылдардың жергілікті деңгейде "Хорасан" тобына, ал әлемдік деңгейде "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына "пайдасы тиетінін" айтады.
– Олар Ауғанстанды халифаттың жаңа орталығы қылуды көздемейді, өз ниетін, топтың бар екенін және ешкімге бағынбайтынын көрсетіп, болашақ шабуылдардың негізін қалап жатыр, – дейді Уинтер.
Қазір Ауғанстанның көп бөлігін бақылауға алған "Талибан" қозғалысы 26 тамыздағы шабуылды сынға алды. Тәліптер Батыс әскері елден кетіп жатқанда кішігірім әскери қақтығыстарға тап болған еді.
27 тамызда "Талибан" қозғалысының баспасөз хатшысы Забиулла Муджахидтің Азаттық радиосы Ауған қызметіне берген сұхбатынан "Хорасаннан" төнген қауіпті кішірейткені байқалады.
– Ирак пен Сириядағы ИМ Ауғанстанда жоқ. Мұнда [Ирак мен Сириядағы ИМ экстремистік тобы] идеясын алғандар немесе өзін солардың ізбасары санайтындар бар. Олар Ауғанстанда расымен ислам үкіметі орнағанын, елде қауіпсіздік барын, шетел күштерінің жоғын түсінетініне сенімдіміз. Олардың бүлігі мен әрекеті еш ақтауға болмайды, – деді "Талибан" өкілі.
Десе де, Ауғанстанда қауіпсіздік орнағанына дәлел аз. Мемлекетте кек алу мақсатында кісі өлтіру туралы хабарламалар шығып жатыр. БҰҰ мен құқық қорғаушылар өткен айда тәліптер аумақты басып алғаннан кейін әскери қылмыс пен басқа да айуандық көбейе беретінін ескертті.
АҚШ президент Джо Байден "Ислам мемлекеті" экстремистік тобынан кек алып, әуежайдағы шабуыл үшін "сазайын тартқызуға" уәде берді. 26 тамызда Байден АҚШ әскери басшыларына "Хорасан" тобының жетекшілігіне, нысандарына, активтеріне шабуыл жасау үшін жылдам жоспар әзірлеуді тапсырғанын айтты.
АҚШ орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бұрынғы директоры, Барак Обама президент болған тұста қорғаныс министрі қызметін атқарған Леон Панетта Байденнің уәдесі "ИМ-ді құрту үшін Ауғанстанға оралуымызға тура келеді" дегенге саяды дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Көкпен де, жермен де қашты". Ауғанстандағы ахуалдың көршілеріне әсері