ТРАМПТЫҢ ЗӘЙТҮН БҰТАҒЫ
"Америка халқы алаңдамаса болады. Америкалықтар мен ирактықтар дін аман". АҚШ президенті Дональд Трамп қаңтардың 8-і күні жасаған мәлімдемесін осылай бастады.
Иран баллистикалық зымырандарымен шабуылдаған Ирактағы базада әскерилері болған Германия, Дания, Норвегия және Польша да азаматтарының аман екенін айтқан. Иранның ресми ақпарат құралдары қаңтардың 8-і күні таңертең 80 америкалық әскеридің қаза тапқаны туралы хабарлаған еді.
АҚШ президенті Иранға қарсы жаңа экономикалық санкциялар енгізілетінін мәлімдеді. Трамп АҚШ Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермейтінін айтып, Тегеранды Ливандағы "Хезболла" сияқты террористік топтарға қолдау көрсетуді доғаруға шақырды. АҚШ президенті НАТО одағын "Таяу Шығыста бұрынғыдан белсендірек" болуды сұрады, бірақ нақты қандай "белсенділік" екенін ашып айтпады. Трамп қысқа мәлімдемесінің соңында "Иран басшысы мен халқына" қарата сөз сөйлеп, кикілжіңді бейбіт жолмен шешуге дайын екенін білдірді. Оның сөзінше, АҚШ пен Иранның "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобына қарсы күресі қос тараптың ортақ мүдделері барын көрсеткен.
АҚШ-Иран кикілжіңі қалай өрбігенін еске түсірелік:
- Желтоқсанның 27-і күні АҚШ-тың Ирактағы Киркук қаласында орналасқан әскери базасын зымыранмен атқылау кезінде сонда келісімшарт негізінде жұмыс істейтін Иракта туған АҚШ азаматы қаза тауып, бірнеше адам жараланған.
- АҚШ шабуылға өңірдегі Иранды жақтайтын әскери топтарды айыптап, олардың Ирак пен Сириядағы нүктелеріне соққы жасады.
- 2019 жылдың соңғы күндері Бағдадта Иран күштерін жақтаушылар жаппай тәртіпсіздік бастап, АҚШ елшілігіне шабуыл жасады. Вашингтон бұған Иранды айыптады.
- Қаңтардың 3-і күні АҚШ Иракта әуе шабуылын ұйымдастырып, Иранның сырттағы операцияларға араласатын "Құдс күштерінің" қолбасшысы Касем Сүлейманиді, оған жақын бірнеше адамды, сондай-ақ Иранды жақтайтын "Халықтық мобилизация күштері" тобының басшысы Әбу Махди әл-Мұхандисті өлтірді.
- Иран билігі Сүлеймани өлімі үшін кек қайтаратынын мәлімдеді. Қаңтардың 8-і күні Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларын баллистикалық зымыранмен атқылады.
Иранның сыртқы істер министрі Джавад Зариф "Иран өз азаматтары мен жоғары шенді қызметкерлеріне шабуыл жасалған базаларды атқылау арқылы БҰҰ Хартиясының 51-бабына сәйкес, қорғаныс шараларын қабылдады. Біз соғысқа ұмтылмаймыз, бірақ кез келген агрессиядан қорғанамыз" деген мәлімдеме жасады.
Иран президенті Хасан Роуханидің реакциясынан дипломатиялық леп байқалмады. Ол "америкалықтар генерал Сүлейманидің қолын жұлып алса" (кей деректер бойынша, зымыран соққысынан генералдың қолы ғана қалған), Иран оған жауап ретінде "Американың Таяу Шығыста тұрған аяғын кеседі" деп мәлімдеді.
Reuters агенттігі Иран телеарналарының АҚШ базаларын шабуыл жайлы хабарлағанда "Енді ол (генерал Сүлеймани) тыныш ұйықтаса болады, кек қайтарылды" дегеніне назар аударды. Агенттік шолушылары "АҚШ шабуыл нәтижесінде үлкен шығынға ұшырамағандықтан, Вашингтон мен Тегеранға қазіргі текетірестен шығуға мүмкіндік бар" деген пікір айтты.
ТЕГЕРАН ЕСЕПТІ ТЕҢЕСТІРДІ МЕ?
Жағдайдың ары қарай қалай өрбитіні туралы сарапшылар пікірі екіге жарылды. Джонс Хопкинс университетінің сарапшысы Стивен Дэвид "Америка даусына" берген сұхбатында Иран Касем Сүлейманидің өлімі үшін кек қайтаратыны анық болған. Бірақ Дэвидтің пікірінше, Иран АҚШ-тың Ирактағы базаларын атқылау кезінде күтпеген екі жағдай болды. Біріншіден, соққы Ирактағы Тегеранды жақтайтын күштердің қолымен емес, Иран территориясынан тікелей жасалды. Екіншіден, қысқа қашықтықтағы тактикалық зымырандар емес, әлдеқайда қуатты баллистикалық зымырандар атылды. Сарапшының пікірінше, бұл екі жағдай арқылы Тегеранның Сүлейманидің өлімі үшін кек қайтару акциясын ашық қолдап, оған ресми сипат бергенін аңғаруға болады.
Халықаралық дағдарыс тобының (ICG) Иран бойынша жетекшісі Әли Ваез Иранның кек қайтару әрекетінің символикалық мәнге ғана ие болғанын атап өтті.
- Зымыран құрылғыларының көзге түсетін қозғалысы немесе арадағы делдалдар көмегімен белгі беру арқылы Тегеран АҚШ-қа ескерту жасап, құрбан санын азайтуға тырысқаны анықталса, таңғалмаймын. Енді доп Трамптың жағында, – деді ол.
Халықаралық қауіпсіздік саласындағы ресейлік сарапшы Юрий Федоров Таяу Шығыста жаңа соғыс болуы мүмкін екенін айтады.
"Иранның ядролық бағдарламасы Израиль, Сауд Арабиясы мен басқа мемлекеттерге қауіп төндіреді. Тегеран Израильді жойып жіберу ниеті барын жасырмайды. Бірақ екінші ядролық геноцид болмайды. Израиль Иранның негізгі әскери және ядролық нысандарына ескерту соққысын жасауы мүмкін… Израильде бесінші деңгейлі F-35 ұшағының 14 данасы (жалпы 50 данасына тапсырыс берілген) мен "Иерихон-2" және "Иерихон-3" зымырандары бар. Оларды жақсы зымырандар деп айтады. Иранның әуе зымырандарынсыз қалуы Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен соғыс қаупін толық жоймаса да, азайтуға мүмкіндік береді" дейді ол.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қаңтардың 8-і күні "бізге шабуыл жасағандар жойқын соққы алады" деп мәлімдеді.
Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеи Иран телеарнасы арқылы мемлекеттің АҚШ-қа шапалақ жегізгенін, Тегеран америкалықтарды Таяу Шығыстан шығаруды көздейтінін айтты. Хаменей Вашингтонмен Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөз жүргізу тоқтайтынын хабарлады.
Еуропа комиссиясының жаңа басшысы Урсула фон дер Ляйен 8 қаңтарда Еуроодақ 2015 жылы бекітілген Иранның ядролық келісімін сақтап қалу үшін бар күшін салатынын айтты. Брюссель Иранның сыртқы істер министрі Джавад Зарифті келіссөздерге шақырып үлгерді. Бірақ кездесу күні әлі белгіленген жоқ. Дональд Трамп өз мәлімдемесінде ядролық келісімді бұрынғыша "пайдасыз" көретінін айтып, Германия, Ресей, Ұлыбритания, Қытайды келісімнен бас тартуға шақырды.
- Иран мен алты держава (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесі мен Германия) 2015 жылы Иран ядролық келісіміне қол қойған. Келісімге сай, Тегеран ядролық қару жасамауы тиіс. Жауап ретінде АҚШ пен Батыс елдері Иранға салынған санкцияны алып тастайтын болған.
- Дональд Трамп бірнеше рет бұл келісімді сынап, құжатты Иранның ядролық қарудан бас тартуына кепілдік бермейтін "нашар келісімшарт" деп атаған.
- 2018 жылы мамыр айында АҚШ ядролық келісімнен шығып, Иранға қарсы санкцияларын қайта енгізді.
- 2019 жылы Сүлейманидің өлімінен соң Иран келісімде көрсетілген кей шарттарды орындаудан бас тартатынын мәлімдеп, АҚШ шешімін өзгертсе, келісімге қайта оралуға қарсы емес екенін білдірді.
БҰЛ ЕУРОПА МЕН РЕСЕЙГЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Прагадағы халықаралық қатынастар институты жанындағы еуропалық қауіпсіздік орталығының директоры Матуш Галас Иран ядролық келісімі бұрыннан жұмыс істемей келгенін айтады
- Ядролық келісімі өлді деуге болады. Еуропа саясаткерлерінің Иранның АҚШ базаларына жасаған шабуылын сынады, генерал Сүлейманидің көзін жою операциясын да қолдамады. Бұл – ядролық келісімді сақтап қалуға талпыныс емес, әскери қақтығыстың кез келген түріне қарсылық білдірудің амалы. Ядролық келісім қазіргі жағдайға дейін де жұмыс істемейтін құжатқа айналған. АҚШ-тың келісімнен шығуы мұны анық көрсетті. Иранның уран байыту көлемін келісімде көрсетілген мөлшерден арттыру туралы соңғы мәлімдемесі – әлдеқашан дайын болған. Мәлімдеме табыттың соңғы шегесін қағумен тең болды, – дейді Матуш Галас Азаттыққа.
– Еуропалықтардың бейбітшілікті сүйгені соншалық, оларға Вашингтонның Сүлейманиді өлтіріп, бұл текетіресте есеп ашқаны да, Тегеранның америкалық базаларды атқылап, "есеп теңестіргені де" ұнамай ма?
– Иран "есеп теңестірді" деп ойламаймын. Біздің бағамызға сәйкес, Иранның генерал Сүлейманиді жоғалтуы АҚШ-тың әскери базаларына жасалған соққыға қарағанда әлдеқайда үлкен шығын болды. Иран мұны пропорционалды жауап деп атайды. Қос тараптың ешқайсысы кикілжіңді ары қарай өршітуге, кең көлемді соғысқа жеткізуге мүдделі емес.
– Еуропа туралы айтсақ, қазіргі жағдай Еуроодақ пен Ресейдің тактикалық тұрғыдан жақындасуына ықпал етуі мүмкін бе? Германия канцлері Ангела Меркель Владимир Путинмен келіссөз жүргізуге Мәскеуге бара жатыр. Талқылауға әдеттегідей Украина тақырыбы емес, Таяу Шығыс мәселесі арқау болып отыр…
– Бұл үшін АҚШ пен Иран арасындағы кикілжің әлдеқайда күрделі жағдайға жетуі керек еді. Қазіргі жағдайда Еуроодақ пен Ресей тактикалық одақ құра қоймайды. Өйткені бірнеше бағыт бойынша олардың мүдделері мүлде сәйкес келмейді. Мысалы, 2003 жылы Ресей, Франция мен Германия Ирактағы америкалық-британдық операцияға бірлесіп қарсылық білдірді. Бірақ қазіргі жағдайда Тегеран мен Вашингтон кез келген қақтығысты болдырмауға барынша тырысып жатыр.
– 10–12 жыл бұрын Орталық және Шығыс Еуропаға зымыранға қарсы америкалық қорғаныс жүйесін орналастыру Батыс пен Ресей арасындағы саяси шиеленіске себеп болды. АҚШ зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің Ресей емес, Иран тарапынан жасалатын шабуыл қаупін еңсеру үшін қойылғанын әуел бастан ашып айтты. Кремль бұған сенген жоқ және қарсылық көрсетті. Иранмен кикілжің ушыққан жағдайда бұл қорғаныс жүйесінің шынымен пайдасы болуы мүмкін бе?
– Иран Сүлейманидің қазасы үшін Еуропа қалаларын зымыран соққысын жасағанда бұл қорғаныс жүйесінің негізгі мақсаты туралы дауға нүкте қойылар еді. Бірақ қазір бәрі тыныш. Біз Иранның жауабын көрдік: ол АҚШ-тың Ирактағы нысандарына шабуыл жасады. Еуропаның шығысындағы қорғаныс жүйесі әуел бастан Иран иелік ететін осындай типтегі зымырандарға қарсы құрастырылған. Қорғаныс жүйесі Ресей зымырандарына қарсы тұруға қауқарсыз. Бұл – техникалық факт. Қазіргі кикілжің еш өзгеріс әкелген жоқ. Ресейдің мәлімдемесі іс жүзінде дәлелденбеді. Қалай болғанда да, Румыниядағы екі нысан мен Польшадағы бір жерде орналасқан жүйе (оны іске қосу баяу жүргізілді) Таяу Шығыстағы кикілжің қазіргіден де ушыққан жағдайда Еуропаны қорғау үшін өте маңызды рөл атқарады, – дейді Прагадағы халықаралық қатынастар институты жанындағы еуропалық қауіпсіздік орталығының директоры Матуш Галас.
- Иран Таяу Шығыстағы ең ірі зымыран арсеналына ие.
- Оның нақты саны белгісіз. Бірақ АҚШ-тағы Халықаралық және стратегиялық зерттеулер орталығының дерегінше, арсенал құрамында кемі 10 типтен тұратын мыңдаған зымыран бар.
- Иран қарулы күштері мен Ислам революциясының сақшылары корпусында баллистикалық зымыран ұшыратын елу, жақын қашықтықтағы зымыратын ұшыратын жүздеген құрылғы бар.
- Ең ұзақ қашықтыққа ұшатын ирандық зымыран – 1500-2500 километрге жететін "Шахаб-3".
- Иран құрлықаралық баллистикалық зымырандар құрастыруды қолға алды деген дерек бар.
(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Ярослав Шимовтің мақаласы аударылды)
ПІКІРЛЕР