Осы аптаның басында ұлты түрік футболшы Месут Озил енді Германия құрамасында ойнамайтынын мәлімдеді. Ол Германия футбол федерациясының президенті Райнхард Гриндельді расизмге жол берді деп айыптайды.
ШУ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
2018 жылы мамырдың 14-і күні Месут Озил мен тағы бір Германия құрамасының ойыншысы, ұлты түрік Илкай Гюндоган Түркия президенті Режеп Тайып Ероғанмен кездесіп, суретке түскен.
Гюндоган өзі ойнайтын «Манчестер Сити» футбол клубының жейдесін Ердоғанға сыйға тартқан. Жейдеде түрікше «Менің құрметті президентіме» деп жазылған еді. Фотоны сол уақытта Ердоғанмен бірге сайлауға дайындалып жатқан «Әділет және даму партиясының» Instagram парақшасында жариялады. Осыдан кейін Германияда жанкүйерлер Озил мен Гюндоганның Ердоғанмен кездесуін жаппай сынай бастады.
Германия футбол федерациясының президенді Райнхард Гриндель Ердоғанды «құндылықтарға бей-жай қарады» және «екі футболшыны өзінің сайлауалды үгіт-насихатына пайдаланды» деп айыптады. «Германияға альтернатива» партиясы екі футболшыны ұлттық құрамадан шектеуді ұсынды. Демалыста жүрген Озил мен Гюндоган мамырдың 14-і күні шұғыл түрде Берлинге келіп, Германия президенті Франк-Вальер Штайнмайермен, үлттық құрама бапкері Йоахим Левпен кездесті. Штайнмайер екі футболшымен сөйлесіп, «түсініспеушілікті шешкендерін» жазды. Осыдан кейін дау басылғандай болған.
ДАУ ҚАЛАЙ ӨРШІДІ?
Германия құрамасы бір ай бұрын Ресейде аяқталған әлем чемпионатында Мексика мен Оңтүстік Кореядан жеңіліп, топтық кезеңнен шыға алмай қалды. Осы сәтсіздіктен кейін Германияда Озил-Гюндоган-Ердоған үштігінің фотосы қайта талқылана бастады. Шілденің 8-і күні Германия футбол федерациясының президенті Райнхард Гриндель Озил мен Гюндоганнан әрекеттеріне жауап беруді талап етті. Гюндоган ашық түрде кешірім сұрамаса да, бұл әрекетінде саяси астар жоқ екенін айтты. Ал Озил ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Тек жарты айдай уақыт өткен соң Twitter желісіне хат жариялап, Германия құрамасынан кеткенін хабарлады.
ОЗИЛДІҢ ХАТЫНДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?
Месут Озил хатында Германия жанкүйерлері мен шенеуніктерінің әрекетін «расизм және кемсітушілік» деп бағалады.
«Біз жеңіске жеткен кезде Гриндель мен оның одақтастары алдында неміспіз, ал жеңілген кезде иммигрантпыз. Германияда салық төлеп жатырмын. Германиядағы мектептерге көмектесіп тұрамын. Германия құрамасымен әлем чемпионатын жеңдім. Бірақ қоғам мені қабылдамады. Мені олар «басқа» деп санайды. Неміс қоғамын біріктіргенім үшін марапаттар алдым. 2015 жылы неміс футболының елшісі болдым. Сонда мен неміс емеспін бе? Лукас Подольски мен Мирослав Клозе сынды достарымды польшалық немістер деп атамайды. Сонда мен не үшін түркиялық неміс болуым керек?» деп жазды футболшы өзінің хатында.
Месут Озил кім?
Месут Озил кім?
Месут Озил 1988 жылы Германияның Гельзенкирхен қаласында туған. Әкесі Мустафа Озил 20 жасында Түркиядан Германияға көшкен. Месут Озил Германияның «Вердер», Испанияның «Реал» командаларында ойнаған. Қазір Англияның «Арсенал» клубының ойыншысы.
Германия құрамасында тоғыз жылда тоқсаннан астам ойын өткізіп, 23 гол салған. Германия құрамасы сапында 2014 жылы әлем чемпионы атанған. Футболдан Германия, Испания және Англия чемпионы.
Озилдің сөзінше, Германия футбол федерациясы мен басқалардың әрекеті «ұлттық құрама формасын қайта киюге деген ықыласын жойған». Футболшы өз хатында Ердоғанмен фотоға түскеннен кейін Mercedes-Benz компаниясы жарнамалық келісім-шарттан бас тартқанын да жазды.
«Сыйламаушылық пен расизм бар кезде Германия құрамасында ойнамаймын деп шештім. Германия құрамасының формасын мақтанышпен кигенмін. Бірақ бұл - өткен шақ. Неміс футбол федерациясының шенеуніктері менің түрік шыққан тегімді құрметтемей, мені пропаганданың құралына айналдырғысы келеді. Мен оған жол бермеймін. Мен бұл үшін футбол ойнамаймын. Қол қусырып отыра бермеймін. Расизмге шыдауға болмайды» дейді Месут.
МЕРКЕЛЬ МЕН ЕРДОҒАН НЕ ДЕДІ?
Шілденің 23-і күні Германия канцлері Ангела Меркель Месут Озилдің шешімін құрметтейтінін мәлімдеді.
«Канцлер Месут Озилді өте қатты құрметтейді. Ол ұлттық құраманың жеңістеріне көп үлес қосқан футболшы. Футболшының кез келген шешімі құрметке лайық» деді Меркельдің өкілі Ульрике Деммер.
Ал шілденің 24-і күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Озилге телефон шалғаны хабарланды.
«Дүйсенбі кешкісін Месут Озилге хабарластым. Оның әрекетінен патриоттық сезім байқалады. Германия құрамасы үшін тер төккен жас жігітке расистік көзқарас танытуды қабылдауға келмейді» деген Ердоған.
Ердоған бір ай бұрын Түркияда өткен кезектен тыс сайлауда 52 пайыз дауыспен жеңіске жетіп, тағы бес жылға сайланған.
Германия футбол федерациясы ресми мәлімдеме жасап, Озилдің расизм туралы айыбын жоққа шығарды. Бірақ мәлімдемеде «халық арасында шу тудырған фотоға қатысты Озил мен Гюндоган мәлімдеме жасау керек еді» деп жазды.
Футболшының әкесі Мустафа Озил ұлының шешімін қолдап: «Егер Месуттың орнында болсам мен де ұлттық құрамадан кетіп қала едім. Месуттың өз жанкүйерлері оны қорлады. Егер команда жеңілсе Озил кінәлі. Бірақ ол Германияны жақсы көреді» деді.
Берлин мен Анкара арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары нашарлай бастаған. Германия Ердоғанды 2016 жылы жазда іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен кейінгі жаппай қудалау саясаты үшін жиі сынап келеді. Германия канцлері Меркель Түркияның Еуропа одағына кіргенін «елестете алмайтынын» айтқан.
Германия мен Түркия 2024 жылғы Еуропа чемпионатын өткізуге өз кандидатурасын ұсынған. Еуро-2024 турнирін ұйымдастыратын ел биыл қыркүйектің соңында белгілі болады.
ФРАНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ ДАУ ЕСІҢІЗДЕ МЕ?
Ресейдегі әлем чемпионатында Франция құрамасы жеңіске жеткен соң америкалық тележүргізуші Тровер Ноа The Daily Show хабарында: «Құттықтаймын, Африка құрамасы әлем чемпионы болды. Егер олар Францияда жұмыссыз жүрсе және қылмыс жасаса, онда Африкадан келген мигранттар болады. Ал егер әлем чемпионатын жеңсе француздар болып шыға келеді» деген. Ноа Франциянда расизм және кемсітушілік бар деп айыптай сөйлеген.
Телехабардан кейін Францияның АҚШ-тағы елшісі Жерар Аро Ноаның сөзін жоққа шығарып: «ойыншылар Францияда білім алды және футбол ойнауды Францияда үйренді. Олар өз елдерін мақтан тұтады» деген.
Америкалық исламофобия бойынша зерттеуші Халед Бейдунның Twitter парақшасында Францияға қарата: «Ұлттық құрамадағы ойыншылардың 80 пайызы – африкалықтар. Сондықтан расизм мен ксенофобиядан құтылыңыздар. Құрамадағы футболшылардың 50 пайызы – мұсылмандар. Сондықтан исламофобиядан арылыңыздар» деп жазды. Бейдунның бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
Шілденің 15-і күні Ресейде аяқталған футболдан әлем кубогының финалында Франция құрамасы Хорватияны жеңіп, чемпион атанған.