Иранның ұшақ апатын мойнына алуы халықты шеруге шығарды

Your browser doesn’t support HTML5

"Хаменеи - кісі өлтіруші!" Иран жұрты аятолланың биліктен кеткенін талап етті

Иран Тегеран маңына құлаған украиналық жолаушылар ұшағының жауапкершілігін мойнына алғаннан кейін қалаларда халық көшеге шығып, билікке қарсы ұрандады.

Сенбі, 11 қаңтарда Иран қарулы күштерінің бас штабы Тегеран түбінде болған әуе апатын мойнына алып, мәлімдеме жариялады. Осыдан кейін әлеуметтік желіде ұшақ апатынан қаза болған студенттерді еске алу шарасына жиналу туралы және бейбіт наразылық шарасына шақырған хабарламалар тарады. Студенттердің жиналу орыны ретінде жоғары оқу орындары белгіленген.

АГЕНТТІК НАРАЗЫЛЫҚ РЕПОРТАЖЫН НЕГЕ ӨЗГЕРТТІ?

Ұшақ апатынан опат болған студенттердің ішінде көбі Шәриф технологиялық университеті мен Тегеран университетінің студенттері болатын. Әуелде cтуденттер қаза болғандардың суретін іліп, майшам жағып, шара өткізген. Осы сәтте университет қалашығының маңына адамдар көптеп жинала бастаған.

Ирандағы наразылық. 11 қаңтар 2020 жыл.

Желіде тараған мәліметтерге қарағанда, қараңғы түсе қауіпсіздік күштерінің жиналғандар арасына мотоциклмен келуінен кейін билікке қарсы ұрандар айтылып, халық шоғыры молая түскен. Қазір Шәриф университеті мен Әмир Кәбир технологиялық университеті маңынан түсірілген наразылық шарасының видеолары әлеуметтік желіде тарап жатыр.

Бұрын-соңды кездеспеген оқиға - Иранның ресми IrNA ақпарат агенттігі де наразылық туралы хабар таратты. Онда Шәриф, Әмир Кәбир және Тегеран университеті студенттерінің курстастарын еске алу рәсіміне жиналғандары және оқиғаның соңы ұшақ апатының кеш хабарлануына қарсы шеруге ұласқаны айтылған. Агенттіктің хабарлауынша, әуелде Әмир Кәбир университетіне жиналғандар Вәли Аср алаңына беталғанда, оған жолдан бірнеше көшеден адамдар қосылып, шерушілер қарасы көбейген. Агенттік шеруге жиналғандардың саны туралы дерек келтірмегенімен, Әмир Кәбир университетінде полицияның оларды таратқаны жайлы хабарлаған.

Бір қызығы агенттік осы ақпарат шықпай тұрып жариялаған фоторепортажын сайтынан лезде алып тастады. Агенттік әуелде «Шәриф университеті қарсысындағы халық жиыны» деген тақырыппен фотогалерея жариялаған. Материалдың кіріспесінде «Тегеран тұрғындарынан жүздеген адам бір топ отандастың мерт болуына әкеліп соқтырған украиналық ұшақтың құлау себебінің кеш жариялануына наразылық білдіріп, Шәриф университетінің қарсысына жиналды. Абдолла Хейдари мен Сара Сұлтаниеқызының суреттері» делінген. Алайда бірнеше сағат өткенде «Шәриф университеті студенттері әуе апатында қаза болған курстастарын еске алды» деген тақырыппен басқа автордың түсірген суреттерінен фоторепортаж жарияланып, алғашқы нұсқа ашылмай қалды.

IrNA ақпарат агенттігінің сайттан алып тастаған фоторепортажының скриншоты.

Алғашқы нұсқада ұран жазылған плакат көтеріп тұрған адамдар, наразылық кезіндегі әрекеттер мен ондағы адамдардың қарасы көп екендігі байқалса, соңғы нұсқада ұран көтерген адамдар жоқ, адамдар шоғыры да аз көрінеді. Әуелгі фоторепортажда «Өтірікке – тыйым» деген жазуы бар плакат ұстағандардың суреті бар еді.

Наразылық шарасының алғашқы күні Тегеран, Исфахан, Хамадан, Рашт, Сари және Бабыл қалаларында болғаны айтылады. Әлеуметтік желіде тараған видеоларға қарағанда, жиналғандар биліктің отставкаға кетуін талап еткен. Сондай видеолардың бірінде жиналғандарды сумен атқылап таратпақ болғаны байқалады. Парсы тілінде хабар тарататын халықаралық БАҚ дерегінше, шеруге жиналғандарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданылған.

Ал әлеуметтік желідегі жазбаларда билікті жақтаушылар да, оған қарсылар да мейлінше науқанды қыздыра түскен. Жақтаушылар ұшақ апатын мойнына алғандарды дәріптей жөнелсе, наразылар шеруден видео таратып, режимге қарсы үндеген. Арасында басу айтып, шеруге шыққандарды «дұшпанның диірменіне су құймауға шақырған» жазбалар да кездеседі.

МОЙЫНДАУ МӘЛІМДЕМЕСІ

Иран қарулы күштері бас штабының мәлімдемесінде, 8 қаңтарда Украинаның жолаушылар ұшағы ислам сақшылары корпусы орталығының үстінен айналып ұша бергенде күдікті көрініп нысанаға алынғаны айтылады. Ұшақты атып түсіруін Иран «адам факторынан болған қателік», «қасақана әрекет емес» деп түсіндіруге тырысып, апат құрбандарының туыстарынан кешірім сұраған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иран украиналық ұшақты әскерилердің "қателесіп" атып түсіргенін мойындады

Бес пункттен тұратын мәлімдеменің алғашқы екі пунктінде Иранның Америка тарапынан төнген ықтимал қатерге «жоғары дәрежеде» дайын болғаны және «зымыран операциясынан кейін Америка әскери ұшақтарының әуеге көтерілуі жиілегені» айтылады. Мәлімдемеге қарағанда, «радарда байқалған» осы ұшақтардың Ирандағы «стратегиялық орталықтар тарапын нысанаға алуы туралы» кейбір мәлімет Иран жағының «қобалжуын арттыра» түскен. Бесінші пунктте мейлінше тез арада «корпустағы тиісті жауапты тұлғалардың» БАҚ алдына шығып, халыққа жағдайды түсіндіруге міндеттелгені айтылған. Бас штаб осы мәлімдеме арқылы жолаушылар ұшағын қай әскери бөлім атып түсіргенін атап отыр. Ислам сақшылары корпусы – Иран қарулы күштерінің құрамдас бөлігі.

«АПАТ» ПА, ӘЛДЕ «ОҚИҒА» МА?

Қаңтардың 3-і күні Иракта АҚШ ирандық әскербасы Касем Сүлейманидың көзін жойып, оқиға жауапкершілігін мойнына алғаннан кейін Иран 8 қаңтарға ауған түні «кек қайтару» үшін Американың Ирактағы екі базасын зымырандармен атқылаған. Осы оқиғадан бірер сағат өткенде Тегераннан Киевке ұшып шыққан украиналық ұшақ санаулы минуттан соң Иран астанасы маңына құлады. МАУ компаниясының Boeing 737 ұшағындағы 176 адамның барлығы қаза болды. Ұшақта алты елдің азаматы болған. Оның ішінде көбі – Иран азаматы. Одан кейін аталатын Канада азаматтарының дені – Канада азаматтығын алған ирандықтар. Оқиға тексерілмей жатып, бірден ұшақтың «техникалық себептен құлағаны» туралы ақпарат тараған. Оның соңы түрлі күдік-күман туғызды. Әсіресе, 10 қаңтар күні ұшақ құлаған маңайдың арнайы техникамен тазалануы ерекше назар аудартқан.

Украиналық ұшақ құлаған аймақ. Тегеран, 8 қаңтар 2020 жыл.

Ұшақ апаты туралы тексерістің алғашқы нәтижесі жарияланғаннан кейін Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф құрбан болғандардың туыстарынан кешірім сұрап, президент Хасан Роухани «қатты өкініш» білдірді. Иран президенті Роухани генерал Сүлейманидің қазасынан кейін Америка тарапынан қатерлі атмосфера қалыптасып, Иранның қарсы соққы беруге әзір болғанын айтады. «Өкінішке орай, осындай адам қателігі және шатасып атудың салдары ондаған күнасыз адам құрбан болған жан түршігерлік апатқа себеп болды» делінген президент мәлімдемесінде.

Генерал Сүлейманидің қазасынан кейін «кек алуға» үндеген Иранның жоғары басшысы, бас қолбасшы, ислам революциясының жетекшісі Әли Хаменеидің мәлімдемесі тексеру нәтижесі белгілі болған соң, бірнеше сағаттан кейін барып жарияланды. Бас-аяғы бес-алты сөйлемнен тұратын қысқа мәлімдемеде ол қайғының «ауырлай түскенін» айтады. Президент те, жоғары басшы да тиісті сала басшыларын алда мұндай оқиғаны «ешқашан қайталанбайтындай» шара қабылдауға шақырған. Бірақ өкініш білдірген Роухани «апат» жайлы айтса, Хаменеи «оқиға» туралы сөйлейді. Бұған дейін ел үкіметі «оқиға» туралы ресми мәлімдемесінде Американың Ираннан ұшақты Иранның өзі атып түсіргені туралы мәліметін «өтірік» деп атап келген. Ал 9 қаңтарда Канада премьер-министрі Жастин Трюдо Тегеран маңында құлаған ұшақты «Иран зымыраны атып түсіргенін» мәлімдеді.

ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДЕГІ «ЭЛЕМЕНТ» КІМ?

11 қаңтарда оқиғаға тікелей жауапты делінген Сақшылар корпусының әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы Әмир Әли Хаджизаде баспасөз мәслихатында арнайы мәлімдеме жасап, ұшақ апатына байланысты «барлық жауапкершілікті» өз мойнына алды. Айтуынша, әуеге шабуылына қарсы жүйеге жауапты оператор 10 секундтың ішінде шешім қабылдап, оның соңы осындай апатқа соқтырған. Тәртіп бойынша, оператор басшылықты құлағдар етуге тиісті болғанымен, сол күні ол байланысқа шықпаған.

Бұған қоса қарулы күштердің жауапты өкілі азаматтық авиацияға хабарласып, әуе кеңістігін «тазалау» жайлы да ескертпеген. «Азаматтық авиация ұйымы тек өздерінің білгені бойынша әрекет қылған. Мен оларды қорғаймын, олардың кінәсі жоқ» деген Хаджизаде үкіметті де, әуежайды да ақтап сөйлеген. Сөз арасында ол «біздің элементтердің бірі жауапты» дейді. «Элемент» сөзі Иранда әдетте саяси жүйеге қарсы пиғылдағы адамдарды меңзегенде айтылады.

Хаджизаде баспасөз мәслихатында оқиғаның алғашқы сағатында-ақ мән-жайдан хабардар болғанын және дереу басшылыққа хабарлағанын кем дегенде үш рет айтып өткен. Ол өзінің әуе апаты алдында Америкаға қарсы әскери операцияға байланысты елдің батысында болғанын әлденеше мәрте қайталайды. Айтуынша, әскерилер де ұшақ апатында жақындарынан айрылған. «Оқиғаның барысына көз жеткізгенде, осыны көргенше, өліп кетсем игі еді деп тіледім»,- дейді сақшылар корпусының әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы.

Иран басшылығы апат жауапкершілігін мойнына алғанға дейін сарапшылар ұшаққа атылған зымыранның Ресейде шығарылған «Тор - М1» зениттік-зымырандық кешенінен атылғанын айтқан. Оған себеп – оқиға орнынан табылған зымыранның оқтұмсығы болатын.

Иранның түрлі дәрежедегі өкілдері мен басшылары апат болғаннан бергі үш күнде оның атып түсірілгені туралы мәліметті үнемі жоққа шығарып отырған және бұл жергілікті БАҚ-та да көрініс тапты. Үш күн бойы ұшақтың зымыранмен атылуы мүмкін екенін үзілді-кесілді жоққа шығарып келген нысанның бірі - азаматтық авиация ұйымы.

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)